Вандализм бе, саяси қастандық па?
Вандализм бе, саяси қастандық па?
329
оқылды

Семей қаласындағы зи­рат­та белгілі қоғам қай­рат­кері, Қазақ КСР гимнінің ав­торы, Мемлекеттік сый­лықтың иегері, «алашорда­лық­тардың» соңғы тұяғы, абай­танушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың құлпыта­сын белгісіз біреулер қиратып кеткен. Олар құлпытастың бетіндегі марқұмның суреті салынған, туған-қайтыс болған жыл­дары көрсетіліп, бір шумақ өлең жазылған габбро тақта­тас­ты қақ ортасынан ауыр затпен ұрып, сындырып тас­таған. Мрамор құлпытастың өзі құлап қалмаған болса да, қирап тұр. Ғалымның ұл-қыз­дарының айтуынша, бұл затпен алғашқы жағдай емес. Әкелерінің ескерткіштеріне қатысты төртінші рет болып отырған оқиға.

Аруақты мазалап жүрген кім?

Қайым Мұхамедхановтың зираты осыдан 10 жыл бұрын да талқандалған екен. Ол жолы құлпытастың бетіндегі марқұмның суреті бар габбро тақташаны сындырмай шешіп алып, құлпытасқа сүйеп кеткен де, мықты темірден жасал­ған тор шарбақтарын кесіп алып, сол жер­ге лақтырып тастаған. Вандалдар бас­қа молаларға тиіспеген көрінеді. Сол кезде де осындай қоғамдық резонанс туып, бірақ оны жасағандар ақыры табылмаған-ды. Бір қызығы, оқиға сол 2011 жылдың 31 мамыры, тура Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болыпты. Әрі сол жыл Қазақстан тәуел­сіздігінің 20 жылдығы еді. Айтпақшы, осының алдында белгісіз біреулер ғалым тұрған үйдің сыртына ілінген мемориал­дық тақтаға бояу шашып кеткен болатын. Ол қоғам назарынан елеусіз қалса да, маңызы зор жайт еді. Екінші оқиға 2017 жылы болған. Семей қаласының қақ ортасындағы Абай көшесінің бойындағы алаңда орналасқан Қайым Мұхамедхановтың ескерткіш стелласындағы ғалымның фамилия­сындағы қола темірден құйылған ірі-ірі әріптердің үшеуін белгісіз біреулер шешіп алып кеткен. Алаңның тура жанында қалалық әкімдік пен Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимараты орналасқан. Оның үстіне, әрбір әріп бұрандалармен мықтап бекітілген. Сонда оны шаһар басшылығының тұмсығының астынан кім алып кетуі мүмкін? Жұмбақ күйі қалды. Ал ең қызығы, бұл жыл Алаштың 100 жылдығы болатын. Үшінші оқиға да күні кеше, қасиетті Рамазан айында, Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында, биылғы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай болып отыр. Қалай болғанда да, мұнда бір байланыс барын жоққа шығару­ға болмайды. вандализм «Әкемнің өмірі күреспен, қияметпен өтті. Ол «Алаш» идеясына өле-өлгенше адал болып қалды. Өйткені ол азаттықтың, бүгінгі тәуелсіздіктің идеясы еді. Кеңес өкіметінің «алашордалықтарды» қалай сатып кеткенін, қазақтың қаймақтарын тоз-тозын шығарғанын көзімен көрді. Бұл оның ерік-жігерін мұқалтқан жоқ. Бертін келе, өзі де сталиндік репрессияның құрбаны болды. 25 жылға түрмеге қамал­ды. Сонда да болса, ол алған бетінен қайтпады. Қазақ елінің тәуелсіздігін сол кезден-ақ көкседі. Сондықтан да бұл саяси мәселе. Мұнда идеологиялық мән бар. Біздің елімізде империализмді, кеңестік тоталитаризмді көксейтін астыртын күш бар. Менің ойымша, бұл солардың саяси тапсырысы деп айтар едім. Нақты бір адамға, ол туралы естеліктерге, оның өмірлік идеясына, яки Қазақстанның Тәуелсіздігіне бағытталған саяси қастандық. Бұлай жалғаса берер болса, түбі еліміздің егемендігіне де нұқсан келуі әбден мүмкін», – дейді ғалымның қызы, Қ.Мұхамедханов атындағы Білім және мәдениет қоғамдық қорының директоры Дина Мұхамед­ханова. Бұл жолы да вандалдар басқа зират­тарға тимеген. Тек ғалымның құлпытасын қатты бүлдірген. Марқұмның ұлы мұны біреулер мақсатты түрде істегенін айтады. Өйткені, біріншіден, зират қаланың шетінде, орманның ішінде, Бесқарағайға шығатын жолда Затон жақта орналасқан. Әрі жабық қауым саналады. Ол жерге жаңадан кісі жерлеуге тыйым салынған. Ендеше, марқұмдардың туысқандары болмаса, көлденең кісі бара қоймауы тиіс. Зияраттап барған адам өзге бейіттерге де қастермен қарайтыны белгілі. Ал қатты габбродан ойылған тақташа мен мрамор тастан жасалған құлпытасты кувалда сынды үлкен балға болмаса, кез келген құралмен сындыру мүмкін емес. Мұқият қарасаңыз, ескерткіштің бетіне резеңке төсеп ұрған секілді. Әйтеуір, кім жасаса да, құдайға қараған адамның ісі емес бұл.

Екінші оқиға 2017 жылы болған. Семей қаласының қақ ортасындағы Абай көшесінің бойындағы алаңда орналасқан Қайым Мұхамедхановтың ескерткіш стелласындағы ғалымның фамилиясындағы қола темірден құйылған ірі-ірі әріптердің үшеуін белгісіз біреулер шешіп алып кеткен.

«Биыл әкеміздің 105 жылдығында да бұл қиянат қайталанып отыр. Күні кеше туған-туыстармен бірге зиярат жасау үшін әкеміздің басына барған едік. Бұзылып, тоз-тозы шығып жатқан құлпытасты көргенде жағамызды ұстадық. Бұл деген масқара ғой! Елі үшін еңбек еткен, өле-өлгенше халқының қамын жеген әкеміздің аруағын қорлау кімге керек?! Тірі кезінде де әкемізден қорқып, оның шындықты айтатынына тісін қайрау­шылар көп еді, енді өлгенде де қор­қатындар азаймаған ба? Вандалдардың әрекетін осылай бейжай қалдыруға бол­майды. Бұл мәселені Семей қаласының әкімдігі бірден назарға алғанына рақмет. Шаһар әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев бізбен бірге бейіт басына барып, бұзылған жерлерді қарап, маман­дарға тексертіп, алдағы уақытта жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Ал­дағы уақытта мұндай жағдай қайталанбаса екен дейміз», – дейді Қанағат Қайымұлы. Аталған факт бойынша Семей қала­лық ПБ Затон полиция бөлімінде ҚР ҚК 258-бабына сәйкес (Вандализм) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталған. Қазір аталған қылмысты ашу үшін жедел іздестіру іс-шаралары жүргізілуде. ШҚО Полиция департаменті мен Семей қаласы Полиция басқармасы басшылығы бұл оқиғаның тергелу барысын өздерінің қатаң бақылауына алып отыр.

Нұрлан ҚОСАЙ