Прокуратура Түркістанда қалалық әкімдік ғимаратын арзан бағаға сатып жібергендерді әшкереледі
Прокуратура Түркістанда қалалық әкімдік ғимаратын арзан бағаға сатып жібергендерді әшкереледі
298
оқылды

Azattyq Rýhy-ның жазуынша, әкімдік ғимаратты сатпас бұрын бюджет қаржысына күрделі жөндеуден өткізіп берген.

Түркістандағы 4 қабатты ғимарат Есім хан алаңында орналасқан. Ол жер Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен небәрі 300 метр қашықтықта тұр. Жалпы көлемі 2554,7 шаршы метрден асады. Оған әкімдік 2018 жылы 257,1 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Былтыр 18 тамызда шыққан әкімнің қаулысы негізінде ғимарат электронды сауда-саттыққа қойылып, көкшетаулық 74 жастағы зейнеткер әйелге 313 миллион 736 мың теңгеге сатылады. Іргетасы 1972 жылы қаланған нысанды осылайша шағын бизнесі бар Құлбибі Бектасова ұтады. Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбектің мәліметінше, әкімдік электронды аукцион өткізгенде оған бір ғана адам қатысып, жеңімпаз болып шыққан. Талап бойынша аукционға қатысушы ұйымның саны екіден кем болған жағдайда конкурс өткізілмеуі тиіс. Жеңімпаз болған әйел әлгі ғимаратты қонақүйге айналдырмақ болады. Алайда, шенеуніктердің әрекетін прокуратура біліп қойып, әкімдікті сотқа берген. «Жекешелендіру объектісінің нарықтық құнын бағалау туралы 2020 жылғы 18 тамыздағы №99 санды келісімшартты жарамсыз деп танып, күшін жою. «Бағалау және сараптама» ЖШС 2020 жылғы 18 тамыздағы № H10-08 жылжымайтын мүлікті бағалау туралы есебін жарамсыз деп танып, күшін жою. 2020 жылғы 7 қазандағы электрондық аукционның қорытындысының № 163366 санды хаттамасын жарамсыз деп танып, күшін жою. 2020 жылғы 8 қазандағы «Түркістан қаласы әкімдігінің Экономика және қаржы бөлімі» ММ мен жеке кәсіпкер Құлбибі Бектасова арасындағы ғимаратты сатып алу-сату туралы № 21408-ЭТП санды келісімшартын жарамсыз деп танып, күшін жою. 2020 жылғы 19 қазандағы «Түркістан қаласы әкімінің аппараты» ММ мен жеке кәсіпкер Құлбибі Бектасова арасындағы № 1 санды мемлекеттік мүлікті сатып алу-сату бойынша қабылдау-өткізу актісін жарамсыз деп танып, күшін жою», – дейді Түркістан қаласының прокуроры Жаннұр Ахметбек.

Ғимарат сатылып кеткендіктен, қалалық әкімдіктің жүздеген қызметкері екі жылдан бері жалға алынған өзге ғимараттарды жағалап жүр.

Осы ғимаратқа қатысты шығарылған сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ.