11 мамыр күні Татарстан астанасы Қазан қаласындағы №175 мектепке 19 жастағы жігіт қарулы шабуыл жасап, 11 адамды мерт қылған болатын. Осы жантүршігер оқиғадан кейін жалпы білім ордаларындағы қауіпсіздік мәселесі көпті толғанта бастады. Негізі, бұл Ресей жеріндегі білім мекемесінде болған алғашқы теракт емес. 2018 жылы Керчь қаласындағы политехникалық колледжде 4-курс студенті жарылыс жасап, кесірінен 21 адам қаза тапқан болатын. Ал Қазақстан осы трагедиялардан қандай сабақ алғаны жөн? Білім ордаларындағы қауіпсіздікке көңіл тола ма?
Бейнебақылау қауіптің алдын алмайды
Аталған оқиға еліміздегі мектептердің жайына еріксіз назар аудартты. Себебі жалпы қоғамның осал тұсы – балалар екені сөзсіз. Көпке ұзаған жоқ, мәселе демде Парламент Мәжілісі қабырғасында сөз болған. Депутат Андрей Линник Үкімет басшысы Асқар Маминге сауал жолдап, мектептердегі қауіпсіздікті бір пысықтап алуды сұраған. Оның айтуынша, оқушылар қауіпсіздігі мен қару-жараққа байланысты кейбір заңнамаларға өзгеріс енгізген абзал. «Оқиға көрші елде болды. Дегенмен біздегі мектептердің қауіпсіздігін күшейтуге назар аудартады. Мәселен, мемлекеттік органдардың ғимаратын әскери күзет қарауылдайды. Ал оқу орындарында арнайы дайындығы жоқ азаматтар мен зейнеткерлер күзетші болып жүр. Оның қараусыз қалған жерден айырмасы жоқтай», – дейді Андрей Линник. Осыны ескерген депутаттар бірнеше мәселені қайта қарауды талап еткен еді. Әуелі білім ордаларын арнайы мамандандырылған күзет жасағы қарауылдап, күзетшілерге қару ұстауға рұқсат беруді және оларға мүліктік кешенді ғана емес, адамдардың қауіпсіздігін де қорғау міндетін жүктеуді атады. Екіншіден, мектеп психологтері мен учаскелік инспекторлардың жұмысын күшейтуді айтса, үшіншіден, атыс қаруын алып жүруге, сақтауға рұқсат беруге бақылауды күшейтуді, лицензия беру жасын 18-ден 24 жасқа дейін өсіріп, қару-жарақ лицензиясын алу кезінде психикалық денсаулық пен есірткіге тәуелділікті тексеру үшін жауапкершілігін арттыруды сұрады. Елімізде 21 жастан бастап ішімдік сатып алуға рұқсат беріледі. Ал бір қызығы, қаруға лицензия алу жасы 18-ден басталады. Аңғарсақ, аталған ұсыныстарды негізсіз дей алмаймыз. Үкімет 2015 жылғы 3 сәуірде «Террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы» №191 қаулы қабылдаған еді. Қаулыға білім беру ұйымдары мен оған іргелес ашық аумақтар да енгізілген. Көрсетілген қаулыға көз жүгіртсек, сыйымдылығы 3 мың оқушыға дейінгі білім беру объектілері міндетті түрде телевизиялық бейнебақылау жүйесімен жарақтандырылуы тиіс. Ал сыйымдылығы 3 мыңнан астам адам оқитын білім беру объектілерінде бейнебақылаудан басқа күзет сигнализациясы құралдары, бақылау, кіруді басқару және хабардар ету жүйелері міндетті түрде болу керек. Бірақ мектептеріміз толыққанды қауіпсіз дей алмаймыз. Ең болмағанда күзет пен ғимаратқа кіреберістегі тексерісті күшейту қажет. Одан бөлек, қаруға қатысты тағы бір мәселе бар. Ресей Қазан трагедиясынан кейін әлеуметтік желі мен ғаламторда қару сатып алу, қолдан жасау жайлы дерек іздегендерді бақылауға ала бастады. Бұл тәжірибені өзгелер де ескергені жөн тәрізді. Алайда ең басты мәселе жастардың санасында екені анық. Адам ойындағы өзгерістерді бақылап отыру мүмкін бола қойса игі.Психологтер барлығын бақылауға қауқарсыз
Жұрт мектептегі қауіпсіздік жайын сөз етіп жатқанда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәселеге басқа қырынан қарағанға ұқсайды. Мұны оқиғаға қатысты жария еткен мәлімдемесінен аңғардық. «Бұл жерде тек бақылау камералары, өткізу режимі, күзет дабылы, дабыл түймелері, төтенше жағдайлардағы қызметкерлер мен оқушылардың мінез-құлқы мәселесін ескеру жеткіліксіз. Көп нәрсе нақты әрекеттерге байланысты. Психологиялық қызметтердің жұмысына қолайлы жағдай жасауға назар аудару керек» деген болатын министр. Қазанда 19 жастағы бозбаланың бір жаза басуы талай тағдыр иесін жайратып салды. Оның салдарын көрдік, сездік, ал себебін ескердік пе? Қылмыс жасаған жасөспірімді тергеу процесі әлеуметтік желілерге таралып кетті. Онда жас жігіттің психикалық ақауы бар екенін байқау қиын емес. Сондықтан әр баланың ішкі түйсігіндегі теріс бағыттарды дер кезінде біліп отырған жөн. Айтуға жеңіл, психолог Камила Күзембаева әр баланы жекелей бақылап отыруға мектеп психологтерінің мүмкіндігі жоғын алға тартады. – Мектептерде ары кетсе, 1-2 психолог маман қызмет етеді. Кейбір білім ордаларында мыңдаған бала оқиды. Ал психологтердің барлық баланы бақылауға алып, толықтай қамтуға мүмкіндігі жоқ. Мен бұл тұста әр баланың отбасындағы әлеуметтік жағдайы, мінез-құлқы туралы базаның жасақталғанын құптар едім. Жүк тек мектеп психологіне ғана емес, мұғалімдерге де түсіп тұрғанын ұмытпау қажет. Сондықтан мұғалім бір баланың тәртібінде, мінез-құлқында немесе сабақ үлгерімінде өзгеріс болса, соны байқап, ол баланы мектеп психологіне жібергені жөн. Бұдан соң кеңес беру, терапия жүргізілсе, аз да болса қауіптің алдын алуға болар еді. Бала агрессиясын қайда шашарын білмейді. Көбіне назар аудармасақ та, компьютерлік ойындардың тікелей әсерін ұмытып кетеміз. Қазір соның жетегінде кеткендер көп, бірақ маңызды нәрсе санамаймыз. Ойыннан алған әсер баланы трансқа түсіреді. Қару-жарақ ұстап, қылмыс жасауға қызықтырады, – дейді маман. Расында, Қазан трагедиясы әлем елдері сабақ алатын оқиға болды. Сірә, көрші елдегі үдерістер бізге де ескеретін дүниелерді көрсетіп отырады. Қазақстандағы білім ордалары толықтай қауіпсіз деп қорытындылай алмасымыз белгілі. Билік өкілдері бұған назар аударды, әйткенмен айтылған сөз сөз күйінде қала ма, әлде іске аса ма, ол жағы беймәлім.Мадияр ТӨЛЕУ