Соңғы қоңырау мен ұстаздар мерекесі жақындағанда сыйлық беру жайында екіұдай пікір бар. Оның ішінде сынып жетекшілеріне реті келсе, алтын, күміс, басқа да бағалы сыйлық беретіні жасырын емес. Сайып келгенде, оқушыға білім беру оның негізгі міндеті әрі сол үшін жалақы алады. Осы тұста мектептегі бұл «дәстүрге» тосқауыл қоя аламыз ба? Бағалы сыйлық алуға тыйым салатын қандай да бір заң бар ма?
Сыйлық көлемі – 2АЕК
Мектеп ішінде ақша жинау, сыйлық беру мәселесі бұрыннан қозғалып жүр. Жауапты органдар бірнеше жылдан бері мұғалімдерді мереке қарсаңында сыйлық алмауға шақырады. Бұл, бір жағынан, жемқорлық ретінде әсер қалдырмауды көздесе, екіншіден, оқушы психологиясының бұзылуына әкелуі мүмкін. Осы тұсын тәптіштеп түсіндіреміз. Алдымен, басқарма жауабына назар аударайық. Әрине, ұстазға құрмет көрсеткен дұрыс. Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы сыйлық көлемі 2 АЕК-тен асып кетпеуін ескертті. Олар жыл сайын ата-аналарға бағалы сыйлық алып, ақша жинаудың қажеті жоғын түсіндіреді. Байқап қарасақ, орган пікірін ескеріп, сыйлық алмауды әдетке айналдырған білім ордалары бар. Сондай-ақ басқарма сыйлық ұсынуда гүлмен шектелуді ұсынады. Ал 1 АЕК-тің 2 917 екенін есептесек, мұғалімге тарту етер сыйлық түрі 5 834 теңгеден аспауы тиіс. Мәселен, ұстаз Клара Омарованың айтуынша, мектепте оқушылар мұғалімдерге гүл сыйламайды. «Бұл жемқорлық есебіне жатады. Өз басым оқушылар тарапынан алғыстан басқасын қабылдамаймын. Мен үшін бұл – ең үлкен сыйлық», – дейді ол. Ал осы тақырып төңірегінде әлеуметтік желіде жүргізген сауалнамамызда «бізге беретін бір шоқ гүлді қызғандыңдар ма?» деп реніш білдірген ұстаздар да болды. Ал заңгер Құралай Болатбекқызы педагогтер мемлекеттік қызметкер емесін, бірақ сыйлық көлемінің 2 АЕК-тен аспауы бақылаушы органдар ұсынған нұсқау екенін атап өтті. Мұндай нұсқау түрлері «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы аясында жүзеге асады. Олай болса, тарту мәселесіне қатысты мұғалімді қандай жаза күтіп тұр?«Педагогикалық әдептің кейбір мәселелері туралы» Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылы 11 мамырдағы №190 бұйрығына сәйкес педагогикалық әдеп қағидалары бекітілген еді. Осы педагогикалық әдеп қағидалары оқытушылардың, ұстаздардың, педагогтердің жалпы өзін-өзі ұстау, жүріс-тұрыс ережелеріне негізделген. Педагогикалық әдеп негізгі нормалары бойынша, педагог қызметтік және қызметтен тыс уақытта белгілі бір ережелерді ұстануы қажет. Соның ішінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін шара қабылдауы, шыншыл, адал, әділ мінез-құлқымен үлгі болуы керек. Білім беру процесіне қатысушыларға қатысты қаржылық және өзге де бопсалау фактілеріне жол бермеу әріптестерінің тарапынан осындай әрекеттердің жолын кесуге күш салуы тиіс. Бұл белгілер – осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл аясында көзделген нормалар. Ұстаздар, педагогтер осы педагогикалық этиканы бұзған жағдайда «Педагогтер» заңнамасына сәйкес, жауапкершілікке тартылады. «Педагог мәртебесі» туралы заңға сәйкес 5-бапта «Педагогтік әдепті бұзу тәртіптік теріс қылық болып саналады және педагогті еңбек заңнамасына сәйкес тәртіптік жауаптылыққа алып келетіні» көрсетілген. Сәйкесінше, педагог әдеп нормаларын бұзған жағдайда оның әрекеті тәртіптік теріс қылық есебінде. Оның ішінде мынадай тәртіптік жазалар бар. Мысалы, ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс. Ал тәртіптік жазалардың түрлері еңбек заңнамасында қарастырылған», – деді заңгер.
Бала психологиясына әсер етеді
«Жиенім орыс мектебінде оқыды. Сынып жетекшісі жасы келген беделді ұстаз. Барлығы оны сыйлайды, себебі еңбегі сіңген, ортасына сыйлы апай. Сол апайы жасы келе «қарттық маразмға» ұшырады ма, білмедім, оқушыларынан сыйлық дәметіп тұратын «ауруға» ұшырады. Оған жеке көзім жетті. Ел мақтаған мұғалім кезекті бір мерекеде оқушыларынан көптеп сыйлық (гүл, шоколад, орамал, шарф, ыдыс, сүлгі, жайма, т.б.) алады. Әр оқушысына «Молодчина, умница, спасибо, милая» деген сияқты қошеметін білдіріп жатады. Аулада өсіп тұрған гүлден гүлшоғын сыйлаған жиеніме жақтырмай қарап, амалдың жоғынан сыйлығын алады да, партаға тастай салады. Сосын сабақ біткен соң, сол гүлшоғын алмаған күйі парта үстінде қалдырып кетеді. Сыйлық сыйлай алмаған 5-6 бала мен жиеніме қалған оқушылар мазақтап күледі, кемсітіп кекетеді. «Бедная, денег не хватило на нормальные цветы? Родители бедные? Хоть на хлеб дома у вас деньги есть?» – деген сияқты ересек адамның ойына келмейтін ауыр сөздермен келемеждейді. Бір-екеуі жылап шығып кетеді. Ал жиенім аузы бұртиып үйге келді де, осының бәрін апайыма айтып берді. Қарсылық көрсетейін деп едім, апайым жалынып-жалбарынып, мені сабырға шақырып, мұғалімді мектеп директорынан бастап сыйлайтынын айтты», – дейді ол.Мұндай оқиғалар жиі кездесіп жататынын аңғардық. Мұғалімдерге бағалы сыйлық жасап, өзара жарысатындары да бар. Осы тұста оқытушы сыйлықты шын ниетімен сыйлайтын ата-ана барын, одан кейін сыйлық бергісі келсе де, мүмкіндігі жоқ оқушылар барын айтты. Әр бала жеке әлем екенін, оған жай ғана бала деп емес, жеке индивид деп қарауымыз керегін атап өтті. Осындай әлеуметтік теңсіздіктің соңы жиналып, қордаланып, баланы біз ойламаған «оқиғаға» алып келері де әбден мүмкін екені тағы бар. Осылайша, баланың психологиясына салмақ түседі, реніш, қызғаныш, өкініш, әлеуметтік теңсіздік, іштей қорлану туындайды. Айналып келгенде, шешім – сыйлық сыйламау.
Сыйлық беруге тосқауыл қоя аламыз ба?
Сыйлық беру, оны қабылдауға қатысты шешім шығаратын орта – мектеп ұжымы. Өйткені жыл сайын жауапты орган осы мәселені көтеріп, құлаққағыс жасайды. Яғни, мұғалімдерде бұған қарсы «иммунитет» пайда болғаны жөн. Ал сыйлық қабылдамауға қарсы вакцина «егетін» тұлға бар болса, ол – директор мен оның орынбасарлары. Егер мектепте қатаң тәртіп болса, бәрін тезге салуға болады. Бұл пікір көптің көкейінде жүр деп ойлаймыз. Себебі ата-аналар да сыйлыққа ақша жинаудан шаршаған сыңайлы.«Мектептен ата-аналар чатына тізім келді. Онсыз да баламыз мектеп бітіріп жатқасын бастауышта, жоғары сыныпта жетекшілік еткен ұстазына сыйлығымызды беретін едік. Енді сол тізімді көрсеңіз. Біз де 11 жылдық мектепті бітірдік. Бірақ не мектепке, не мұғалімге «сыйлық беріңдер» дегенді естімедік. Ал қазір тап бір құдалыққа тізім түзгендей дерсің», – дейді ата-ана Назокат Қуандықова.Әрине, талап жоқ емес. Министр Асхат Аймағамбетов мектеп ауласында өтетін бітіру кешіне біркелкі мектеп формасымен келуді сұрағаны бар. Бұл да ата-ана мен оқушының көңілін көтергені анық. Неге? Себебі аттестат алу үшін көйлек сатып алып, бет әрлеу сәнге айналған-ды. Сіз бен біздің де осы себеппен бітіру кешіне келмей қалған сыныптасымыз болғаны рас. Бірақ әлі де бітіру кешін сән-салтанатпен өткізіп, мұғалімдерге сый ұсынуға құмармыз. Алайда пандемия кезеңі ой салғаны анық. Өйткені қатаң карантин тұсында мектепте бітіру кеші өткен жоқ. Соңғы қоңырау да онлайн форматта өтті. Ал биыл 25 мамырда мектеп ауласына жиылу-жиылмауды өңірлердегі бас санитарлық дәрігерлер шешеді. Соңғы қоңырауды өткізу форматы туралы шешімді әр мектеп өзі қабылдайды. Ал аттестаттарды табыстау рәсімі маусым айының ортасына жоспарланған. Министрліктің хабарлауынша, оқушылар саны аз мектептер бітіру кешін барлық сынып үшін бір уақытта өткізе алады. Егер мектептегі түлектер саны көп болса, салтанатты шараны әртүрлі күндерде өткізу ұсынылады. Дейтұрғанмен сыйлық беру, ақша жинау, лимузин жалдау мәселесін жөнге салатын уақыт жеткен сияқты. Қазір «бой жарыстыратын емес, ой жарыстыратын заман» екені айтпаса да түсінікті. Кейде сынып жетекшісіне арнап сыйлық алып беру, бітіру кешін өткізу жайын талқылайтын ата-аналар екені ойға оралады. Демек, ата-аналар бірінші болып «өзгеден озу, ортадан қалмау» дейтін стереотипті бұзғаны керек-ақ.
Айбике ЖАНАСЫЛ