Студенттердің қолы жатақханаға жетпей жүр
Студенттердің қолы жатақханаға жетпей жүр
232
оқылды

Біздің кезімізде студенттік ортада «жатақханада тұрма­саң, оқыдым деме» деген қағида қалыптасқан. Студенттер жа­тақханасы – алыс ауылдардан келген түбіт мұрт боз­балалар мен ботагөз бойжеткендерді әлеуметтендіретін орын. Осы жерде олар бейтаныс жандармен танысып-біліседі, мінез-құлығын қалыптастырып, шыңдайды. Өкінішке қарай, сту­денттерге жатақхана жетпейді. Ол бүгінгі жастардың негізгі бас ауруына айналған.

Қазақстанда жастардың елеулі бө­лігі – студенттер. Бүгінде елдегі 120-дан аса жоғары оқу орны мен 795 кә­сіптік білім беру мекемесінде 1,1 млн-ға жуық студент білім алып жа­тыр. Олардың 175 мыңы (16% пайыз) ғана жатақханамен қамта­масыз етілген. Ал үлкен қала­ларға білім мен ғылым іздеп келген 80 мыңнан астам студент жатақханаға мұқ­таж. Сон­дық­тан оқу орын­дарының инфра­құ­ры­лымын жаңар­ту күн тәр­тібінде тұрған өзекті де өткір мә­селе екені анық. Егер мемлекет ертеңгі ел эконо­микасын көте­ре­тін, қо­ғам­дық өмір­ге белсене ара­ла­сатын жас қауымға қолайлы жағ­­дай жа­самаса, олар­дың алаң­сыз са­па­лы білім алып шығуы да қиынға түседі. Аталған мәселені шешу мақ­са­тында 2018 жылдың наурыз айында Елбасы «Бес әлеу­мет­тік бас­тама» атты халыққа үндеуі жария­лады. Әлеуметтік бас­таманың үшінші бағыты жоғары білім алу­дың қолже­тімділігі мен сапасын арт­тырып, студент жас­тардың жа­тақханадағы жағдайын жақ­сарту­ды көздейді. Бағдарлама аясында Білім және ғылым министрлігіне 2022 жылдың соңына дейін сту­дент­терге арнап 75 мың орындық 184 жаңа жатақ­хана салу тапсы­рылған. Жо­баны жүзеге асыру үшін мем­лекеттік бюд­жет есе­бінен 118 млрд теңге қар­жы қа­расты­рылған. Енді осы әлеуметтік бастама жос­парға сай жүзеге асатын болса, жатақ­ха­­наға мұқтаж сту­денттердің 85%-ы орын­мен қам­­тамасыз еті­лер еді. «Қар­жы орталығы» акцио­нер­лік қоғамының ақпараты бойын­ша, кейінгі екі жылда ел аумағында 20 266 орындық 75 жа­тақхана пай­­далануға берілген. Бұл – межелі көр­­­сеткіштің тек 27%-ы. Пайда­лануға берілген жатақханалардың тек 39-ы жаңа­дан бой көтерген, қалған 36-сы ре­конструкциядан өткен. Бұл жерде мемлекеттік бюд­жеттен қа­­рас­тырылған қаржы­ның жаңа жа­тақханалардың құры­лы­­сына жоспарланғанын да ескеру қажет. «Nur Otan» партиясы фракция­­­сының мүшелері М.Ахметов пен Е.Бейсенбаев осы мәселені зерт­теу барысында Қазақстан Білім және ғылым министрлігі, ай­мақтағы әкім­діктер, «Қаржы ор­талығы» АҚ ұсынған ста­тис­ти­калық мәлі­мет­тер, жа­тақ­хана құ­рылысына бай­ла­­­нысты ақ­параттар бір-біріне сәй­­кес­пей­тінін айтады. Бұл жайт әлеу­меттік бастаманы жүзеге асы­рудың нақты бірыңғай жоспа­ры жоғын кө­рсетеді. Аймақтарға келетін болсақ, бас­тама әркелкі жүзеге асуда. Әсі­ресе, Нұр-Сұлтан (17,2 мың) мен Алматы қалаларындағы (31,1 мың) баспанаға мұқтаж сту­денттердің жартысынан астамы үйсіз-күйсіз, әркім өзінше күн көруге мәжбүр. Жауынды күні айдаладағы жалғыз бұтаны ық­тасын көріп паналайтын тор­ғайдай күй кешкен оларға жер-жерден жеткілікті қылып студент­тер үйін соғып берсе, бұл ел бола­ша­ғының алдында да үлкен абы­ройлы іс болар еді. Жатақхана тұр­ғызу мәселесі ірі қалаларда ғана емес, аймақтарда да мәз болып тұр­ған жоқ. Сондықтан мем­­ле­кет­тік бағдарламаны сапалы орын­дау бү­гінгі күннің көкейтесті пробле­маларының біріне айналып отыр. Мысалы, Алматы қаласында 2021 жылдың соңына дейін 20 мың орындық 38 жатақхана құрылысы аяқталуы қажет. Бірақ бүгінде соның 7,5%-ы ғана орын­далып, 1,5 мың орыннан тұратын 5 жа­тақхана салынды. Оңтүстік мега­полисте биыл 1700 студентке ар­налған тағы 2 жатақхана салу жұ­мыстары басталған. Бірақ қал­ған 17 мың студенттік орынды қам­титын жатақханалар құрылы­сы­ның мәселесі әлі шешілген жоқ. Егер жатақхана салу ісі дәл осылай баяу жүретін болса, онда аталған бағдарламаның межелі мерзім ішінде орындалмай қалу қаупі үлкен. «Ол үшін жатақханаларды са­лу­дағы барлық жауапты мемле­кеттік органдардың жұмысын жүйе­лендіріп, ортақ үйлестіру мә­се­­лесін тез арада шешу қажет. Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Қаржы орталығының» ин­вес­торларға ұсынып отырған шарт­тарын қайта қарастыруы маңыз­ды. «Госэкспертиза» меке­месіне «Бес әлеуметтік бастама» ая­сында са­лынатын жатақхана құры­­лысының жобасын қа­­растыру мер­зімін қыс­қартуды ұсы­намыз»,– дейді Пар­ламент Мәжілісінің депутаты Мәди Ахметов. Сондай-ақ мемлекеттік білім беру грантын бөлгенде жоғары оқу орындары мен колледж сту­дент­терін жатақханамен қамтуды мін­деттейтін лицензиялық талап­тарды енгізу қажет-ақ. 2020-2023 жыл­дарға арналған респуб­ли­калық бюд­жетте мемлекеттік тап­сырысты орналастыруды қамта­масыз ету үшін 16,5 млрд теңге көзделген. Мем­лекеттік тапсы­рыстың мөл­шері инвестордың объектіні пай­далануға беруге жұмсаған шығыс­тарының толық өтелуін қам­тама­сыз етеді. Оған қоса жатақ­хана­ларды салатын мердігер ком­па­нияларға әр сту­дент үшін жатақ­ха­надағы орнына тө­ленетін айлық төлемақысының құнын өсірмеуді келісімшартта көрсеткен дұрыс. Атап өтейік, студент жас­тар­дың тұрмыс жағдайын жақ­сарту үшін 2020 жылы 20 мың орынға арналған 75 жатақхана салынды. Биыл 25 мың орынды қамтитын нысан құрылысы жос­парланған. Қазіргі кезде рес­пуб­лика бойынша жалпы жиын­тық сыйымдылығы 18 469  орын­дық бірқатар жатақ­хананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Ке­лер жылғы жоспар – 30 мың орын.

Дәулет АСАУ