Көкшетауда 2 жастағы қыз бала жетінші қабаттан құлап кетіп, көз жұмды, деп хабарлайды, Aikyn.kz порталының тілшісі.
Өңір полициясы дабыл қағуда. Өйткені күн жылына сала облыста көпқабатты үйлердің пәтер терезесінен құлап, қайғылы жағдайларға тап болған оқиғалар жиілей түскен. Жақын күндері ғана үш оқиға тіркелген болып шықты.
«Жазғы уақыт басталғанда пәтер иелері терезелерін ашып қояды. Ал кішкентай балалар ата-аналарының қарауынсыз қалып жатады. Көпқабатты тұрғын үйлерден балалардың құлау оқиғалары, өкінішке орай, өзекті мәселеге айналып келеді», — дейді Ақмола облысы Полиция департаметі баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.
Тек жыл басынан бері ғана Ақмола облысында үш бала ашық тұрған терезеден құлап кеткен. Екі оқиғада балалар аман қалып, түрлі деңгейлердегі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Қазір олардың жағдайы қанағаттанарлық. Ал үшінші оқиғада екі жасқа толмаған кішкентай балақай сол арада жан тапсырған.
Баланың қайғылы оқиғадан қаза болғаны жөнінде Көкшетау қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне жедел жәрдем фельдшері хабарлаған. Оның айтуынша, Абылай хан даңғылындағы үйден терезеден төменге қарап тұрған бірден асқан балақай аңдаусызда құлап кеткен.
Қазір полиция 2019 жылдың 28 маусымында туған қыз баланың 7-қабаттағы ашық терезен құлау фактісімен қылмыстық кодекстің 141-бабының 2-тармағы «Балалардың денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерін тиісті түрде орындамау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастаған.
Полиция ата-аналардың балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде тағы бір мәрте ескертулерін жеткізді.
«Ешқашан қарапайым қағидаларды естен шығармау қажет. Балалар терезеге шығып кетпеу үшін үйдегі жиһаздарды терезеден алыс қойған жөн. Москит сеткасына сенуге болмайды. Ол баланы құлап кетуден сақтай алмайды. Терезеге арнайы құралдар қойып, балаларға дұрыстап түсіндірген жөн», — дейді Полиция департаментіндегілер.