Қарағандыда аптасына 200 мың теңге тапқан қыз 10 жылға сотталды
Қарағандыда аптасына 200 мың теңге тапқан қыз 10 жылға сотталды
5,125
оқылды
Қарағанды облысында АК-159/9 колониясында жазасын өтеп жатқан қыз синтетикалық есірткі сатуды қалай бастағанын айтып берді, деп хабарлайды өңірлік қылмыстық-атқару жүйесінің департаменті.  
"Қаржы жағынан қиындық болды. Сол кезде белгісіз біреу әлеуметтік желі арқылы хабарлама жіберді. Онда жоғары жалақысы бар жұмысқа адам іздеп жатқанын айтқан. Желілік маркетинг емес деді. Мен бірден келістім", - дейді сотталушы.
Оның айтуынша, синтетикалық есірткінің бір дозасы үшін 1 200 теңге төлеген. Ал аптасына 200 мың теңге табыс тапқан.
"Есірткінің алғашқы партиясын алу үшін нақты талаптар да болды. Ұялы телефонға алдын ала 30 мың теңге жіберу керек немесе жеке куәлігімен бірге фотосурет жіберу қажет. Сөйтіп, артынан маған синтетикалық есірткінің алғашқы партиясы жатқан жердің фотосын жіберді", - дейді қыз.
Ол есірткіні бөлек дозамен буып-түйіп, тапсырыс беруші айтқан жерге тығып жүрген. Фотосын жіберіп отырған.
"Мен қатты қорқып жүрдім. Аулаға патрульдік көлік кіріп келсе, зәрем ұшатын. Артынан тапсырыс беруші есірткіні көбірек тығуды талап етті. Бірақ мен ойыннан шығуға шешім қабылдадым. Telegram-арнаны ашып, сол арқылы сата бастадым. Айына бір аптадай жұмыс істедім. Сол кезде сыртымнан біреу бақылап жүргендей болатын", - деді ол.
Бір күні үйге полиция кіріп келеді. Олар  сатуға дайын тұрған есірткінің үстінен түскен. Қызды 10 жылға соттап жіберді.
"Мен қазір қатты өкінемін. Барлығына айтарым, жеңіл ақша табамын деп түрмеден бір-ақ шығасыз. Текке ұзақ уақытқа бостандықтан айырыласыз", - деді сотталушы.
Бүгінгі таңда Қарағандыдағы әйелдер колониясында 100 әйел есірткі қылмысы үшін жазасын өтеп жатыр. Бұған дейін ер адамды әйелі мен балалары өлтіріп, үйдің маңына көміп, үстіне бетон құйып, тауық қора салып салғанын жазған болатынбыз.