Әр қазақстандыққа тегін берілетін 10 соттық жерді алу үшін ондаған жыл бойы кезекте тұрғандар көп. Көпшілігі жер кезегінің тасбақаша жылжитынына шағымданады. Сөйте тұра, интернеттен кезегін сататын не үлкен жер телімін саудалайтындардан көз сүрінеді. Мұндай парадоксты қалай түсінуге болады? Жемқорлық дендеген жағдайды ретке келтірудің жолы қандай?
Ауадан ақша істеп жатқандар көп
Алдымен заң не дейтініне тоқталсақ. Жер кодексінің 50-бабына сәйкес, қазақстандыққа жер тегін берілуі тиіс. Әрине, мақсаты мен мөлшері де бекітілген. Атап айтқанда, ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылықты жандандырғысы келгендер суарылмайтын жерлерде – 0,25 га және суармалы жерлерде 0,15 га ала алады. Бұл ретте үй және егістік алқаптары берілмейді. Дегенмен бұл жерде де түрлі қитұрқы әрекет жасап, «ауадан» ақша істеп жатқандар көп. Ол туралы сәл кейінірек. Заң бойынша қазақстандықтардың құқығын талдап алайық. Одан кейін ақысыз ала алатын 0,10 га жер жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге беріледі. Көгалдандыру, саяжай құрылысы үшін 0,12 га алуға құқылысыз. Бұл – әр қазақстандықтың алуға толықтай құқығы бар жер телімі. Бір қарағанда, заң бойынша бекітіліп, осы мемлекеттің азаматтарына қамқорлық жасалып, ескерілгені қуанышты. Енді осы мүмкіндікті пайдаланып, қазақстандықтар бас-басына үй салып, шаруашылығын дөңгелетпей ме деп ойлап қалуымыз заңды. Дегенмен барлық мәселе осы құқығына басымдық беріп, жер алуға кезекке тұрғанда басталады. Басқа мақсаттарды емес, жеке тұрғын үй құрылысы мысалында қарастырып көрсек. 10 сотық жерге жанға жайлы жер үй салуға әбден болады. Әрі басында үйі бар-жоғына қарамастан, кез келген адам иелене алатыны заңда жазылған. Тіпті, отбасыңызда бұрын-соңды 0,10 га жер алған адам болса да, сіз жеке тұлға ретінде өз теліміңізді талап ете аласыз. Әлбетте, бір адамға бір рет қана беріледі. Айтар ауызға әдемі, естіген құлаққа жағымды, сырт көзге қарапайым әрі жеңіл көрінеді. Бірақ мәселеге бас сұққандар бұдан күрделі мәселе жоқтай сезінеді. Олай болмаса, он жылдан астам, кейбірі жиырма жыл бойы кезекте тұрып, әлі жерін ала алмай жүрмес еді. Бұл жолда кездесетін кедергілер мен қиындықтарды санап шықсаңыз, санынан шатасуыңыз бек мүмкін. Айталық, үй салуға арналған жер телімдері су және электр жүргізілген аумақтардан ғана беріледі. Бұл ретте жергілікті атқарушы органдарының бар жерге дұрыс жағдай жасай алмай отырғаны да көрініп қалады. Яғни, Қазақстанның кең байтақ жерінде бос жатқан далалық көп. Ал ауылдық жерлердегі шешілмеген мәселелер одан да асып түседі. Жер беруде кешеуілдеудің себебі осы түйткілді проблемалардың жолға қойылмауынан да болып отыр. Олай дейтін себебіміз, әкімдіктер электр мен су жүргізілген, ауылдық жерлерде су болмаса да, жарық қосылған аумақтарды беруі керек. Заңда анық жазылғанын айттық. Сол сияқты жергілікті атқарушы органдардың кемшілігі десек пе, жоқ әлде жалпы елдегі шалғай аудандардағы инфрақұрылымның нашарлығы десек пе, жер телімдерін иеленуге бірден-бір кедергі болып отыр. Аумақтарға тиісті инфрақұрылым тартуға қаржының жетіспеуінен жер не игілікке пайдаланылмай, не заңды иесімен қауыша алмай отыр. Ал енді жарық пен су тартылған жерлер бос емес. Жер алғысы келіп, әкімнің алдына барғандарға осындай себеп айтылып, «алдағы уақытта жағдай жасалып, жер беріле бастағанда, кезегіңіз келгенде аласыз» деп шығарып салады. Осы ретте жемқорлықтың түрлі схемасы алдымыздан шығады. Оның ішіндегі ең танымал түрінің біріне заңгер Абзал Құспан тоқталып өтті. «Орал қаласының түбінде орналасқан Бәйтерек ауданына қарасты Асан деген ауыл бар. Бұрын сол Асан мен облыс орталығы арасында үлкен кеңістік жатқан. Шамамен 3-4 га жер болса керек. Соны Владимир Асанов деген кісі егін егу мақсатымен алды. Кейін ол жерді 8-10 сотыққа бөліп, сатып жіберді. Сатылып жатқан телімдер әлі де бар. Гектарлап алып алғандардың кесірі заң бойынша тиесілі жерін ала алмай жүргендерге тиеді, кезегін тежейді. Бұл айтып отырғаным — ескі мысал. Бүгінде ол жерде үлкен ауыл бар. Тіпті, бұл істі прокуратура тексеріп, қылмыстық іс жоқ болғандықтан жауып тастады. Ал енді сондайда жұрт «біз 10 сотық жерімізді ала алмай жүргенде басқалар гектарлап қалай алады?» деп бас қатырады. Ол реніштің тууы орынды. Тіпті, мұндай жағдайды көріп тұрса, халық түсіндіруді талап етуі керек. Бір ғана Батыс Қазақстан облысында гектарлап иемденіп, басында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланамын деп, кейін мақсатын өзгертіп жібергендер көп. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер кезекпен берілмейді. Қалаға жақын орналасқан жақсы жерден гектарлап алады. Артынша әкімдікпен келісіп, мақсатын ауыстырып, тұрғын үй құрылысына арналған жер қылады. Былай қарасаңыз, ауадан ақша істеп отыр. Мұндай заңсыз схемалар бар», – дейді заңгер. Расында, тегін жерлер саудасын бизнеске айналдырып, пайда тауып отырған пысықайлар көп. Оны ел жақсы біліп отырғанымен, қолдан келер қайран жоқ болғандықтан шарасыздық қол байлау болып тұр. Ал енді мұндай проблеманы жолға қою неліктен қиын? Ашықтық пен цифрландыру қажет бірден-бір сала да осы болуға тиіс еді. Әйтсе де, ең жабық әрі ақпараты жаңартылып болмайтындардың қатарында болып отыр, өкінішке қарай.Жекеменшікке жер алу да қиын
Тағы да заңға көз тастайық. Жер кодексінің 44-бабына сәйкес, тегін берілген жер телімдері туралы ақпарат ашық болуы қажет. Дәлірек айтқанда, жергілікті атқарушы органдар ұлттық қауіпсіздік органдарымен және азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келісім бойынша елді мекендердің бас жоспарларының бекітілген схемалары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары, инженерлік коммуникациялар схемалары жөніндегі ақпаратты интернет-ресурста және халыққа қолжетімді жерлердегі арнайы ақпараттық стендтерде, деректерді жаңартып отыру кезеңділігімен тоқсан сайын орналастыруға міндетті. Яғни, жекеменшікке кім алды, ауыл шаруашылығы мақсатында кімге берілді, кім қай жерде тұрғын үй салып алды – осы сынды барлық мәлімет ашық жариялануы тиіс. Сондай-ақ аукцион мен байқау арқылы берілгендері де көрсетілуі қажет. Әйтсе де, мұндай ақпаратты табу құдды қиямет-қайымға айналған. 2020 жылғы мәліметке сүйенсек, Қазақстанда жер алу кезегінде тұрған 1,5 млн адам бар екен. Бұл – тек тұрғын-үй кезегінде тұрғандар. Жыл өткен сайын бұл шама өсе береді. Ал азаятын түрі жоқ. Себебі кезек өте ақырын жылжиды. Мысалы, 2018 жылы шілдеде 1 456 379 адам кезекте тұрса, екі жылда ол қатарға 96 мыңдай адам қосылған. Ал осы уақыт ішінде бар болғаны 30 мыңдай адам ғана армандаған жеріне қол жеткізген. 14 жыл бұрын кезекке тұрып, әлі де ала алмай жүргендердің бірі – атыраулық Сырымбек Сәрсембаев. «Жер алуға арызды 2007 жылы жаздым, қазір кезегім 1 563 болып тұр. Яғни, 13 жылдан астам уақыт өтті, жер кезегі тасбақа жүрісімен жылжып жатыр. Сонда 2015 жылы арыз жазған адам жерін қашан алады? Бір қызығы, интернеттегі жарнаманы ашсаңыз, «жер сатамын» деген толып тұр. Құлсарының өзінен 500-дей жарнама шығады. Тегін берілетін жерді 1 млн теңгеден 5 млн теңгеге дейін саудалап жатыр. Облыс әкімі барлық инфрақұрылымы тартылған, үй салатын жер телімдерін мол көлемде дайындап, соған қажет қаражат бөліп, жауапты мамандарға тапсырма беріп, кем дегенде 1 жылда 3 мың адамға кезегімен үй салатын жер телімін беруге ықпал жасаса дейміз. Жер кезегі жылжуы үшін тұрғындар жер телімдерін тездетіп берулерін талап етуі керек. Облыс және қала, аудан прокурорлары жер телімінің беру заңдылықтарын, неге 2000 жылдары жерге арыз жазған адамдар 20 жыл өтсе де жер телімін ала алмай жүргенін тексеріп, тиісті шараларын жасаса екен», – дейді кейіпкеріміз. Сырымбек Сәрсембаев мынадай дерек келтіріп отыр. «Атырау облысы Жылыой ауданында 80 мыңға жуық халық бар. Оның 30 мыңдайы кәмелетке толмағандар десек, тағы 20 мыңға жуығы – жері бар адамдар. Сонда өзі 30 мың адам қалады. 2007 жылы арыз жазғандар кезекте 1 500 болып тұрғаны әкімдердің жұмыс істемейтінін көрсетіп отыр. Соңғы рет жер алғандар 2006 жылы арыз бергендер екен. Құлсары сынды шағын қаланың өзінде осындай үлкен проблема бар», – дейді тұрғын.Әкімдіктер немқұрайлы қарап отыр
Мұндай мәселенің шешімі ашықтық қана деп сарапшылар да, халық та айтып жүр. Дегенмен құлақ асып жатқаны шамалы. Әкімдіктер мұндай ақпаратты не жасырады, ал жариялаған күннің өзінде тереңірек үңілгенде қатесі шаш етектен болып шығады. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Жер ресурстарын басқару комитеті бұл мәселеге қатысты БАҚ-қа былтыр мынадай пікір берген еді. «Жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерін алуға кезекке тұрғандардың реестрін енгізу жоспарланып отыр. Ол мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі сайтына орналастырылады. Осы арқылы өтініш берушілердің қайталанып кетуі сияқты мәселелердің алдын алып, өтініштің қарастырылу уақытын қысқартуға мүмкіндік туады. Құжаттар электронды үкімет порталы арқылы беріліп, өтініш берушінің мәліметтері тексерілген соң арнайы есепке алынады» деген. Іске асып, мақсат орындалса, құба-құп. Кей облыстар бірлі-жарым ақпарат береді, сайттарға салады. Яғни, түбегейлі қара аспанды төндіруге болмас. Бірақ түгел Қазақстан аумағында жұмыс қарқынды жүруі керек. Мәселе осында. Тіпті, қайбір жылдары жалған атпен кезекте тұрғандар, өмірден өткен адамдардың әлі күнге дейін тізімнен алынбағаны жайлы ақпарат тарап, шу шыққан. Шынында, ақпараттың дені ескіріп кеткен. Әлгі кезекте телімін алмаған күйі дүниеден озғандар жетерлік. Уақытылы тізімнен шығарып тастауда туатын тағы бір мәселе – қарттарда ЖСН жоқ. Демек, олардың өмірде бар-жоғын тексеру де қиын. Әрине, заң бойынша әкімдіктер мұнымен айналысуы керек. Бірақ сол баяғы «өкінішке қарай». Кешенді жұмыстар атқарылған жағдайда ғана реттелетін шаруаны шенеуніктердің шешуге асықпайтыны түрлі күмәнді ойға итермелейді. Бәлкім, ашықтықтың уақытын кейінге ысыра беру олардың қолайына келіп те тұрған болар. Тексере келе, заңсыз жолмен алғандардың тізімінен топ етіп шыға қалса, не болады? Қолмен ұстап, көзбен көрмеген соң айып таққан жөн болмас. Бірақ белгісіздік пен бейқамдықтың осындай жаман ой шақыратыны да – заңдылық.Жадыра АҚҚАЙЫР