Қазақстан қолма-қол және қолма-қолсыз түрлерінен кейінгі теңгенің үшінші нысанын енгізуге кірісті. Ол – цифрлық теңге (ЦТ) деп аталады. Кейбір сарапшылар мұны криптовалютамен шатастырып жүр. Себебі арасында ұқсастық бар: мемлекет ЦТ-ға көшкеннен кейін қазақстандық жеке және заңды тұлғалар жеке электронды әмиянын ашады, ал цифрлық теңге сандар жиынтығы түрінде сол е-әмияндарға жазылады.
Мұның биткойннен несі артық?
Бірақ Ұлттық банк ЦТ-ның биткойннен көп ерекшеленетініне назар аудартты. Ең алдымен криптовалютаны бірде-бір мемлекет эмиссияламайды, демек оған ешкім жауапты емес. Ал цифрлық теңгені Ұлттық банктің өзі шығарады және оның бағамына өзі жауап береді. «Әлемде криптовалюталар және стейблкоиндер сияқты құбылыстардың кең таралуына байланысты цифрлық теңге де цифрлы активтердің осы санатына қате жатқызылуы мүмкін. Ішінара ұқсас технологиялық тәсілдерге негізделгеніне қарамастан, шынында криптовалюталар мен стейблкоиндер тіпті де ақша емес. Өйткені олар ақшаның барлық функциясын тұрақты орындамайды. Бұл активтер тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге жаппай және сөзсіз ақы төлеу үшін пайдаланыла алмайды. Сондай-ақ олардың есеп айырысу бірліктерінде көрсетілген құны тұрақсыз, салдарынан олар толыққанды құн өлшемі және айналыс құралы болуға жарамайды» деп түсіндірді ҰБ. Меморган төлем айналымының барлық қатысушысының мүддесі үшін ЦТ-ның орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге уәде етті: «Ұлттық валютаның бұл жаңа түрі экономиканың барлық субъектісіне төлемдер мен есеп айырысуларды жүзеге асырған кезде қолжетімді болады». Сонымен, цифрлық теңге – ұлттық валютаның жаңа түрі саналады және ол қайталанбайтын, бірегей цифрлар жиынтығы форматында шығарылады. Яғни, электронды әмияндарға ақша сомасына қарай цифрлар жиынтығы саулап құйылады. Тиісінше, азаматтар мен компаниялар есеп айырысқанда цифрлардың ретті тізбегі е-әмияндар арасында көшіп жүреді. Ұлттық банк тек электронды әмиянмен шектелмей, цифрлық платформаның өзге де технологиялық шешімдерін қарастырып жатқан көрінеді. Әр цифрлық жиынтық нақты теңгемен бекітіледі: 1 токен 1 теңгеге тең. Сонысымен де ЦТ «электронды ақшадан» ерекшеленеді. ҰБ мамандары осылар арасында айтарлықтай айырмашылық барына назар аудартты. Атап айтқанда, цифрлық теңге – тек ҰБ ғана шығара алатын ақшаның қосымша нысаны. Ол бүкіл еліміз бойынша және халықаралық деңгейде бірдей қолданыста болады. Ал электронды ақша – қандай да бір төлем жүйесінің инфрақұрылымы шеңберінде ғана қолданылады және оны соған кіретін жекеменшік ұйымдар шығара береді. Яғни, электронды ақша бір төлем жүйесі аясында ғана өз функцияларын орындайды, оған сол жүйенің иесі ғана жауапты. Мысалы, танымал банктің «Каспи бонусы», Технодомның «технобонусы» және басқасы электронды ақша болып есептеледі. Бұл бонустардың қанша күн қолданылатынын соны шығарушы компания шешеді және ол «ақша» кез келген күні «күйіп» кетуі мүмкін. Ұлттық банк цифрлық теңгенің жарамдылық мерзімі болмайтынын және тектен-текке жойылып кетпейтінін жеткізді. ЦТ-ның тағы бір артықшылығы бар: қолма-қолсыз ақша да, электронды ақша да интернеттің болуын талап етеді. Онсыз картамен не смартфонмен есеп айырыса алмайсыз. Ал технологиялық тұғырнама ғаламторға қосылмай-ақ цифрлық теңгемен алмасуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ ЦТ онлайн-транзакциялар үшін де пайдаланылатын болады.Цифрлық валюта ортақ валютаға жол ашпақ
2021 жылғы дерек бойынша, осы мәселеде алға шыққан әлемдегі 65 тәуелсіз мемлекеттің 60%-ы цифрлық валюта технологияларын сынақтан өткізіп жатқан көрінеді. Соның ішінде 14%-ы төл пилоттық жобаларын жүзеге асыруда. Қазақстан да осы елдер қатарында: 2020 жылғы қарашада Ұлттық банк ЦТ енгізу жобасын зерттеуге кіріскенін жариялады. Ал күні кеше, 2021 жылғы мамырдың орта шенінде тиісті жобаның тұсауын кесті. Алда оны ендіру кезеңі қалады. Сарапшылар осы тұста әр елдің төл цифрлық валютасы жобасына жеке атау бергеніне назар аудартады. ҚХР-дың Халық банкі оны «DC/EP» деп атады. Швецияның орталық банкі – e-Krona, Уругвайдың орталық банкі – e-Peso, Украинаның ұлттық банкі – e-Hryvnia, Бағам аралдарының орталық банкі – Sand Dollar, Шығыс Кариб орталық банкі – DXCD, Сингапур валюталық басқармасы – Ubin, ал Канада банкі – Jasper деген ат берді. Қазақстан әзірше Ресей одақтасы (цифровой рубль) секілді «цифрлық теңге» деген шартты атауды пайдалануда. Дегенмен бірқатар сарапшы ЦТ өмірге жолдама алар түста оған жаңа ат таңылуы, мәселен «алтын» деген атты иеленуі мүмкін деп болжауда. Ерболат Досаевтың ұжымы цифрлық теңге қолданыстағы қолма-қол және қолма-қолсыз ақшаны ауыстырмайтынын, тек ақшаның қосымша түрі ретінде солармен қатар жүретінін мәлімдеді. Осынысымен де ол шығыс көршінің цифрлық валютасынан ерекшеленгелі тұр. Әйтпесе, Қытай цифрлық валюта алдағы уақытта юаньның өзге түрлерін толық алмастыратынын жариялады. Өйткені сейфтер мен шабадан толы шытырлаған ақшаның қозғалысын бақылау өте қиын. Технология дамыған сайын электронды ақшаның ізін жасыру схемалары көбейген. Ал цифрлық валютаның электронды әмияндар арасындағы қозғалысын қадағалау оңайырақ. Мемлекет эмиссиялайтындықтан, мұндай валютаны бұғаттап тастау әлдеқайда жеңіл көрінеді. Қазір цифрлық валюта негізінен пилоттық жоба деңгейінде қалды. Тек екеуі ғана бәрінен озып кетті: Бағам аралдары мен Камбоджа пилоттау сатысын аяқтап, цифрлық валюталарын ұлттық деңгейде пайдалануға көшті. Өйткені бұл елдердің аралдарда, бір-бірінен алыс қонған елді мекендерінде банк жүйесі жеткілікті дамымаған, қаржылық ұйымдар желісі таралмаған. Цифрлық валюта осы мәселені шешуге серпін беріпті. Сонымен қатар қаржылық қызметтердің шығындарын азайтып, транзакциялар тиімділігін арттырған. Цифрлық валюта (ЦВ) ортақ валютаға көшу үрдісіне түрткі болатынға ұқсайды. Бірқатар ел бірлескен ЦВ жобасын жүзеге асыруда. Олардың арасында Гонконг–Таиланд, Сингапур–Канада, Еуропа–Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері–Сауд Арабиясы бар. Айталық, Еуропаның орталық банкі мен Жапония банкі 2017 жылдан бері DLT технологиясына негізделген Stella атты ортақ ЦВ әзірлеуде. Бұған қоса, Таиланд Банкі мен Гонконг валюта басқармасы Inthanon/LionRock цифрлық валюта пилоттық жобасын аяқтап қалды.Қылмыспен күреске үлес қосады
Терроризмді, сепаратизмді және экстремизмді «зұлымдықтың үштағаны» деп жариялап, кең ауқымды күреске кіріскен, соның аясында азаматтарының жүріс-тұрысын және қаржы шығысын қатаң бақылауға көшкен Қытай цифрлық юаньды алдағы 2022 жылы, Бейжіңдегі Қысқы олимпиада ойындары қарсаңында тездетіп толық айналымға жіберуді жоспарлауда. Нәтижесінде, ҚХР Халық банкі ЦВ енгізу саласындағы әлемдік лидерге айналмақ. Себебі АҚШ цифрлық долларды енгізу жобасын әзірше бастаған жоқ. Бағам мен Камбоджа болса, шың елімен терезе теңестіре алмасы анық. Қытайдың токенделген цифрлық валютасы Digital Currency Electronic Payment (DC/EP) платформасына негізделген. Платформа пайдаланушылардан банкте есепшот ашуды талап етпейді. Бірақ азамат не компания KYC (тұлғаны аутентификациялау) рәсімінен міндетті түрде өтуі шарт. Тұғырнама сондай-ақ қажет болған жағдайда транзакцияларды індете қадағалаудың техникалық мүмкіндігін береді. Бұдан бөлек, Alibaba, Tencent, UnionPay секілді алпауыт компаниялардың да алыс-берістері осы жүйеге көшіріледі. ҚХР цифрлық валютаға арналған инфрақұрылымы дайын екенін, серверлік инфрақұрылым жолға қойылғанын мәлімдеді. Бүгінде жаңа параметрлері мен функцияларын тестілеу, әлеуетін толыққанды қолдану ісі жалғасуда. Цифрлық юань 2020 жылғы сәуірден бері Қытайдың ірі 4 мегаполисінде тестілеуден өткен. Енді бірнеше провинциясында сыналып жатыр. Бұл ретте цифрлық валюта лотерея көмегімен таратылады. Көрші Ресей де «цифрлық рубльді» 2022 жылға қарай бірте-бірте енгізуді жоспарлап отыр. Егер Қазақстан соған дейін ЦТ-ны енгізе алса, одақтасының алдын орап кетеді. Біздің Ұлттық банк цифрлық теңгені енгізудің мақсаттары сәл өзгеше екенін жеткізді: ЦТ ұлттық төлем жүйесін ары қарай дамытуға, қазір жүзеге асырылған бірқатар бірегей технологиялық шешімдерге тәуелділікті азайтуға мүмкіндік бермек. ТМД Электронды ақша және ақша аударымдары нарығының қатысушылары қауымдастығының басшысы Виктор Достов бұл тақырып қаржыгерлер үшін өте қызықты екенін айтады. «Цифрлық валютаның биткоиннен айырмашылығы сол, ЦТ-ның бағамы әр токен үшін 1 теңгеге қатаң бекітіледі. Оның айналымын да толығымен Ұлттық банк бақылайды. Қолма-қол ақша да, қолма-қолсыз ақша да бар, сонда бұл неге керек деген сұрақ туады. Әрине, Қазақстанда қолма-қолсыз төлемдер үлесі еселеп артып келеді және 2020 жыл қорытындысында оның үлесі 67,4%-ға жеткен. Алайда оны қолдану өңірлер арасында біркелкі болмай тұр. Мысалы, негізгі үлес Алматы мен Нұр-Сұлтанға тиесілі. Яғни, қай жерде интернет пен телекоммуникация желісі жақсы дамыса, қай өңірде тұрғындардың қаржылық, компьютерлік сауаттылығы жоғары болса, соларда қолма-қолсыз төлем өркен жаюда. Ал цифрлық теңге өңірлер арасындағы осы ала-құлалықты жоюға мүмкіндік береді», – деді сарапшы. Себебі әлгінде айтылғандай, ЦТ көмегімен интернетке қосылмай-ақ төлеуге болады. Тағы бір қомақты айырмашылығы бар: Қаржы нарығын реттеу агенттігі комбанктердегі ақша жылыстату секілді кез келген манипуляцияларға тосқауыл қоя алады: қаржылық реттеуші қазіргідей банктік нормативтердің орындалуын бақылау орнына бүкіл ақша массасын ғана бақылайтын болады. Сонда бүкіл транзакция оған алақанға салғандай көрінеді. Яғни, ЦТ заңсыз ақшаны жылыстату мен заңдастыруға қарсы күресті пәрменді етеді, коррупцияға жойқын соққы береді. Құзырлы органдар әрбір «цифрлар жиынтығының» кімнің қалтасынан шығып, кімге бағыт алғанын оңай біледі. Қоғамда ақша айналымы қалай жүріп жатқанына қатысты билікте толық көрініс пайда болады.Айхан ШӘРІП