Биылғы бюджет қайта нақтыланды. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен палата отырысында «2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңына түзету енгізетін заң қабылданды. Сонымен қатар сайлау туралы заңдар да қабылданды. Енді аудандық маңызды қалалардың, ауылдар мен кенттердің әкімдері тікелей сайланады. Сайлауға жасы 25-ке толған азамат қатыса алады.
Үкіметтің мәлімдеуінше, 2021 жылдың 10 қаңтарында өткен Мәжіліс сайлауында қазақстандықтардың басым бөлігі қолдаған «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты 2025 жылға дейінгі сайлау алдындағы бағдарламасын іске асыру үшін қаржы қарастырылды. Бюджетті қайта қарау медицина және ішкі істер органдары қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге, студенттердің стипендиясы мен талапкерлерге арналған білім гранттары санын арттыруға мүмкіндік береді. Түзетулер коронавирус індетімен күресті күшейтіп, мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін іске асырады. Инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуына да ықпал етпек: 3 500-ден астам ауылды жаңғырту, жолдар салу және жөндеу, халықты таза ауызсумен қамтамасыз ету сияқты бірқатар ауқымды жұмыс атқарылады. – «Ауыл – ел бесігі» жобасына бөлінген қаражат көбейтіліп, 106 миллиард теңгеге жетті. Соның есебінен мыңдаған жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. 1 мыңнан астам әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысанын салу және жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыспен қамтудың Жол картасын қосымша қаржыландыру арқылы 127 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Сондай-ақ 5 мыңнан астам бизнес-жобаға несие беріліп, нәтижесінде 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Нақтыланған бюджет еліміздің экономикалық дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз, – деді М.Әшімбаев. Ол қаражаттың тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету аса маңызды екенін атап өтті. Барлық бюджеттік шығын нақты нәтиже беруі керегіне назар аударып, бюджеттің әр тиынына дейін орнымен жұмсалуы тиіс екенін айтты. Бюджет тапшылығын қысқарту да маңызды міндет болып қала береді. Бюджеттің елеулі бөлігі Ұлттық қордан алынады. «Ұлттық қорға сүйене бермей, бюджет шығындары қандай кірістердің есебінен өтелетінін нақты білуіміз керек. 2022 жылы Ұлттық қордан 550 миллиард теңге көлемінде мақсатты трансферт қарастырылуда. Соны ескерсек, келесі жылы да салық түсімдерін бюджеттік міндеттемелерді орындауға жеткілікті деңгейге жеткізу жоспарланып отырмағанын байқаймыз. Әлеуметтік бастамаларды іске асыру үшін біз тағы Ұлттық қордағы қаражатты пайдалануға мәжбүрміз. Оның бәрі тұрақты сипатқа ие шығындар. Ендеше ол Ұлттық қор есебінен қаржыландырылмауы керек», – деді сенатор О.Перепечина. Сенаторлар алдағы уақытта жауапты мемлекеттік органдар экономиканы әртараптандыру мәселесіне баса мән беріп, пандемия салдарын азайтуға және бөлінген қаражатты, Ұлттық қор трансфертін тиімді пайдалануға ерекше көңіл бөлу қажетін тілге тиек етті. Бюджетке түзетулер Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруды қаржыландыру аясында енгізілді.Елдос СЕНБАЙ