18 мамыр – Халықаралық музейлер күні. Осыған орай еліміздің бірнеше өңірінде «Музейдегі түн» акциясы өтті. Коронавирус инфекциясының таралуына байланысты шара екінші жыл қатарынан онлайн режимде ұйымдастырылды.
Елордадағы Ұлттық музейде өткен акцияның тақырыбы – «Музейлердің болашағы: қалпына келтіру және жаңарту». Іс-шараның ашылу салтанатында музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы сөз сөйлеп, көпшілікті Халықаралық музейлер күнімен құттықтады. Акцияның онлайн өтіп жатқанын, мұның ұлттық құндылықтарды, тарихымызды, халқымыздың салт-дәстүрлері мен мұражай ісін насихаттауға бағытталғанын атап өтті. Музей қызметкерлері көрермендер үшін көрме мен көрме залдарына онлайн тур ұйымдастырып, қазақ халқының материалдық және материалдық емес мәдениетінің ежелгі қорымдары мен құндылықтарының тарихын айтты. Ал Өскеменде «Музей түнінің» негізгі бөлігі «Алаш асылдары» графикалық портрет байқауы болды. Байқау Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Алаш үкіметінің көшбасшысы, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналды. Осылайша, байқауға Өскемен, Семей қалалары мен Тарбағатай, Катонқарағай аудандарынан 17 қатысушы 30 портретті (акварель, пастель, тушь, қауырсын, гуашь, аралас техника) ұсынған. Алматыда да аталған іс-шара онлайн форматта өтті. Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК Алматы музейі, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей кешені, Д.Қонаев музейі, Мультимедиялық дәстүрлі музыка орталығы, Н. Тілендиевтің мемориалды музейлерінде «Музей түні» онлайн акциясын ұйымдастырды.А. ЖОЛДАС