Арал ахуалы алаңдатады
Арал ахуалы алаңдатады
241
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Нұр-Сұлтан қаласындағы Бағдарламалар кеңсесінің басшысы Фолькер Фробартпен кездесті. Жүздесу барысында Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Сенат Төрағасы елімізде Мемлекет басшысының бас­та­масымен іске асырылып жат­қан маңызды саяси рефор­малар жөнінде айтып өтті. Соның ішін­де сайлау туралы заң­на­маларға енгізілетін өзгеріс­терге кеңінен тоқталды. «Биыл 15 қаңтарда Пар­ла­менттің жаңа шақырылымының сессиясы ашылды. Сол жиында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар саяси бас­тамаларды ұсынды. Нақты айт­қанда, саяси партиялардың Пар­­ламент Мәжілісіне және мәслихаттарға өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету ұсы­нылды. Сондай-ақ сайлау бюл­летеньдеріне «Бәріне қар­сымын» деген жазуды қосу мәселесі көтерілді. Қазір тиісті заң жо­басын Сенат қарап жатыр», – деді М.Әшімбаев. Сонымен қатар сұхбат­та­сушылар халықаралық мәсе­лелерге де назар аударды. Оған сәйкес кездесу кезінде Орталық Азия елдерінің өзара қарым-қатынасын дамыту және Ауған­станды қалпына келтіру мәсе­лелері талқыланды. Бұдан бөлек, әңгіме барысында екі жақ өңірде су ресурстарын пайдалану, оның ішінде Арал теңізінің эколо­гиялық ахуалы жайында сөз қозғады. «Арал теңізінің қазіргі ахуалы Орталық Азия елдеріндегі мил­лиондаған тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Біздің елдеріміз ха­лық­аралық ұйымдармен бір­лесіп, Арал теңізі бас­сей­ніндегі эко­логиялық және әлеуметтік-эко­номикалық дағ­дарысты еңсеру үшін жұмыс істеуде. Өңір ел­дерінің бас­тамасымен құ­рылған Халықаралық Аралды құтқару қоры жұмыс істеп тұр. Қазақстан Арал теңізін қалпына келтіру бағдарламасын іске асыру ая­сында су көлемін ұлғайтты»,– деді Мәулен Әшімбаев. Кездесу соңында екі тарап Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасын­дағы ынтымақтастықты арт­тыруға мүдделі екенін білдірді.  

Елдос СЕНБАЙ