Президенттің қатысуымен өтетін жиындарда, әйтеуір біз естімеген бір жаңалық жылт ететін дәстүр бар. Мысалы, өткен аптадағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2030 жылға дейінгі Ақша-кредит саясаты стратегиясы жасалатыны белгілі болды. Инфляцияны ауыздықтауда маңызы зор болатын бұл құжат елімізде алғаш рет жасалатын көрінеді. Олай болса, бұл құжат бүгінге дейін неге қабылданбаған? Біздің білетініміз, Ұлттық банк пен Үкімет жыл сайын ақша-кредит саясаты туралы ортақ мәлімдеме қабылдайтын. Сол мәлімдемеде инфляцияны өсірмеу жоспары болатын. Ендеше екі құжаттың бір-бірінен қандай айырмасы бар? Ақша-кредит саясаты стратегиясын жасауға не түрткі болды? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік. Әуелі ақша-несие саясаты туралы бірер сөз, ол айналымдағы ақшаның саны мен құнына әсер ету үшін орталық банк жүргізетін мемлекеттік экономикалық саясаттың бір бөлігі. Ұлттық банк ақша-несие саясатын баға тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. Ол үшін Ұлттық банк ақша-несие саясатын инфляциялық таргеттеу режимінде іске асырады, біз бұл режимге 2015 жылы өттік. 2016-2017 жылдары Ұлттық банк инфляцияны 6-8 пайыз дәлізінде ұстап тұруды мақсат етті. Ал 2018 жылдың соңында 5-7, 2019 жылдың соңында 4-6, 2020 жылдың соңында, сондай-ақ келесі жылдары 4 пайызға жуық деңгейде ұстап тұруды жоспарлап отыр. Жоспарлап қоймай, қаржылық реттеуші ретінде соған үлес қосуы қажет. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ерболат Досаев 2019 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 5,4 пайыз болғанын, бұл 4-6 пайыздық нысаналы дәлізге сәйкес келетінін айтты. Оның айтуынша, былтыр инфляцияға көбінесе нан-тоқаш өнімдері мен жарма, ет және ет өнімдерінің қымбаттауы әсер етіпті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер бағасының өсуі де қалыпты болған. Ұлттық банктің есебіне сүйенсек, инфляция дәлізі сақталып отыр. Ал нақты өмірде ше? Себебі қымбатшылық алқымнан алғанын айтып жүргендер көп. Стратегия осы олқылықтың орнын толырса, игі.
Жоба қашан дайын болады?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банк орталық банктің классикалық қызметтерін орындауға назар аударуы тиіс екенін айты. Ол үшін ақша-кредит саясатын әзірлеуді тапсырды. Сол жиында Ерболат Досаев бірінші тоқсанда 2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясаты стратегиясының жобасы әзірленетінін, сонымен қатар биыл қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету аясында тиімді ақша-кредит және валюта саясатын жүргізу, заманауи төлем инфрақұрылымын құруға жағдай жасау сияқты міндеттерге басымдық берілетінін жеткізді. Оның айтуынша, стратегияны іске асыру екі кезеңге болжа-нып отыр – бірінші кезең елдің 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарымен үйлестіріледі. Екінші кезең инфляциялық таргеттеу саясатын толыққанды енгізу бойынша ұзақмерзімді міндеттерді іске асыруды болжайды. «Биыл 1-тоқсанның соңына дейін Сіздің тапсырмаңызға сәйкес 2030 жылға дейінгі ақша-кредит саясаты стратегиясының жобасын әзірлеу аяқталады», – деді Е.Досаев. Осы тұста Ұлттық банк төрағасының былтыр қазан айында Алматыда өткен брифингтегі сөзі еске түсті. Төраға сол брифингте «Ақша-кредит саясаты стратегиясының жобасын жыл соңында (2019 жылдың соңы – ред.) аяқтап, қаржы қауымдастығымен талқылаймыз» деген болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырысында стратегия жобасы бірінші тоқсанда жасалатынын жеткізді. Ал Үкіметтің кешегі кезекті отырысында баяндама жасаған Е.Досаев жобаның соңғы нұсқасы Ұлттық банк басқармасына осы жылдың шілдесіне дейін ұсынылатынын айтты. «Ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру, инфляциялық күтулерді тұрақтандыру және экономиканы ұзақмерзімді қорландыруды қамтамасыз ету үшін біз осы жылдың наурыз айының соңына дейін Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясының жобасын әзірлейміз. Сараптамалық қауымдастық талқылап, мүдделі мемлекеттік органдарда келісілгеннен кейін жоба ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін Ұлттық банк басқармасына ұсынылады», – деді төраға. Көріп отырғанымыздай, жобаны жасап, аяқтау мерзімі үш айға ұзартылған және ол Үкіметтің кеңейтілген отырысынан бұрын берілген тапсырма болып отыр. Ендеше стратегияны жасап, аяқтауға не кедергі болды екен?Стратегия не үшін қажет?
онымен былтырдан бері жасап біте алмай жатқан стратегия не үшін қажет болды деген сұрақ туындайды. Бұлай деуімізге себеп, біздің елде Қазақстанның қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бар. Бұл құжатта Ұлттық банктің міндеті мен мақсаты да анық көрсетілген. Аталған тұжырымдаманың негізінде жасалған 2015-2020 жылдарға дейінгі стратегиялық жоспар тағы бар. Бұл құжатта да инфляцияны 6-дан 4 пайызға төмендету, ақша-несие айналымының тұрақты дамуы, ұлттық валютамыздың айырбастау курсының тұрақтылығын, халықты, кәсіпорындарды несиемен қамтамасыз ету және депозиттік саясатты жүзеге асыру, қаржы нарығын дамыту мәселелері белгіленген. Бұл аз десек, сөз басында айтқанымыздай, жыл сайын Үкімет пен Ұлтық банк бірлескен Мәлімдеме қабылдайды. Бұл құжатта да банктердің жағдайы, айырбастау курсы, кредиттің пайыздық мөлшері, Ұлттық банктің қайта қаржыландыруға бөлетін қаржысының көлемі белгіленеді. Ендеше 2030 жылға дейінгі Ақша-кредит саясаты стратегиясын жасаудың қажеті бар ма еді? Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, Президенттің стратегиялық жоспарды қайта қарап шығу туралы тапсырмасы 2011 жылдан бері Ұлттық банктің құрамында болып келген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің қайтадан бөлініп шығуымен байланысты болуы мүмкін. «Бізде зейнетақы қорын тиімді пайдалану, бағалы қағаздар нарығын дамыту, банктер мен микрокредиттік ұйымдардың халықты несиемен қамтамасыз етуі, халықтың депозиттегі қаржысының сақталуы сияқты мәселелер өте көп. Қазақстан 2050 жылы дамыған 30 елдің қатары-на кіруді көздеп отыр. Міне, осы жоспарда Ұлттық банктің алдына 7 мақсат қойылған: ақша-несие саясатын жақсарту, инфляцияны тежеу, алтын валюта қоры резервін қалыптастыру, сақтандыру саласын, жинақ жүйелерін дамыту, валютаны реттеу деп кете береді. Енді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бөлек шықты. Бұл – бір, екіншіден, бүгінгі әлемдік өзгерістерге, экономикалық саясатқа сай жаңа жоспар түзу талап етіледі. Стратегиялық құжат сол үшін қажет болды деп ойлаймын. Енді осы құжатта сақтандыру жүйесін дамытуға баса көңіл бөлінсе деген тілек бар», – дейді С.Жобаев. Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбековтің пікірінше, Ұлттық банк пен Үкімет жасап келген Ақша-кредит саясаты туралы ортақ мәлімдеменің заңды мәртебесі жоқ. Ал стратегияның заңды-құқықтық орны болады. «Яғни, стратегия жауапкершілікті күшейтеді. Сонымен қатар стратегияда нақты өлшейтін индикаторлар болады. Сондықтан бұл жерде саяси-құқықтық жауапкершілік көзделеді. Мәлімдеме мен стратегияның айырмасы осын-да», – дейді. Оның айтуынша, осы күнге дейін Ұлттық банктің ақша-несие саясатындағы түпкі мақсаты – инфляцияны таргеттеу болды. Басқа мақсаттар инфляциялық таргеттеуге бағындырылды да, өзгесі маңызды емес деген парадигма жүзеге асырылып келді. Егер жаңа стратегияда инфляцияны ғана емес, валюта бағамын да таргеттеу жүргізілсе, тиімді болар еді. «Одан бөлек, сырт елдерде пайыздық ставканы таргеттеу деген түсінік бар. Әлемде экономикалық ғажайып жасаған мемлекеттер тарихына зер салсақ, оларда реттеуші (біздіңше Ұлттық банк – ред.) экономикалық өсуге, өнеркәсіптің түбегейлі дамуына өзгеше валюта бағамын айқындаған. Өнеркәсіптік немесе индустриалды-инновациялық дамуға серпін берер кезде сол саясатты жүзеге асыруда іріктелген төрт саты бар. Біріншісі, шетелден жаппай технологияны импорттау, екіншісі, сол технологиямен өндірілген өніммен ішкі нарықты толықтырған соң, экспортқа шығару, демек бірінші саты мен екінші сатының Ұлттық банк айқындайтын валюта бағамына қоятын талаптары әртүрлі. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк осыған назар аударса, тиімді ақша-несие саясатын жүргізуге болады», – дейді Қ.Арыстанбеков. Экономистің пікірінше, бізде соңғы екі сатыға байланысты валюта бағамын сәйкестендіру туралы түсінік жоқ. Сондықтан бізде қарқынды экономикалық өсу де, өнеркәсіптің дүркін дамуы да болмайды, демек халықтың әлеуметтік жағдайы көтерілмейді. Сонымен былтыр жасалып бастаған Ақша-кредит саясаты стратегиясының жобасы жазда ғана қабылдануы мүмкін. Ал оған дейін азық-түлік бағасының өсуінен туындайтын инфляциямен өзіміз күресуге тура келеді.