Облыс аумағында жақында 40 гектар орманды жерді өрт шалған. Одан бөлек, елді мекендерге жақын маңдағы егістіктер де отқа ораныпты. Мамандардың айтуынша, бұған ең алдымен адамдардың салғырттығы себеп болған. Табиғат аясына тынығуға шыққандар көбіне қауіпсіздік шараларын сақтамайды екен.
Өрттің салдарынан адам өмірі мен мүлкіне, ерекше қорғаудағы өсімдіктерге үлкен қауіп төнген. Құтқарушылардың айтуынша, шалғай аумақтарда тұтанған өртті сөндіру кезінде су табылмайды. Сырдария мен өзге арналардағы су деңгейі таяз болуына байланысты тікұшақпен де тасымалдау мүмкін емес. «Сондықтан тек мотопомпаның күшімен су бүркеміз» дейді өрт сөндірушілер. Қазір сол үшін Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары қоршаған орта мен жануарлар дүниесін қорғау мақсатында 8 өрт-тактикалық жаттығу өткізіп, жылдам су жеткізу тәсілдерін жетілдіріп жатқанға ұқсайды. – Тораңғыл, сексеуіл сынды «қызыл» кітапқа енген өсімдіктерді қорғау мақсатында жедел жәрдем, Ішкі істер министрлігі, ұлттық әскери бөлімдерді, көптеген арнайы қызметті жұмылдыра отырып, оқу-жаттығуларды өткіздік. Облыс тұрғындарына және қонақтарды қауіпсіздікті қатаң сақтап, өрттің алдын алуға шақырдық, – дейді «Өрт сөндіру және апаттық құтқару қызметі» ММ басшысы Нұрсұлтан Ибрагимов. Мамандар онсыз да құрғақшылық жиі болатын аймақ экологиясына өрттің тигізер зардабы орасан зор екенін айтады.М.ЖАЛҒАСҰЛЫ