Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар бірқатар жаңа заң жобасын құптады. Соның ішінде Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуге қатысты заң жобасын I оқылымда мақұлдады.
Заң жобасы қашықтан жұмыс істеуге байланысты еңбек қатынастарын жетілдіру және реттеу мақсатында әзірленіп отыр. – Әрбір заманның, әрбір уақыттың өз талабы бар. Барлық сала қазіргі заман талабына сай болуы керек. Сол үшін бұл заң жобасында тұңғыш рет «қашықтан жұмыс» деген норманы енгізіп отырмыз. Бұл да – уақыт талабы. Себебі пандемия кезінде қашықтан жұмыс істеудің пайдалы әрі тиімді екеніне бәріміз көз жеткіздік. Сондықтан жұмыстың осы жаңа форматы заң деңгейінде реттелуі керек деп есептеймін. Бұл да дәстүрлі, «стационарлы» жұмыс сияқты қалыпты, заңды жұмыс форматы болады. Бұл ретте дәстүрлі еңбек қатынастарына қатысты барлық мәселе еңбек заңнамасында жеткілікті қарастырылған. Ал қашықтан жұмыс саласы күні бүгінге дейін қарастырылмай, орны олқы соғып тұрды, – деді Нұрлан Нығматулин. Спикер қашықтан жұмыс істеу форматының заңдастырылуына байланысты бүкіл нормативтік-құқықтық актілерді өзектілендіру маңызды екенін Үкіметтің қаперіне салды. Осы заң жобасын талқылау барысында депутаттар ұғымдық аппаратты пысықтады. Мысалы, «қашықтан аралас жұмыс істеу», «хабарлама» терминдері заңнамаға енгізіледі. Бұдан бөлек, төтенше немесе соғыс жағдайы, төтенше жағдай енгізілген кезеңде не өзге де шектеу іс-шаралары қолға алынғанда, сондай-ақ жұмыскерлердің өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін өзге де жағдайларда жұмыс берушінің актісімен аталған жағдайлар жойылғанша қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеуге немесе қашықтан аралас жұмыс істеуге көшіру құқығы енгізілмек. Жұмыс берушінің актісіне сәйкес жабдықты, бағдарламалық-техникалық құралдарды, коммуникация-байланыс құралдарын, байланыс қызметтерін, ақпаратты қорғау құралдарын және өзге де құралдарды қоса алғанда, еңбек функцияларын қашықтан орындайтын жұмыскерге жұмыс беруші беретін құралдар тізбесі нақтыланып отыр. Қашықтан жұмыс істеу жүзеге асырылатын орынды белгілеу және басқа мәселелер бөлігінде жекелеген нормаларды нақтылайтын және заң жобасының мазмұнын жақсартатын түзетулер енгізілді. Сонымен қатар отырыста депутаттар «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» заң жобасын I оқылымда ілеспе түзетулерімен мақұлдады. Жоба мемлекеттік құпия саналатын ақпараттарды пайдалану кезінде мемлекеттік құрылымдар арасындағы қатынас пен өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін арнаулы қызметке қатысты. Құжат фельдъегерлік байланыс саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленді.Айхан ШӘРІП