Қандастарға бөлек қалашық саламыз ба?
Қандастарға бөлек қалашық саламыз ба?
352
оқылды

Жыл басынан бері елі­мізге 4 мыңға жуық қанда­сымыз орал­ған екен. Ал тә­уел­сіздік жылдарынан бері келгендері 1 миллионнан асып жығыла­ды. Олардың ақырындап бол­сын тарихи Отанына көш тү­зеуі үшін тиімді жағдай жа­салуы тиіс екені сөзсіз. Ең құрығанда баспанасы болға­ны жөн. Еліміз бұл мақсатта біраз жо­баны іске асырды. Әйт­кенмен, кейбір кемшілік­тер де жоқ емес. Әсіресе, қан­­дастарға арналып салын­ған үйлердің сапасы сын кө­тер­мей тұр.

Сапасыз баспана қандастарды сыртқа тебер

Әңгімені әріден бастасақ. 2009-2011 жылдардағы Үкімет қау­лысы негізінде Көкшетау қала­­сының маңындағы Красный Яр деген елді мекеннен «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша 276 от­басына, атап айтқанда қандас­тарға арнап 138 қоспәтерлі жер үй са­лынған. Бірақ осы баспа­налар 10 жылдан бері таусылмай­тын мәсе­леге айналды. Былтыр Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы әбден ушық­қан проблеманы көтеріп, қан­дастар жағдайын сөз қылған еді. Красный Ярдағы сапасыз үйлер үшін мемлекет қорынан 1,2 млрд теңге шығындалған. Әр үйге ша­мамен 59 мың АҚШ доллары жұмсалып­ты. Сенатордың ай­туынша, мұн­дай ақшаға коттедж салуға болады. «Ақша талан-таражға түсіп кеткен. Құрылыс­тың сапасын көзімізбен көрген соң айтып отырмын. Биттің қа­бығындай «гипсокартон» деген материалдан салынған. Іргетас деген атымен жоқ. Еденге қара­қа­ғаз тастаған. Олар мұндай үйге қалай аренда төлейміз деп отыр. Қазақша айтқанда, бөлінген ақша толық бармай, қалтаға түс­кен. Ол үйлерге адам түгілі, мал ұс­тауға келмейді. Біз қандастары­мызды әкеліп сондай жерге кір­гізіп қойдық» деген еді Мұрат Бақтиярұлы. Сөйтсек, қандастар үшін салынған бас­паналар құ­рылысының «былығы» мұнымен бітпеген екен. Сапасыз салынғаны бір бөлек, үйлер мүлде заңдастырылмаған. Ал бұған жауапты Ақмола облысының әкімдігі қандастарды айыптаған. Алғашында тұрғындар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы шартқа отырады. 50 пайыз алғашқы жарнасын жинап, қалған сомасын 5 пайыздық мөлшерлемемен сатып алу туралы ұсыныс берілген. Әкімдік дерегіне сенсек, шарт жасаған 215 отбасының екеуі ғана жинаққа уақытылы ақша салып отырған. Ал оның себебін ақшаның тапшылығы мен үйлердің сапасыздығына байланысты деп көрсет­кен. Қазір бұл үйлерді жергілікті билік тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық балансына берген, ол арендалық баспанаға айналған. Соның өзінде тұрғындарды 73 млн теңгеге қарыздар етіп қойған. Айы­на әр отбасы шамамен 6 400 теңгенің ма­ңа­­йында төлеу керек болған. Бірақ сапасыз үйлерден қандастардың біразы көшіп те кетіпті. Әйтеуір, әкімдік қандастардың біразы алған үйлерін өзгелерге жалға беріп қойғанын айтады. Бірақ жергілікті биліктің былығын «Отандастар қорының» өкілдері әшкерелеп берген болатын. Мәселен, әкімдік қызметкерлері үйдің сапасына талап қойған қандастарға қысым көрсетіп, соның кесірінен небір оқиғалар да тіркелген. Ал облыстағы басшылар баспаналарды қалпына келтіру үшін деген желеумен 10 жылдың ішінде облыс бюджетінен 237 млн теңге жұмсаған. Одан оңалып кеткен жағдай жоқ. қандастар

Шығыстың да шарты көп

Өскемен іргесінде қандастар қоныс­танған Шығыс кенті бар. Мұнда да мәселелер жетерлік. «Нұрлы көш» бағдар­ламасы арқылы салынған баспаналар тым сапасыз екені анықталған. Ал қандастар сапа­сыз үйді өз меншігіне рәсімдей алмай отыр. Суық үйлер электр тогымен жылы­тылады. ШҚО әкімдігінің мәлімдемесі бойынша, Шығыс ауылы халқының жер­гілікті компания алдындағы электр қарызы 3 рет бюджеттен өтелген екен. 2011 жылы 40 млн теңге, 2012 жылы 38,6 млн теңге, 2013 жылы 11 млн теңге қала бюджетінен төленген. Дегенмен үйлердің сапасы реттелмейінше, қандастар бұл үйлерді заңдастыруға құлшына қоймайтын тәрізді. Осылай мыңдаған қандасымыз 10 жыл бойы әуре-сарсаңға түсіп келеді. Былтыр проблеманың себебіне жауапты тұлғаларды жазалау үшін Бас прокуратураға құжаттар жолданса да, әлі істің шешімі бола қоймағандай. Соңы сұйылып кетсе де, таңғалмасымыз хақ. Ал алдағы уақытта салынатын баспаналардың сапасына қатысты тағы шу шықпасына кім кепіл?

Ескінің күйін жаңа үйлер де кешпей ме?

Жуырда Дүниежүзі қазақтары қауым­дастығының бастамасымен Ақмола облысы Аршалы ауданындағы қандастарға арналған Агроқалашық салынатыны мәлім болды. Агроқалашықта бақандай 1 282 баспана бой көтермек. Әйтсе де, біз құрылысы енді басталған осы үйлердің сапасына осы бастан күмәндана бастадық. Қанша қаржы бөлінді, ненің есебінен, кім жауапты болмақ? Осы сауалдарды желеу етіп Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Әділбек Ыбрайымұлымен сөйлескен едік. Оның айтуынша, осы жолы бұрынғы кемшілік қайталанбайтын секілді. – Көкшетау маңындағы Красный Яр шағынауданы мен Өскемен іргесіндегі Шығыс ауылында үйлер сапасыз болып шықты. Бірақ бұл келеңсіздікке біз еш­қандай шара қолдана алмаймыз. Мем­лекеттің ақшасына салынды, сондықтан оны бақылайтын арнайы қадағалаушы мемлекеттік органдар бар. Әйткенмен, ондай келеңсіздік осы жолы салынатын үйлерде болмауы тиіс. Жаңа үйлерге мемлекет есебінен ақша бөлінбейді. Үй іргесі қаланатын аймақ қандастардың бірлесіп сатып алған жері. Яғни, әр жердің заңды иесі бар. Құрылыс «Асар» әдісімен жүргізіледі. Тұрғындар өз үйін өзі салады. Өзі салған жерде құрылыс сапалы болмақ. Әр адам өз дүниесіне жанашарлықпен қарайтыны хақ. Содан соң ол жерге көшіп келіп, үй салатын қандастардың дені – құрылысшылар. Қолынан іс келеді. Ал үй салынды делік. Көшіп келетін қандастарымыз байлар емес, қарапайым адамдар. Сондықтан олар кәсіп істеуі тиіс. Ол үшін маңайындағы 300 гектар жерге жылыжай салынады. Мал бордақылау орындары мен қолөнер ше­бер­хана­лары тұрғызылады. Тағы ескерер жайт – тек қандастар қоныстанбайды, ара­сында жергілікті халық та болады. Яғни, өзге елден келген бауырларымызды қоғамға кіріктіруіміз қажет. Ал су, электр жүйесін тарту мен мектеп, дәрігерлік мекемені жергілікті билік жасақтап береді. Әзірге құжаттары реттеліп жатыр, пан­демия болмағанда осыған дейін аяқталар игі іс еді, – дейді ол. Қорытындылайтын болсақ, қандас­тарға қатысты шешілмеген мәселе сансыз. Біз тек бір баспана тақырыбының айна­ласында толғадық. Алдағы уақытта салы­нар үйлердің сапасы берік боларына сеніміміз бар. Ал талай жылдан бері «жыры» бітпеген ескі әрі сапасыз баспана­лардың жайы не болмақ?

Мадияр ТӨЛЕУ