Құралайдың салқыны – жаңа өмір бастау алатын мезгіл
Құралайдың салқыны – жаңа өмір бастау алатын мезгіл
986
оқылды

Жыл сайын мамыр айының орта белінде киік төлдейтін кез болады. Қазақ мұны «құралайдың салқыны» деп атаған. Бұл уақытта күн суытып, ауа райы өзгереді. Білетін кісілер осы суық самал жаңа туған құралай­дың терісін тез кептіреді. Желдің лебіне жаураған құралай жылыну үшін жылдам аяққа тұрады дейді. Киік төлдейтін бұл мезгіл он шақты күнге жалғасады.

құралай Осынау ғажап сәтті көрсету үшін осы аптада Орман шаруашылығы комитеті тілші қауымды Ақмола өңіріндегі Атбасарға алып барды. Құралай көреміз деген үкілі үміт 400 шақырымды місе тұтпады. Сайын далада дүрбісіз киікті көру оңай емес. Шалғайда үйір-үйірімен жайылып жүрген қоңыр жүйріктер адам сұлбасын көрген бойда қаша жөнеледі. Алайда төлін қалдырып кете береді. Кейін киіктің басқа аналығы не енесі келіп, сүтін береді. құралай Шөп арасында алақандай болып жиылып жатқан құралайды алғаш көргенде алтын тапқандай қуанғанымыз рас. Фотоаппарат, камера, смартфондар Голливуд жұлдызын нысанаға алғандай түсіре бастады. Дүние есігін жаңа ашқан құралай көп нәрсені түсіне де қоймаған шығар. Кейін басқаларына да кезіктік. Самал терісін кептіргендері ұстатпай, шауып кете барды. Асау жылқыларша секіріп қоятыны бар екен. Алайда тағы табиғат емес пе? Төбеде қос қыран қалықтап жүрді. Жемтігін көздеп жүрген болар деп топшыладық. Адам қарасын көрді ме, кейін өзге жаққа ұшып кетті. Бәлкім, осылай біраз құралайды аман алып қалған шығармыз. Ал көмірдей қара, терең, тұнық көзді, ұзын сирақты, желмен жарыса кетуге даяр құралай  сайын даламыздың әрі мен сәні екеніне тағы бір рет куә болдық. құралай құралай

Нұрмұхамед БАЙҒАРА