Желдей ескен жалған ақпар...
Қазіргі қоғам ақпарат арасында «адасып» жүр. Әркімге медиагигиена керек-ақ. Әлеуметтік желіге қандай да бір фото, видео, сілтеме жүктемес бұрын оның рас-өтірігіне көз жеткізу қажет. Сонда өздігінен жалған ақпаратқа қарсы иммунитет пайда болады.
ХХІ ғасырда медианарықта ақпарат көлемі артып, қолжетімді бола түсті. Сәйкесінше, мамандар ақпараттың дұрыс-бұрысын тексеріп, жариялаймын дегенше рейтинг «дабыл» қақты. Сол себепті кейбір БАҚ өкілдері тек «тасымалдаушыға» айналды. Ал сүзгіден өткізу мен тереңіне бойлау оқырманның иелігіне өтті. Салдарынан халық билік органдарына, сенімді дереккөздерге сенуден қалды. Бұл – қазіргі медианың бас ауруы. Аталған жайт елімізде ғана емес, әлемдік ақпарат кеңістігінде мәселе тудырды.
«Сайттан киім-кешек аларда мұқият тексереміз, тұтынушы пікірін оқимыз. Көз жеткізген соң ғана тапсырыс береміз. Ақпаратты да солай тексеру керек». Украина журналисі Виктория Романюк дөп басып айтқан. Фактчекинг жүргізу маңызды. Мұны еліміздегі медиа тренер Жұлдыз Әбілда да қолдайды. Белгілі журналистің айтуынша, қазір журналистердің өзі әлеуметтік желідегі чатқа «Мынау рас па?» деп сілтемемен бөліседі. Ал бұл қоғамда кереғар пікір қалыптастырады. Жұлдыз Әбілданың ойынша, жалпы халыққа қатысы бар дүниені таратарда сүзгіден өткізген абзал.
«Бұрын «көзбен көріп, қолмен ұстаған нәрсеге ғана сен» дейтінбіз. Ал қазір көзбен көріп, қолмен ұстаған нәрсеге де күмәнмен қарау керек. Ақпарат көп. Оның рас-өтірігін тексеріп жатпай, таратып жатырмыз. Бәрін «жұтып» жатырмыз. Қарапайым жұртты былай қойғанда, журналистердің өзі сын көзбен қарамай, ақылға сыймайтын ақпаратты тарата береді. Бұл – тобырға айналуға апарар жол. Күресу керек. Ең болмаса, тексерілмеген ақпаратты таратпауға, сын көзбен қарауға ұмтылу қажет. Мүмкіндігінше ақпараттың рас-өтірігін тексерудің қарапайым әдістерін білген жөн», – дейді медиа тренер Жұлдыз Әбілда.
Ал Factcheck.kz сайтының бас редакторы Думан Смақов соңғы кезде әлем медиасында жалған ақпарат көбейгенін атап өтті. Мәселен, Қытайда шыққан коронавирус індеті туралы, әсіресе орыстілді ақпарат көздерінде, тіпті ағылшын тілінде де жалған ақпарат өріп жүргенін айтады. Осындайда фактчекинг күрес жүргізудегі басты құрал екен. Журналистің айтуынша, кез келген ақпаратты таратпас бұрын журналист верификация жасау керек. Ақпараттың рас-өтірігін анықтау – маңызды. Егер де ақпараттың рас-өтірігі тексерілмесе, бастапқы дереккөзіне, ресми орындарға деген сенімсіздік туындайды. Халық арасында дүрдараздық, қорқыныш пен үрей туып, қаңқу әңгіме көбейеді. Мәселен, әлем халқы коронавирусты қалай жеңеміз деп дал болып жатқанда, түрлі ақпарат көздерінде шындыққа жанаспайтын материал тараған. Осы тұрғыда Еуразиялық фактчекерлер желісі тізе қосып, бірнеше зерттеу материалын дайындап жатыр. Думан Смақов қазір фактчекингті журналистиканың форматы деп емес, қазіргі медианың бір бөлшегі, мызғымас бөлігі ретінде қарастыру керек екенін меңзеді.
«Factcheck.kz сайтының тәжірибесін мысалға келтірсек, Қазақстанда 100-ге жуық жалған ақпаратты анықтадық. Олардың ішінде елдегі шенеуніктердің жалған сөзі, тіпті бұрынғы, қазіргі Президенттердің пікірі бар. Оған қазақстандық медиа таратқан жалған ақпаратты қосыңыз. Оның ішінде этикаға сай емес ақпарат, журналистік зерттеуде жалған дәлел ұсыну бар. Мәселен, жақында елімізде балабақшадан гөрі мешіт салу жиіледі деген ақпарат тарады. Біз соны зерттеп көрдік. Соңғы 5 жылда елімізде мешіт салу көрсеткіші төмендепті. Әлеуметтік нысан салу бірде өсіп, бірде төмендеген. Мұндай мысал көп. Бастысы фейк ақпаратқа қарсы иммунитет қалыптастыру керек», – дейді Думан Смақов.
Сондай-ақ журналистке «Адамдар неге жалған ақпаратқа құмар?» деп сұрақ қойдық. Оның айтуынша, адам эмоцияға басымдық бергендіктен, ақпараттың парқына бармайды. Көп жағдайда дұрыс-бұрысына назар аудармай, көре сала сезімге беріліп таратып жібереді. Нәтижесінде, эмоционалды әлсіздікті меңгерген «әккілер» жалған ақпарат тасымалдауға бейім болады.
Расымен де, қоғамның әлсіз тұсын пайдалану – заңдылық. Бірақ «сең қозғайтындар» ақпарат аудиторияны тәрбиелеп отырғанын ұмытпаса екен. Елдің фейк ақпаратқа қарсы иммунитетін оятсақ, олардың бананда коронавирустың жоғына көзі жетіп, суреттен қасқыр мен итті ажырата алатын болады.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ