Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға ресми сапармен барып, Душанбеде Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен екіжақты келіссөз жүргізді. Алдымен шағын, содан соң кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін екі ел президенті бірлескен мәлімдеме жасап, журналистерге арналған брифинг өткізді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Жоғары деңгейдегі мемлекетаралық келіссөз басталмас бұрын Қазақстан Президентін салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Салтанатты рәсімнен кейін шағын құрамда кездесу басталды. Тараптар қазақ-тәжік стратегиялық әріптестігінің кең ауқымды мәселелерін қарастырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонға тәжік жеріне келгеннен бастап өзіне және қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжайлылығы мен құрметі үшін шынайы ризашылығын білдірді.
– Былтыр пандемияға қарамастан, өзара сауда-саттық көлемі 800 миллион долларға жетті. Бұл сауда-экономикалық саладағы әлеуетіміздің әлі де мол екенін көрсетеді, – деді Қазақстан Президенті.
Өз кезегінде Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа Тәжікстанға ресми сапармен келгені үшін шынайы ілтипатын білдірді.
– Тәжік-қазақ қатынастары бүгінде ынтымақтастықтың барлық саласы бойынша қарқынды дамып келеді. Қазақстан – Тәжікстанның жетекші сауда-экономикалық серіктестерінің ішінде екінші орында. Рухани, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ықпалдастық нығайып келеді, – деді Тәжікстан Президенті.
Ал кеңейтілген құрамда екіжақты келіссөзде Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде, өзара тауар айналымын ұлғайту, инвестиция тарту, өнеркәсіп кооперациясын арттыру, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелеріне баса мән берілді. Сондай-ақ су-энергетика, әскери-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастық жағдайы талқыланды.
Мемлекет басшысы екі ел арасында 80-нен астам шарт пен келісімдерден тұратын маңызды шарттық-құқықтық база бар екенін, оның ішінде, 2015 жылы қол қойылған Стратегиялық әріптестік туралы шартты ерекше атап өтті.
Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәжік-қазақ байланыстарының өзара тиімді дамуына қосқан зор үлесін жоғары бағалады.
Тәжікстан Президенті саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық, сондай-ақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы екіжақты ықпалдастықтың дәйекті дамуына көңілі толатынын айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегация мүшелері бірқатар құжаттарға қол қойды.
Ал БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен брифингте Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанның Қазақстан үшін өңірдегі маңызды серіктес мемлекет қана емес, тілектес әрі бауырлас ел екенін атап өтті. Мемлекет басшысы өнеркәсіп кооперациясы мен инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың маңызына назар аударды. Оның айтуынша, Қазақстан компаниялары Тәжікстанда автомобиль және автобус шығаратын, трансформатор зауытын салатын бірлескен кәсіпорын ашуға дайын. Сонымен қатар қазақстандық кәсіпкерлер теміржол құрал-жабдықтарын, тепловоздар мен вагондарды, тікұшақтарды, «Рогун ЖЭС-і» құрылысы мен басқа да нысандарға металл өнімдерін жеткізу ісін ұлғайтуға мүдделі. Президент өзара сауда-саттықтың ұлғаюы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға тың серпін беретініне тоқталды.
– Қазақстан өзара тиімді шарттар бойынша бидай, ұн, ет және сүт өнімдерін жеткізуді арттыруға ниетті. Өз кезегінде, Тәжікстанның Қазақстанға жеміс-көкөніс өнімдерін экспорттау мүмкіндігі зор. Фермерлерімізді қолдау, қажетсіз аралық кедергілерді азайту үшін Тәжікстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Қазақстан нарығына жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен көтерме басқару орталықтарын құру идеясын қолдадық, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Тәжікстан Президентін өзіне ыңғайлы уақытта мемлекеттік сапармен келуге шақырғанын айтты.
Мемлекет басшысы тәжік тарапының 2025 жылды Халықаралық мұздықтарды сақтау жылы деп жариялау туралы бастамасын қолдайтынын жеткізді.