Атом қаруынсыз әлем
Атом қаруынсыз әлем
171
оқылды

Еліміз егемендігін алып, өз алдына дербес мемлекет болғанына да 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында Қазақстанның әлем елдері арасында беделі артып, татулық пен бірлікті ту еткен ел екенін көрсетті. Бірқатар ха­лықаралық ұйымдарға жетекшілік етіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбіт саясатының арқасында адамзат тарихындағы маңызды мә­­селелерге де үн қосты. Оның ең маңыздысы – Қазақстанның яд­ро­лық қарудан түбегейлі бас тартуы. Бұл шешім атом қаруынсыз әлем құруға жол бастады.

Атом бомбасынан қазақтың көрген азабы аз емес. Кеңес Одағы Семейде 1949 жылдың 29 тамызында 22 тонналық ядролық бомбаның алғашқы сынағын өткізді. Жергілікті уақыт бойынша 07:00-де бол­ған қуатты жарылыстан аумақ бір мезетте радиациялық күлге оранған. Семей жерінде 40 жыл бойы сынақтан өткен ядролық зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе асып түседі деген дерек бар. Яғни, бір мезетте 350 миллион адамның өмірін қиюға қауқарлы. 40 жылдың бедерінде Семей жерінде бас-аяғы 470 яд­ролық қару сы­нақтан өтсе, жарылыстың 118-і жер үстінде, қалған 352-сі жер ас­тында ұйымдастырылған. Бұл сынақтар негізінен еліміздің солтүстік-шығыс және орталық аудандарына экологиялық зиянын тигізді. Семей полигонында өткізілген соңғы ядролық жарылыс 1989 жылдың 19 қазанында болса, 1991 жылдың 29 тамызында Семей полигоны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Жарлығымен жабылды. Осылайша, еліміз егемендігін алғаннан кейін өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихқа енді. Ұлт көшбасшысы Қазақстанды ядролық қарудан азат ел ретінде танытып ғана қоймай, әлем елдеріне үлгі боларлық бас­тамаларға да жан бітірді. Оның ең бастысы, АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі төртінші саммитінде жария етілген «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі. Әлем жұртшылығын елең еткізген бұл үндеу кейін «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі БҰҰ Бас Ассамблеясының және Қауіпсіздік кеңесінің ресми құжаты мәртебесін алды. Бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Әлем. XXI ғасыр» манифесі дамыған және дамушы елдердің нақты істерінің тиімді басшылығына айналып отыр. Елбасы «Соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, биологиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап табылатын басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүм­кін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды», – деп ұтымды ұсыныс білдірді. Шын­дығында, әлем елдері жеке мүддесі үшін жанталаса қаруланып, адамзат тағдырын назардан тыс қалдырып отырғаны жасырын емес. Мұндайда бір елдің тәуекелге барып, өзгелерге үлгі ұсынуы, жал­пы адамзаттық мүдде үшін әрекет етуі – кез келгеннің қолынан келе бермейтін көрегендік. Сондықтан да Елбасының манифесі жан-жақты қолдау тапты. Сондай-ақ ұлт Көшбасшысының мақаласы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит аясында АҚШ-тың The Hill атты саяси басылымында жарияланды. «Жері ядролық қару сынау үшін полигон ретінде пайдаланылған, 500 ядролық сынақтың нәтижесінде бір жарым миллионнан астам азаматы мен ауқымды территориясы радиацияға ұшыраған елі­міздің тарихи тәжірибесі бізді қауіпсіздікті басқаша түсінуге алып келді. Қару және ядролық материалдар қорын жою өңірімізге қауіпсіздік пен тұрақтылық әкелді. Алайда әлдеқайда берік қауіпсіздік барлық тараптың өзара қауіпсіздігіне бағытталған құрылымдар арқылы ғана қамтамасыз етілуі мүмкін. Ядролық қару бұдан былай Орталық Азияда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету факторы болып саналмайды», – деген Елбасының сөзін мұхиттың арғы бетіндегі халық естіп ғана қоймай, газет бетінен оқи алды. Санасына сәуле түсіп, бейбітшілік пен қауіпсіздіктің қадірін ұғынды. Татулықты ту еткен Қазақстандай елдің барын таныды. Тарихи манифест жарияланғаннан кейін АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон жаһандық қарусыздану мен таратпау үдерісіндегі Қазақстан Республикасының рөлін ерекше атап өтті. Хатшы ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан даналықтың айрықша үлгісі болғанын мәлімдеді. «Ядролық қарудан құтылудың нәтижесінде әлем Қазақстанды ядролық агрессорға айналуы мүмкін «аластатыл­ған» мемлекет ретінде қарастырмайды. Ол өзінің ядролық көршілері – Ресей мен Қытайдың дұшпанына да айналған жоқ. Сондай-ақ бүгінде Қазақстан көршілері­мен тату-бейбіт өмір сүріп келеді. Ол берік сауда қатынастарын дамытуда. «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде болашақтың энергия көздерін және бүкіл әлемнің қатысушыларына Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін көрсетті. Бұл өңірлік және халықаралық бейбітшілік пен өркендеуге елеулі үлес қосып отырған заманауи мемлекет. Қазақстан өзінің ше­ші­мінен тек пайда көрді», – деді АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы. «Бұрынғы кәсіби қызметімде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірнеше рет кездестім және оған осы шешім туралы сұрақ қоюыма мүмкіндік болды. Ол маған бұл шешімге ешқашан өкінбейтінін және сол күндердің бірінде бұл жоба жас еліміз үшін жасаған ең зор жақсылығы екенін айтқан болатын», – деп Рекс Тиллерсон Елбасының көрегендігін де ерекше бағалап өткен. 2012 жылғы 29 тамызда Қазақстан тағы да төрткүл әлемді таңғалдырды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада өткен Халықаралық парламентаралық конференцияда ядролық қарудың сынақ­тарын біржола тоқтатуға және ядролық қаруды түбегейлі жоюға ғаламдық қоғамдық қолдау ретінде «АТОМ» жобасын жариялады. «Жаһандық қоғамдастықты оған түбегейлі және түпкілікті тыйым салу жө­нінде неғұрлым батыл іс-қимылдарға итермелеу үшін біздің ядролық сынақтардың қайғылы зардаптарын тағы да әлем­нің есіне салуға мүмкін-дігіміз бар. Жобаның аясында, әлемдік көшбасшыларды ядролық қару сынақтарын мәңгілік тыйым салуға шақыра отырып, ядролық қару сынақтарын тоқтату шартының күшіне енуін тез арада қамтамасыз етудің жолымен, ядролық қаруға қарсы келген барлық халық онлайн петицияға қол қоя алады. Конференцияның қатысушыларын, барлық адамзатты өз еркімен «АТОМ» жобасын қолдауға және ядролық қарусыз әлем құру ортақ мақсатымыз етуге шақырамын», – деді Елбасы Н.Назарбаев жаңа құнды құжатта. Мұндай бастамаға әлем елдері жаппай қолдау білдіріп, бүгінгі күні 100-ден астам мемлекетте 70 000-нан астам адам «АТОМ» жобасының www.theatom­project.org сайтындағы онлайн-петициясына қол қойған. Осылайша, «АТОМ» жобасы ядролық қару сынағына қарсы бүкіләлемдік қоғамның ойын біріктіру мақсатына арналған халықаралық науқанға айналды. Ал егеменді еліміз көреген Көшбасшысының арқасында төрткүл әлемге өзін тағы да бейбітшілік мекені ретінде көрсетті. Иә, адамзат баласы жаратылысынан билік пен күш-қуатты қаруда деп біліп келді. Алайда жаңа ғасыр адамдар алдына жаңа талаптар қойып отыр. Яғни, біз ядролық қарудан түбегейлі бас тартамыз немесе орны толмас өкінішке тап боламыз. Бұрынғы көзқарастардың көнергенін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Сондықтан жаңаша таным мен байлам жасайтын уақыт жетті. Бұл тұста тәуелсіз Қазақстан талайға үлгі көрсетуде. Енді тек осы бағыттан таймай, бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтай білсек игі.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы