Елімізде жұмыссыздық мәселесі ушығып барады. Бағамдап көрсек, қазір мемлекеттік білім грантын өтей алмай жүрген жас мамандарға қарап, дипломсыз ауыл баласы өзінің қара жұмысқа жегілгеніне шүкіршілік ететіндей жағдай қалыптасқан сыңайлы. Өйткені үкімет студент кезінде білім-білігі жеткілікті көрінген грант иегерін оқу бітірген соң мемлекетке масыл етіп қоймайды. Қарызын жұмыспен өтемесе, алда оны қамсыз болашақ емес, қыруар айыппұл күтіп тұр...
Мемлекеттік есеп мінсіз көрінеді
Биылғы жылдың басында грантты өтеуге қатысты заң талаптары жеңілдетілді. Енді жоғары оқу орнында грант арқылы білім алған түлектер оны мамандық бойынша бұрынғыдай тек мемлекеттік ұйымдарда ғана емес, жекеменшік мекемелерде де өтей алады. Ол туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook парақшасында толығырақ түсіндіріп өтті. «Басты шарт – дайындық бағыты (мамандығы) бойынша жұмыс істеуі тиіс. Бұл мәселені түлектер жиі көтеретін. Айтпақшы, кейбір грант иегерлері мемлекет шығынын жұмыспен өтеу рәсімін айналып өтудің амалын тапқан. Олар грант арқылы 3-курсқа дейін тегін оқып, 3 жыл бойы стипендия алады. Содан кейін мемлекеттік грантты жұмыспен өтемеу үшін 4-курста ақылы бөлімге ауысатын. Осыған байланысты грант иегерін оқытуға мемлекет жұмсаған шығындарды өтеу бойынша жаңа норма енгізілді. Мәселен, студент грантта 2 жыл оқып, кейін ақылы бөлімге ауысты делік. Бұл жағдайда студент қанша жыл грантта оқыса, сонша жылын жұмыспен өтеуге міндетті. Дәл осы норма ақылы бөлімнен грантқа ауысқан студенттерге де қатысты болады», – деді министр. Жалпы, мемлекеттік грант арқылы білім беруге қатысты өзгерістер «Білім туралы» заңға 2016 жылы енгізілген болатын. Содан бері студенттер оқуын аяқтаған соң мамандығы бойынша мемлекеттік мекемелерде 3 жыл жұмыс істеуге міндеттелген-ді. Кейін бұл норма 2017-2018 академиялық жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс есебінен жоғары оқу орындарына түскен барлық студентке қатысты қолданылды. БҒМ Жоғары оқу орнынан кейінгі Білім департаментінің директоры Әділет Тойбаевтың айтуынша, егер студент жоғары оқу орнына грант бойынша 2017 жылы түсіп, оқуын 2020-2021 академиялық жылы аяқтаса, ол грантты бұрын қабылданған заңға сәйкес өтейді. Демек, бұл ретте айтарлықтай жаңашылдық жоқ. Сондай-ақ білім туралы заңға жаңа норма енгізіліп, енді көпбалалы, толық емес және жас кезінен мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың балалары үшін арнайы гранттар қарастырылған. Соған сәйкес, 2021-2022 оқу жылына 51 500 грант (бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,5 мыңға көп) бөлініп отыр. Оған қоса, «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау үшін мемлекеттік тапсырыстың да 5 мың грантқа артқанын айта кеткен жөн. Ал Премьер-Министр Асқар Маминнің Үкімет отырысындағы мәлімдемесіне сенсек, 2025 жылы мемлекеттік білім гранттарының саны 50 пайызға артады екен. Оның айтуынша, енді жыл сайын жас ғалымдарға 1 000 гранттан бөлініп, 500 ғалым әлемнің танымал ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өте алады. «Бұл не деген батпан құйрық, тегіннен-тегін жатқан құйрық?!» дегенді де ескерсек, осы орайда таяқтың екінші ұшы қылтиып-ақ тұр.Жұмыссыз адам айыппұлды қалай төлейді?
Ауыл жастарының грантқа түсуіне квота бөлінгенмен, кейін олардың сол қаражатты қайтаруы сот арқылы талап етіле бастады. Бұл мәселеге бейжай қарамаған мәжілісмен Екатерина Смышляева Білім және ғылым министріне депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, оқуға кеткен қаражатты ауыл жастарының 10 пайызынан қайтару талап етіліп жатыр екен. «Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, соңғы 2 жылда «Қаржы орталығы» АҚ-ның жас мамандарға қатысты түсірген сот шағымының саны 3 мыңнан асқан. Бұл ретте оқу орнын аяқтаған соң 3 жыл көлемінде ауылдық жерде жұмыс істеуге міндеттелетін ауыл жастарына ерекше мән беріп айтып отырмын. Жылына өтеуге міндеттелетінін де, міндеттелмейтінін де есептегенде, 10-13 мың түлек оқуын тәмамдайды. Демек, бұл тіпті 10 пайызынан да көп деген сөз», – деді депутат.«Байдың балаларына грант бермеген жөн»
«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаевтың айтуынша, былтыр Білім және ғылым министрлігі 36 университетке мемлекеттік грант бөлмеген. Себебі қазір Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіндегі күндізгі бөлімде 1 528-ақ адам оқиды екен. Сөйте тұра ол ЖОО еліміздегі барлық заңгер түлектің 13 пайызына (699 адам) диплом береді. Сондай-ақ Орталық Азия университетінде экономист түлектердің 30 пайыздан азы ғана жұмыс табатын көрінеді. Ондағы білім беру бағдарламаларының өзектілігі 10 пайыздан төмен. Ал Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетте «Информатика» мамандығы түлектерінің 29 пайызы ғана жұмыс табады десек, тағы 4 мамандық бойынша жұмысқа орналасу көрсеткіші 50 пайызға жетпейтін болып тұр. Осындай кереғарлықтардың бәрін Президентке құлаққағыс еткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Асылбек Қожахмет, кеңестің 3-отырысында халықтың жалпы білімін көтеру үшін мемлекеттік гранттарды табысы аз отбасынан шыққан балаларға көбірек ұсыну керегін алға тартты. «Қазақстанда студенттердің 30 пайызы ғана мемлекеттік грант бойынша білім алады. Білім гранттарының саны өсіп жатқанымен, қала мен ауылдың арасындағы айырмашылық сақталуда. Ауыл жастарының жоғары білімге қол жеткізгендері 20 пайыздан аспайды. Мемлекеттік грант бойынша кішігірім теңгерім болғанмен, ақылы оқуда ауыл жастарының үлесі 15 пайыз ғана. Өйткені ауылдықтардың табысы қаладан 44 пайыз төмен», – деді ол. Сонымен қатар Қазақстанда мемлекеттік білім беру кредиті 10-20 пайызбен берілетінін жеткізді. Салыстырмалы түрде алсақ, басқа елдерде ол 2-3 пайыз ғана екен. Сондықтан бізде білім кредиттерін студенттердің 1 пайызы ғана пайдаланса, өзге елдерде ол көрсеткіш 70, 74, 90 пайыз деңгейінде. «Осылайша, бізге грант үлестіру кезінде білім көрсеткішіне ғана емес, әлеуметтік-академиялық факторларға да қарау керек. Табысы жоғары отбасылардан шыққан талапкерлер мемлекет грантын алмауы керек. Табысы төмен отбасынан шыққан талапкерлердің бәріне 50 балдық көрсеткіш сақталған жағдайда грант ұсыну керек», – дейді Асылбек Қожахметов. Жаны бар сөз.Еркеғали БЕЙСЕН