Қайраткер ескерткішіне гүл қойды
Қайраткер ескерткішіне гүл қойды
279
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  Душанбеге сапары барысында қаладағы Исмоил Сомонидің ескерткішіне гүл шоғын қойып, Тәжікстанның Маджлиси намояндагон Маджлиси Оли төрағасы Махмадтоир Зокирзодамен және Премьер-Министрі Кохир Расулзодамен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Тә­жікстанға ресми сапары ая­сында тәжік мемлекетінің негізін қалаған Исмоил Сомонидің «Ұлттық ке­лісім және Тәжікстанның қайта өрлеуі» мемориалды кешенінде орналасқан ескерткішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Іс-шарадан кейін «Навруз» сарайын­да Қазақстан Президентінің құр­метіне Тәжікстан Президен­тінің атынан ресми қабылдау өтті. Ал Махмадтоир Зокирзодамен кездесу барысында Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы пар­ла­ментаралық ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Мах­мадтоир Зокирзодаға Тәжікстан Президентімен келіссөздердің табысты әрі жемісті өткенін айтты. Мемлекет басшысының айтуын­ша, Тәжікстанмен жан-жақты ынтымақтастықты дамыту, оның ішінде, заң шығару саласы бо­йынша бірлесіп жұмыс істеу – Қазақстанның сыртқы саясаттағы басым бағыттарының бірі. Өз кезегінде Тәжікстан Пар­ламенті төменгі палатасының төрағасы Мемлекет басшысына кездесуге мүмкіндік жасағаны үшін алғыс айтты. Сондай-ақ екі­жақты парламентаралық бай­ланыстардың тиімділігі мен даму деңгейінің жоғары екенін жеткізді. Тәжікстанның Премьер-Министрі Кохир Расулзодамен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тарапы ықпалдастықтың барлық бағыты бойынша конс­труктивті және нақты жұмыстар жүргізетінін жеткізді. Кохир Расулзода Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл сапары екі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында өтіп жатқанын және оның сим­вол­дық мәні бар екенін айтты. Кездесу барысында Қазақстан мен Тәжікстан Президенттері арасында жасалған бүгінгі уағда­ластықтардың орындалуына, атап айтқанда, сауда-экономикалық әлеуетті және инвестиция көлемін одан әрі арттыруға баса мән бе­рілді.