Қалада бар, баланста жоқ
Қалада бар, баланста жоқ
210
оқылды

Құрылысы біткенмен, балансқа алынбай, анда тарт та-мұнда тарт  «қырылысы» басталған тұрғын үйлер мен арнайы салынған мемлекеттік ғимараттардың жыры бітер емес. Мысалы, Қарағанды қаласында «Шапағат» тұрғын үй кешенінде жарымжан күй кешкен жалғыз үй бар. Бірнеше жыл болды, не әкімдік балансында жоқ, не жартысы салынбаған. Ал бес жыл бұрын салынған Сарышаған кентіндегі екі қабатты вокзал ғимаратының құжаты тағы жоқ... 

Жарымжан күй – кешкен үй

Қарағандының қақ ортасында жұрт атын естісе, безе қашатын, кешегі «Бесоба» – бүгінгі «Шапағат» тұрғын үй кешенінде жарымжан күй кешкен жалғыз үй бар. Нақты мекенжайы – Республика даңғылы, №1/4. Жарымжан дейтін себебі, бұл үйдің шын мәнінде жартысы жоқ. Жоспарда 4 подъезді үйдің бес жылдан бері екі подъезі салынбай тұр. Қыс түссе, шеткі подъездегі тұрғындар жылу жүйесі қатып қалмасын деп құбырларын қымтап-орап, әуреге түседі. Жер қарая балшықты тобықтан кешіп, шашылып-төгілген қоқыспен алысып әлек. Ең аяғы бұл үйдің маңында дәтке қуат болатын бір жарық көзі жоқ. Бағандар самсап орнатылған. Бірақ біреуінің шамы жанған емес. Бұл үйдің тұрғындары қанша шағымданса да, кімге шағымданса да, елең қылған пенде табылмай тұр. Ең қызығы, бұл үй әкімдіктің балансында жоқ! Сондықтан баланста жоқ үйдің проблемасына билік те бас ауыртқысы келмейтін секілді. Бұл үй туралы Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті де жазды. Бірақ мәселе мызғымай орнында тұр. Онда: «Как корабль назовешь, так он и поплывет» дейді орыстар. Қазаққа қаншалықты қатысы бар-жоғын білмедік. Әйтеуір, «қазіргі «Шапағаттың» орнында болған, 2009 жылы пайдалануға беріліп, 2012 жылы бір-ақ күнде қопарылып, үйіндіге айналған «Бесоба» тұрғын үй кешенінің орналасқан жері осал, құрылыстың сапасы нашар болып шықты» деген қорытынды шығарды комиссия. Элиталық үй саламыз деп, азуын айға білегенімен, «КарПромИнвест» ЖШС семіз сөйлеп, арық шықты. Аты «Бесоба» болғандықтан, «тұрғын үй кешенінің әуелден маңдайында жазылғаны – осы» деп еді жұрт, оның орнына аты да құлаққа жағымды «Шапағат» тұрғын үй кешені бой көтерді. Бұл үйдің алғашқы екі подъезі тұрғындарға тапсырылған 5 жылдан бері қалған екеуінде құрылыс тоқтап тұр. Өйткені алғашында құрылыс нормалары бұзылған. Содан бері құрылыс жалғасуы тиіс пе, болмаса бұзылуы керек пе, нақты шешім қабылданбаған» деп толғады. Иә, күн жылына жыл сайын құрылыс­шылар келіп, бой көрсеткенімен, мәреге жеткен құрылыс жоқ. Осы үйде ПИК мін­детін атқарып отырған жеке кәсіпкер Меруерт Сәдуованың айтуынша, бірнеше рет хат жазылған. Тұрғындардың арыз-шағымы негізінде осы үйдің тұрғыны Әділжан Нұрпейісов «Сенім 109» қызметіне хат жолдаған. Хатында бұл мәселені көтеріп, бір шешімін шығаруды өтінген. Хат орыс тілінде жазылған. Сөзбе-сөз алар болсақ: «Решение данной проблемы нельзя так долго игнорировать! Наличие недостроен­ного дома во дворе микрорайона «Шапагат» во-первых, вызывает постоянное бес­покойствие у жителей микрорайона, чьи несовершеннолетние дети учатся в школе во вторую смену, возвращаются домой самостоятельно и зимой проходят мимо него в темное время суток (подобные строения – повод для криминальных элементов). Во-вторых, препятствует благоустроиству значительной части общего двора целого микрорайона (отсутствует детские площадки, парковки для автомашин и пр.). В третьих, препятствует укладке асфальтированной дороги и тротуара с внешней стороны дома пр. Республики 1/4, по этой причине в межсезонье на дороге постоянно грязь, слякоть: невозможно нормально проехать на машине или пройти» делінген. Оған Қарағанды қаласының құрылыс бөлімінің берген жауабы бойынша үй құрылысының бұрын бекітілген жобасына түзету жүргізілуде. Сараптама қорытын­дысы алынғаннан кейін жобалау жұмыс­тары 2020 жылғы қазанда аяқталады. Яғни, содан кейін ғана барып, Республика даң­ғылы, №1/4  үйдің 3 және 4 блок-сек­цияларының құрылысын аяқтауға қаржы бөлу үшін бюджетке өтінім беріледі. Бұл – өткен жылғы жауап. Бұған дейін де талай жазылып, осы тектес жауап алынғанымен, құрылыстың басталатын түрі жоқ. Демек, салына қоятын үй де, төселе қоятын жолдың да ауылы алыс тәрізді. Қиыны – үйдің іргесіндегі қоқыс контейнері. Онсыз да «Шапағаттың» қо­қысын әкетуге құлықсыз «ГорКом­Транстың» көлігі ырғалып-жырғалып жеткенше тұрғындар желдің соқпауын Құдайдан тілеп отырады. Себебі осындай кезде үйден шыға қалсаңыз, жеңіл-желпі қоқыстың бәрі бетке келіп жабысады. Желді күні үйден шығуға да қорқатын болдық, – дейді Меруерт Сәдуова. Қазыбек би ауданы әкімдігіне қоқыс контейнерлерінің орнын ауыстыруды сұраған хатына аталмыш ауданның әкімі орынбасарының міндетін атқарушы М.Қожанов «Қарағанды қаласында құры­лыс­тың тығыз салынуына және барлық санитарлық нормаларды сақтау мүмкін­дігінің болмауына байланысты аталған контейнерлік алаңды жоғарыда көрсетілген мекенжайға көшіру мүмкін емес» деген жауап келген.

Ғимаратта құжат жоқ

Бес жыл бұрын Қарағанды облысына қарасты Сарышаған кентінде екі қабатты вокзал ғимараты салынып, тұрғындар игілігіне берілген. Алайда вокзал халыққа толыққанды қызмет көрсете алмай отыр. Себеп – ғимарат құжатын ресімдеуде қиындықтар туындауда. «Сарышаған кенті – Ақтоғай ауданын­дағы халық көп шоғырланған іргелі елді мекен. Қазақстанның әртүрлі аймақтарын байланыстыратын маңызды көлік торабы. Олай дейтініміз, кент үстінен 16 бағытта 46 пойыз, Алматы–Екатеринбург тасжолы өтеді. Сондықтан күніне еліміздің әр тарапынан сабылған мыңдаған жолаушы, жүздеген техника ат шалдырады мұнда. Сонымен қатар іргелес жатқан Приозерск, тіптен Балқаш қаласының тұрғындары да Сарышаған кентіндегі вокзал арқылы пойызға мінеді» деп редакцияға хат жазған екен осы аудан тұрғыны Думан Қабыл. Батыс пен шығысты байланыстырып, елдің экономикасының күретамырына айналып, сауда-саттығын қыздырған ежелгі Жібек жолының бір тармағы осы Сарышаған жері арқылы өтті десек, бүгінгі теміржол, республикалық маңыздағы автомагистраль сол үрдісті жаңғыртып, жандандырып отыр. Әрине, сол кездің өзінде Жібек жолының бойында кіре тартқан саудагер мен жолаушы түсетін керуен сарайлар болған ежелден тоғыз жолдың торабында жатқан аталмыш елді мекеннің жылдан-жылға әлеуеті арта беретіні анық. Дей тұрғанмен, жолаушы­ларға жайлы жағдай жасау – басты міндет. Осы мақсатта 2016 жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында 262,7 млн теңгеге қосқабатты теміржол вокзалы салынып, пайдалануға берілді. Нысанның жалпы ауданы 1 530 шаршыметрді құрайды. Тап­сырысты жүзеге асырған мердігер «Спи­кер» ЖШС. Тапсырыс беруші – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы. «Мәселенің мән-жайын білмек үшін Сарышаған стансасының аға вокзал жетекшісі Әсел Төлеуоваға телефон арқылы хабарластық. Оның айтуынша, бүгінде ғимараттың мемлекеттік актісі ғана жасалған. «Қалған құжаттарды жыл соңына дейін бітіреміз. Вокзалдың құжаттары реттелген соң қажетті қызметтерді іске қосамыз», – дейді Сарышаған стансасының аға вокзал жетекшісі Әсел Төлеуова.

Тобықтай түйін:

Әрине, жоғарыда аталған үй мен ғимарат қана емес, бірнеше құрылыс нысандары осындай күйді кешуде. Құры­лысы бітпей жатып тұрғындарды қоныс­тойын тойлатқызып алып, екі бірдей подъезді аяқтамай тастаған мердігерге не дейміз? Бұған кім жауапты? Сұрақ көп, жауабы болса...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы