Алматыда полицейлер Қырғыз Республикасында адам өлтіргені үшін іздеуде жүрген ер адамды ұстады. Күдіктіні экстрадициялау туралы мәселе қарастырылып жатыр. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство мәліметі бойынша, күдікті шамамен – 32 жаста. Ол Қырғыз Республикасы ІІМ-нен Алматыда жасырынып жүрген. «Күдіктінің Алматы қаласы аумағында жасырынып жүргені туралы ақпарат келді. Жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп, нәтижесінде ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Күдіктіні экстрадициялау мәселесі халықаралық шарттарға сәйкес шешіледі», – деді Алматы қаласы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Рүстем Әбдірахманов. АКИpress мәліметіне сүйенсек, Бішкектегі «Құдайберген» базары маңында болған адам өліміне қатысы бар күдікті ұсталған. 3 сәуірде Артур Богдановты шамамен түстен кейінгі уақытта өлтіріп кеткен. Сол күні оған үш досы жұмысқа барады, ол жерде 32 жастағы туысы Николай Алексеев те болған. Кейін олардың арасында жанжал туып, арты төбелеске ұласқан. Алексеев оған пышақ жарақатын салған. Богданов сол жерде қайтыс болады. Алексеев оқиға орнынан қашып, Алматыда жасырынған. Қырғыз Республикасында оған іздеу жарияланады. Күдікті Алматы қаласында ұсталды. Бішкек ІІББ және Алматы Полиция департаменті қызметкерлері Алексеевтің қайда жасырынғанын анықтаған.А.ЕРСҰЛТАН