Алматыда №7 клиникалық ауруханада күзетшіні соққыға жығып, дәрігерді балағаттаған 36 жастағы тұрғын қамауға алынды. Сот отырысында ер адам кінәсін толықтай мойындап, қатаң жазаламауын сұраған.
Оқыс оқиға 8 мамыр күні №7 қалалық клиникалық ауруханада болды. Алматы тұрғыны күзетшінің мұрнын сындырып, қабылдау бөлімінің хирург дәрігеріне тіл тигізді. №7 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі мәлім еткендей, ер адам ауруханаға түскен әйеліне ерекше қарауын талап еткен. Қоғамдық орында және қызметтік міндетін атқару кезінде ар-намыс пен абыройын қорлағаны үшін дәрігер полицияға шағым түсірді. Сот отырысында ер адам кінәсін мойындап, құқықбұзушылық фактісін растады. Ол істеген ісіне өкініп, соттан қатаң жазаламауды сұрады. Алматы қалалық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тану туралы шешім қабылдады. Сот оны 5 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы қаулы шығарды.Исмаил ҚУАНЫШ