Ақмолада үш көлік соқтығысқан жол-көлік апатынан екі бала ауруханаға жатқызылды.
16 мамырда Зеренді АПБ кезекші бөліміне “Көкшетау-Атбасар” тасжолының 14-ші шақырымында зардап шеккендер бар жол-көлік оқиғасы болғаны туралы хабарламасы келіп түскен.
"Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері Toyota Land Cruiser маркалы автокөлігінің 37 жастағы жүргізушісі Көкшетау қаласы бағытында жүріп өтіп, басып озу маневрін жасап, қарсы қозғалыс жолағына шығып, Көкшетау қаласының 40 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан Nissan Мaxima маркалы автокөлігімен соқтығысуға жол бергенін анықтады. Соққыдан Nissan Мaxima автокөлігі Көкшетау қаласының 31 жастағы тұрғынының басқаруындағы Mitsubishi Canter маркалы автокөлігімен соқтығысқан", – деп хабарлайды ПД басқармасы.
Жол-көлік оқиғасы нәтижесінде Көкшетау қаласының жергілікті облыстық ауруханасына түрлі жарақаттармен Mitsubishi Canter маркалы автокөлігінің жүргізушісі, Nissan Maxima маркалы автокөлігінің 37 жастағы жолаушысы жеткізілді. Nissan Maxima көлігінің жолаушылары – кәмелетке толмаған екі бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі іс жүргізу басталды. Toyota Land Cruiser көлігінің жүргізушісі ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сараптама тағайындалды.