Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Қорам ауылында наурыз айында мас күйде көлік жүргізіп, жол жиегінде кетіп бара жатқан оқушы қыздарды қаққан Әсет Демесиновтың ісіне қатысты сот басталды, - деп хабарлады informburo.kz.
Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 345-1-бабының 4-бөлігімен, яғни, мас күйде екі немесе одан да көп адам өліміне алып келген жол-көлік апатын жасағаны үшін айып тағылды.
Сотқа сотталушының туыстары мен сұмдық жол апатынан қаза тапқан қыздардың туыстары қатысты. Мемлекеттік айыптаушы 55 жастағы Әсет Демесиновке тағылған айыптың мәнісін баяндады.
"Екінші наурызда сағат 18:00 шамасында Қорам ауылының Арзиев көшесімен ВАЗ автокөлігімен солтүстік бағытта келе жатып, жол ережесін өрескел бұзды. Жол жиегіне шығып кетіп, осы жол жиегімен солтүстік бағытқа қарай жаяу жүріп бара жатқан 2012 жылы туған Ибрагимова Ризвангүл, 2012 жылы туған Сапиева Карина және 2011 жылы туылған Мансурова Шахминаны қағып кетіп, жол-көлік апатын жасады. Осының салдарынан қыздар әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алып, Шелек ауылының ауруханасына жеткізілген. Медициналық куәландыру Әсет Демесиновтың ауыр дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғанын анықтады", – деді прокурор Дәурен Үмбетәлиев.
Дегенмен, сотталушының өзі ауыр дәрежеде мас болғанын жоққа шығарды. Ол тек жарты шөлмек арақ ішкенін мойындады. Ал жол жиегінде кетіп бара жатқан қыздарды көшедегі дауысқа елеңдеп, абайсызда қаққанын айтты.
"Сол күні ауылдан 15 шақырым жерде тұратын мал шаруашылық жерімде ертемен ішімдік ішкенмін. 0,5 литрлік спирттік ішімдіктің жартысын іштім. Кешкі сағат алты шамасында Қорам ауылының Арзиев көшесімен келе жатқанмын. Жолдың оң жағында кетіп бара жатқан төрт жасөспірімді көргенім анық. Оларға жақындағанда жолдың сол жағындағы тротуардан біреудің айқайлаған даусына елеңдеймін деп, өзімнің абайсыздығымнан жол апатын жасадым. Сол жақ терезем қапталған еді көрінбейді. Сол кезде қалай рөлімнің оңға бұрылғанын сезбей қалдым. Дереу көлігімді тоқтатып, далаға жүгіріп шықтым", – деді сотталушы Әсет Демесинов.
Сұмдық жол апатының кесірінен үш жасөспірім қыз зардап шеккен болатын. Оның біреуі 14 наурызда, екіншісі 4 сәуірде алған дене жарақаты салдарынан ес жимастан ауруханада көз жұмды. Ал аман қалған үшінші қыздың аяғы сынған. Жасөспірім ұзақ уақыт ем алып, жуықта үйіне жіберілді. Мемлекеттік айыптаушының мәлімдеуінше, көлік қаққан қос қыз миына қан кетуден қайтыс болған.
"Сот мединалық сараптаманың қорытындысына сай, Ибрагимова мидың екі жартылай шарына қан құйылуынан қайтыс болды. Оның бас сүйегі ауыр жарақаттанды, миы ісініп кетіп, маңдай тұсы зақымданды. Сол иығының жоғары бөлігі, жамбас сүйектері көп жерден сынған. Сапиеваның қазасы, бас миының екі жартылай шарына қан құйылудан болды. Түрлі дене жарақатын алды: бас сүйегі, бас миы ауыр жараланып, миы ісінді, желке тұсы және бауыры жарақаттанды. Бұл денсаулыққа ауыр зиян болып сараланады", – деді прокурор.
Әсет Демесинов сотта өз кінәсін толық мойындап, қатты өкінетінін жеткізді. Жәбірленуші тарап пен марқұм қыздардың туыстарынан кешірім сұрады. Алайда, оның өкінгені қайғыдан қан жұтқан отбасылардың көңіліне демеу бола алмады. Марқұм Карина Сапиеваның анасы сотталушыға мүлдем кешірім бермейтінін айтса, Ризвангүл Ибрагимованың жақындары заң бойынша қатаң жазалауды сұрады.
Соттың келесі отырысы 20 мамырда өтеді. Ол күні жол көлік апатының куәгерлерінен жауап алынады.