Бұған Үндістандағы эпидахуалдың ушығуы себеп. Әлемнің жартысын шаймен қамтып отырған Ассам штатының 90 плантациясында коронавирус ушығып тұр. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.
Шай алқабында жұмыс істейтін 500-ден астам адам вирус жұқтырған. Жұмыстың тұралауына байланысты баға қымбаттауы мүмкін.
Мамандар тез арада жағдай оңалмаса, шай жапырақтары уақтылы жиналмай қалуы мүмкін дейді. Өңірдегі қуаншылық та жығылғанға жұдырық болған. Осылайша, қазақстандықтар ең көп тұтынатын шай бағасы 10 пайызға дейін өсуі ықтимал. Ал елімізге шай тасымалдаумен айналысатындар әзірге елімізде жағдай тұрақты дейді. Өйткені қордағы былтырдан қалған тауарлар әлі толық сатылып бітпепті. Оны ескі бағасымен өткізеді. Ал биылғы сұрыптың құны жеткізілгеннен соң ғана есептеледі. Дегенмен қазір дүкен сөрелеріндегі ең арзан шай қорабы 700 теңгеден басталады.
Компания басшысы Тереза Ленова: «Карантин кезінде баға біршама көтерілді. Жалпы үнді ғана емес, шайдың барлық түрі қымбаттаған. Одан бөлек, доллар шарықтағанда да екі есеге бағасы өскен еді. Енді соңғы жағдайлардан кейін тағы 10 пайызға дейін көтерілуі әбден мүмкін. Бұл еліміздегі шай жеткізушілерге байланысты. Мәселен, қазір Ассам шайының 100 грамы 1500 теңгеден басталып, 3000 теңгеге дейін», – дейді.
Біз бұған дейін ет бағасы қымбаттағанын жазған болатынбыз.