Ұлттық музейде жаңа зал ашылады
Ұлттық музейде жаңа зал ашылады
256
оқылды

21 мамыр Ұлттық музейде Тәуелсіз­дік­тің 30 жылдығы мен Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күніне орай «Ұлық Ұлыс» залының салтанатты ашылу рәсімі өтеді.

Аталған залдың ашылу мақсаты – Ұлық Ұлыс (Алтын Орда) мемлекеті мен Қазақ ханды­ғының тікелей сабақтастығын көрсету, мемле­кеттердің  өзара байланысы мен  тарихын наси­хаттау, қазақ халқының Ұлық Ұлыстың мұрагері екенін этникалық, генетикалық, антропология­лық, мәдени, әулеттік, фольклорлық және гео­графия­лық сабақтастығын ғылыми фактілермен көрсету. Аталған залдың экспозициясында мемле­кеттің қалыптасуы, өркендеп дамуы, саяси та­рихы көрсетіледі. Экспозицияда шетел мұрағат­тарынан табылған хандардың ресми жазбалары­ның көшірмелері, мемлекеттің рәмізі болып саналатын Ұлық Ұлыс туының қайта жаңғыр­тылған нұсқасы (Еуропалық теңіз карталарын­дағы мәліметтерге сүйеніп) көрмеленеді. Соны­мен бірге Ұлық Ұлыс хандарының елші­лерге, саудагер-көпестерге берген негізгі сенім құжат­тары болып саналған пайзылардың көшір­месі, Жошы ұрпақтарының  шежіресі (Сол қанат) қалың көрермен назарына ұсынылып отыр. Ұлттық музей қорынан Ұлық Ұлыс кезеңі­нің мәдениетін, тұрмыс-тіршілігімен таныс­тыра­тын алтынордалық қалалардан табылған археология­лық артефактілер, нумизматикалық топтамалар, діни-мінәжаттық ғимарат макеті және т.б. жәдігерлер қойылады. Залдың ашылу рәсіміне Ресей Федерациясы, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түркия елшіліктерінің өкілдері, сондай-ақ өзге де мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысады.  

А.ЖОЛДАС