Әлеуметтік желіде қазаққа тіл тигізгендер қандай жаза алады?
Әлеуметтік желіде қазаққа тіл тигізгендер қандай жаза алады?
552
оқылды

Соңғы жылдары әлеуметтік желіде ойланбай сөйлеп, от басқандардың қатары көбеюде. Олардың арасында басым көпшілігі бей-берекетсіз елді балағаттап, өзге біреуді қаралап, ар-намысқа тиетін былапыт сөздер жазып, жазықсыз жандарға күйе жағып та жатады. Алайда олар сол үшін қандай жазаға тартылатынын біле ме?

Көп сайттар мұндай жағдайды өзара реттеп, жазылған комментарийлерді өшіріп, ештеңе білдірмеуге тырысып-ақ жатады. Тіпті, еліміздің тиісті органдары әлеуметтік желіні қатаң бақылауға алып, ойланбай жазған бір сөзі үшін қыруар айыппұл салып, темір торға түсіп те жатады. Соған қарамастан бұған бой бермей жатқандар да жетіп-артылады. Жалпы, әлеуметтік желі – адамдардың пікір алмасатын, мәліметтермен бөлісетін, бос уақыттарын өткізуге арналған.  Сондықтан әлеуметтік желідегі қандай әрекеттер үшін қандай «жаза» көзделгенін білесіз бе?

Мысалы, Қылмыстық кодекс бойынша 130-бап – жала жабу, яғни, басқа адамның ар-намысы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн жалған мәлiметтер тарату. Яғни, бұл жерде әдепсіз әрі балағат сөздерді адамның жеке басына ауызша айтылып немесе хат жазуын айтып отырмыз. Егер осы бап бойынша шағым түссе, алдымен арнайы лингвистикалық топ анықтап, зерттейді. Алайда адамды балағаттап, қорлағаны үшін  100 АЕК немесе 291 700 теңгеге дейінгі айыппұл салынады. Не болмаса 120 сағаттық қоғамдық жұмыспен өтеуі тиіс.

Ал егер әлеуметтік желіде не болмаса ортақ чатта белгілі бір адамды балағаттап, көңіліне тиетін сөз жазылса, 131-баптың екінші бөлігіне сәйкес, 200 АЕК немесе 583 400 теңгеге дейін айыппұл салынады. Егер айыппұлды төлей алмаса, 180 сағат қоғамдық немесе түзету жұмыстарымен өтейді. Өткенде Қызғалдақ Талғатқызының тағдыры қоғамда талқыға түскен еді. Ол  өзін әлеуметтік желіде қорлаған адамнан 50 миллион талап етті. Алматылық бойжеткеннің сөзінше, ол 4 жасар баласымен далаға шығудан қалған.

Негізі адамның жеке және отбасылық құпияларын заңсыз жария ету 147-бап бойынша қарастырылады. Өзінің лауазымын пайдалана отырып, жеке адам немесе оның отбасы жайында мәліметтер жинап, отбасының құпиясын бұзғаны үшін 5 жыл түрме жазасына кесіледі. Мұндай қылмыс жасаған азаматтар сол лауазымды 2-5 жыл уақытқа дейін атқара алмайды. Ал құпияны жинап қана қоймай, оны әлеуметтік желі арқылы жария еткені үшін 7 жылға сотталуы әбден мүмкін.

Мәселен, бір жылдары Солтүстік Қазақстан облысының 22 жастағы тұрғыны әлеуметтік желіде ұлтаралық шиелініс тудырды деген күдікпен 3 жылға сотталған. Еліміздің тағы бір тұрғыны «Қазақстанды Ресейге қайта қосу керек» деген жазбасы үшін 5,5 жылға сотталған болатын. Қылмыстық кодекстің 174-бап бойынша әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк немесе дiни араздықты қоздыруға,  азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадiр-қасиетiн не дiни сезiмдерiн қорлауға бағытталған қасақана iс-әрекеттер жасаған адам екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Не болмаса, 161-бап бойынша басқыншылық соғысты тұтандыратын насихат жүргiзіп, жария түрде соғысқа шақырғаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар  үш жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айырылады екен.

Жалпы, билік өкілінің ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұғу және қызметтеріне кедергi жасаудың да жазасы бар.  Қазақстан Республикасы Президентiн қорлау немесе оның ар-ұжданы мен қадiр-қасиетiне қол сұққаны үшін 3000 АЕК дейінгі мөлшерде (8 млн. 751 мың теңге) айыппұл төлейді немесе 3 жылға бас бостандығынан айырылады. Ал депутатты қорлағаны үшін 2000 АЕК көлемінде (5 млн.0 834 мың теңге) айыппұл төленді. Тіпті, 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Үкімет өкiлiн қорлаған адам 300 АЕК көлемінде (875 мың теңге) айыппұл төлейді немесе осы айыппұлға тең түзету жұмысқа тартылады.

«Былтыр «Жала жабу» және «Қорлау» баптары бойынша  қылмыс жиілеп кетті. Адамдар эмоцияға беріліп, аузына келгенін айтып, аудио жібереді. Немесе әлеуметтік желіде ар-намысқа тиетін жазба қалдырады. Сөйте тұра, бұл қылығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартыламын деп ойламайды. Шынында, бұрын мұндай қылмысты дәлелдеу қиын еді. Ал қазір техникалық мүмкіндік өте көп, бірден жазбаны тіркеп, дәлелдеуге де болады», – деді заңгер Серік Айтбаев. Әлеуметтік желіде «ерігіп» отырғандар үшін ой саларлық дүние. Ертең ойланбай жазған бір сөзі үшін өмір бойы опық жеуі мүмкін. Сондықтан оқушылар мен жастар бұған ілігіп кетпеуі тиіс.