Алматы маңында жол апатынан полиция қызметкері қаза тапты
Алматы маңында жол апатынан полиция қызметкері қаза тапты
5,122
оқылды
Алматы облысында полиция қызметкері жол апатынан көз жұмды, деп хабарлайды қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Жол апаты бүгін таңғы сағат тоғыз шамасында Алматы облысының Қарасай ауданында болды. Ведомствоның мәліметінше, Көлді-Жалпақсай тас жолында «Mazda-626» автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, 22 жастағы Алматы қаласы патрульдік полициясының инспекторы Нәдір Қалымов тізгіндеген «Lada Granta» автокөлігімен соқтығысқан. Соққы инерциясымен «Lada» жол шетіне қарай ұшып кетіп, ағашқа соғылған. «Полиция кіші сержанты Н. Қалымов түнгі ауысымнан үйіне қайтып келе жатқан, бірақ ол үйіне сол күйі жете алмады. Полицей алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Әртүрлі дене жарақаттарын алған «Mazda-626» көлігінің жүргізушісі ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада. Аталған факті бойынша Алматы облысы ПД Қарасай ауданының полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізеді. Полиция кіші сержанты Нәдір Қалымов ішкі істер органдарында 2019 жылдың қыркүйегінен бастап қызмет етті. Оның артында анасы мен жүкті келіншегі қалды.