Жамбылдықтар полицияға ерікті түрде 115 қару тапсырды
Жамбылдықтар полицияға ерікті түрде 115 қару тапсырды
171
оқылды
Жамбыл облысының тұрғындары полицияға 115 атыс қаруы және 1 граната тапсырды, деп хабарлайды inform.kz. Ағымдағы жылдың 20 сәуірінен бастап Жамбыл облысында халықтан заңсыз сақталған қару-жарақты сатып алу бойынша дәстүрлі республикалық акция өтіп жатыр. Бұл акцияны өткізуге 10 миллион 404 мың теңге бөлінді. Сыйақы мөлшерін комиссиялар айқындайды. Ерікті түрде тапсырғандар үшін төлем сомасы қарудың түріне, оның техникалық жай-күйіне байланысты және әрбір бірлік үшін 30 мыңнан 300 мың теңгеге дейін төленеді.
«Акция басталғаннан бері полиция органдарына азаматтардан 90 өтініш келіп түсті. Жалпы сомасы 7 миллион 403 мың теңгеге 115 бірлік атыс қаруы тапсырылды. Оның ішінде 24 бірлік ойық ұңғылы, 90 бірлік тегіс ұңғылы, 1 бірлік травматикалық қару, сондай - ақ, 1 жауынгерлік қол жарықшақты граната бар», – дейді Жамбыл облысы ПД ӘПБ бастығы, полиция полковнигі Мәмбет Смайылов.
Жамбыл облысы Полиция департаменті заңсыз сақталған қару-жарақ, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсыруға ниет білдірген азаматтар қылмыстық және әкімшілік жауаптылықтан босатылатындығын ескертеді.