Алғашқы инклюзивті сұлулық салоны
Алғашқы инклюзивті сұлулық салоны
340
оқылды

Талдықорған қаласында тұңғыш рет инклюзивті сұлулық салоны ашылды. Салонда ерекше қажет­тілік­тері бар адам­дарға қызмет көрсетіледі.

Жоба жас кәсіпкер, «Бастау Бизнес» жоба­сының түлегі Кама Далдабаева мен «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы Гүлвира Таубалдинова­ның бастамасымен жүзеге асырылды. Олардың айтуынша, идея бірнеше жыл бұрын пайда болып, бүгінде мемлекеттік қолдау мен қоғам өкілдерінің жәрдемі арқасында орындалыпты. Кама Далдабаева осыдан екі жыл бұрын «Еңбек» мемлекеттік бағдарлама­сы бойынша «Бас­тау Бизнес» оқыту жобасынан өтіп, кәсіп­керлік дағдыларын меңгерді. Өткен жылы оның «Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған білім беру орталығы бар сұлулық салоны» жо­басы «Бизнестің Жол картасы – 2025» мемле­кеттік бағдарламасы аясында 2 миллион теңге көлемінде грантқа ие болды. Кәсіпкер ең қа­жет­ті жабдықтарды сатып алды. Салонға кіре­берісте пандус орна­тылған және мүгедек адамдарға қызмет көрсету үшін барлық жағдай жасалған. Кәсіпкердің айтуынша, салонда 14 жұмыс орны ашылады, оның жартысына мүгедектігі бар азамат қамтылады. «Бала кезімнен маған шаш қию және түрлі шаш үлгілерін жасау ұнайды. Ұзақ уақыт бойы салонда шаштараз маманы болып жұмыс істе­дім, сонымен бірге оқу курстарын жүргіздім. Екі жыл бұрын жеке кәсібімді ашып, мүге­дек­тігі бар адамдарға қызмет көрсететін сұлулық салонын ашуды ұйғардым. Кеңес алу үшін «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасына жүгініп, «Бастау Бизнес» жобасына жазылдым. Оқу барысында жобамды әзірлеп, грант бұйырды», – дейді кәсіпкер. Сұлулық салонына келуге мүмкіндігі жоқ азаматтарға көшпелі қызмет көрсету де ұйымдастырылады. Сонымен қатар жақын арада мұнда сұлулық индустриясы мамандық­тарына оқыту жоспарланып отыр. «Біздің ұйым бес жылдан астам уақыт бойы мүгедектігі бар адамдармен жұмыс істеп келеді. Бұл біздің алғашқы жобамыз емес. Бұған дейін  «Қадам» ЖК-мен бірге инклюзивті салон аштық, мұнда дені сау адамдар да, мүге­дектер де қызмет көрсете алады. Қазақстанда ашылған алғашқы инклюзивті салон десек те артық айтқан­дық бола қоймас.  Болашақта нысанның қарқынды дамуына сенімдімін. Алдағы уақытта тәжірибе мен дағдыларға ие болған ерекше қажеттілігі бар жас бала­лар келешекте өз биз­нес­­терін ашуы да мүмкін. Біз оларға осы бағытта барынша қолдау көрсететін боламыз» деген  «Мейірім» мүгедектер қоғамдық бірлес­тігінің төрайымы Гүлвира Таубалдинова­ның айтуынша, мүгедектігі бар адамдар ара­сын­да жаңа кәсіпті меңгеріп, еңбек етуге дайын дарынды жастар көп. Нысанның ашылған алғашқы күнінде салонға 15-тен астам адам жазылды. Олар қаламызда инклюзивті салонның ашыл­­ғанына қуанышты. Өздеріне қа­жетті қызметтерді еркін түрде пайдалана алады. Бастысы – қолжетімді. Жобаға Алматы облысының Іскер әйелдер кеңесі мен «Nur Otan» партиясы­ның – «Ке­дер­гісіз келешек» партиялық жобасы қолдау көрсеткен.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы