Ақмола облысы Степногор қаласының іргесінде орналасқан өнеркәсіпті ауылдар бірнеше жылдан бері зауыт пен өндіріс орнының шаң мен түтініне тұншығып келеді. Экологиялық жағдайдан өлім-жітім мен аурулар саны еселеп артқан. Былтырдан бері дауға айналған жағдай, ауыл тұрғындары мен бұқаралық ақпарат құралдарында тынбай жарияланған материалдардың арқасында беті бері қарағанға ұқсайды.
Ауылдарды басып тұратын қою шаң азайып, жұрт жуған кірлерін есік алдына жая бастаған. Мұны сол ауылдың тұрғындары бізге қуанышпен хабарлады. Алтын кенін өндіретін «Бестөбе» ауылының тұрғындары фабриканың жұмысын үзілді-кесілді тоқтатуға қол жеткізіпті. Алайда, өткен аптада мәселе қайта көтеріліп, ауылдың белсенді тұрғындарынан құралған бастамашыл топ өкілдері мен «Алтын Алмас» акционерлік қоғамының президенті бір үстелдің басында тағы кездесті. Бұл жиынға облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов, Степногор қаласының әкімі Еркебұлан Баяхметов қатысқан. Бестөбеліктер бірден елді мекендегі нашар экологиялық ахуал мен оның адам және қоршаған ортаға келтіріп жатқан зиянын егжей-тегжейлі баяндады. «Мұнда түк көрінбейтін шаңды боран жиі болады. Тыныс алу мүмкін емес. Тіпті, шөл даладағы құмды дауылдардан еш айырмашылығы жоқ. Аузы-мұрның, көзің, тіпті қойын-қонышыңа дейін шаңға, түтінге толып, дем алу қиынға соғады. Азын-аулақ ірілі-ұсақты малымыз да өліп жатыр. Ал мұның бәрі «Қазақалтын» кен байыту фабрикасы елдің дәл іргесінен, яғни 200-300 метрдің айналасында іске қосылғанынан болып отыр. Біз осыған дейін аталарымыз бен әкелеріміз еңбек еткен кен шахталарының жұмыс істеуіне қарсы емеспіз. Дегенмен, біздің немен тыныс алып жатқанымызға назар аударуды сұраймыз, әрі талап етеміз. Мыс, темір, марганец, мырыш, сынап, түрлі сульфат, барий, кобальт, стронций дейсің бе, осының бәрі бар. Тыныс алу жолдарымыз әбден бұзылып жатыр», – дейді ауыл тұрғындары. https://www.youtube.com/watch?v=ig0LHePaJjs&ab_channel=%D0%91%D0%B5%D1%81%D1%82%D0%BE%D0%B1%D0%B5%D0%91%D0%BE%D1%80%D1%8C%D0%B1%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D0%B6%D0%B8%D0%B7%D0%BD%D1%8C. Видео авторы: Николай Катчиев Тұрғындардың айтуынша, олар аталған мәселе бойынша бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Бірақ, уәде бергенімен, шын мәнінде еш нәтиже болмаған. «Енді тек мәселеге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың араласуы ғана қалды», – дейді олар. «Санитарлық-эпидемиологиялық стансаға, Экология министрлігіне қанша рет барғанымызды бір Құдай біледі. Бізге бір нәрсе орнатамыз деп уәде беріп, арқамыздан сипай қоштасып қайтарады. Шаң мен түтін бір басылмайды. Кішкентай балалар, немерелеріміз бар, өздеріңіз ойлап көріңіздерші, олардың халі не болмақ?! Біз, әрине, фабриканың жұмысына қарсы емеспіз. Бірақ оны басқа қауіпсіз қашықтыққа ауыстырыңыздар! Сондай-ақ, қазір бізде жұмыссыздық белең алды. Жергілікті тұрғындар шахтаға жұмысқа орналаса алмайды. «Қазақалтын» алтын өндіруші компаниясының қауіпсіздік департаменті үміткерлерді өздерінің базасы арқылы тексереді. Егер осыған дейін заңсыз өз бетімен алтын ұрлағаны анықталса, жұмысқа қабылданбайды. Ал жастар жұмыссыз болғандықтан, кен орындарынан алтын іздейтіндердің қатары қалың. Қайтпек керек? Жағдай осылай болып тұр», – дейді тұрғындардың бірі Николай Катчиев. https://www.youtube.com/watch?v=aAqDMOcmasU&ab_channel=%D0%91%D0%B5%D1%81%D1%82%D0%BE%D0%B1%D0%B5%D0%91%D0%BE%D1%80%D1%8C%D0%B1%D0%B0%D0%B7%D0%B0%D0%B6%D0%B8%D0%B7%D0%BD%D1%8C. Видео авторы: Николай Катчиев Ал «Қазақалтын» компаниясының акцияларын сатып алып, заңды мұрагер болып отырған «Алтын Алмас» акционерлік қоғамының басшылығы жергілікті тұрғындарды жұмысқа қабылдаудан қашпайтынын жеткізді. Оның айтуынша, тіпті «алтын іздеушілерге» де кешірім жасап, амнистия жариялаған. «Біз 2020 жылғы 1 шілдеден бастап-ақ амнистия жариялағанбыз. Яғни, осы уақыттан бастап заңсыз алтын ұрлаумен айналыспағандар бізге жұмысқа еркін түрде қабылдана алады. Сондай-ақ егер кен өндіру механикаландырылған әдіспен жасалса, алтынды заңсыз өндіру мәселесі де өз-өзінен жойылып кетер еді», – дейді «Алтын Алмас» акционерлік қоғамы директорлар кеңесінің төрағасы Дияр Канашев. Бірақ бұған ауыл тұрғындары үзілді-кесілді қарсылықтарын білдіріп, компанияның бұл ісі жерастындағы алтынның мүлде игерілмей қалуына әкеліп соғуы мүмкін екенін айтып дабыл қақты. «Қазақ алтын» компаниясы да, одан кейін акцияларын сатып алған «Алтын Алмас» компаниясы да халықтың жайын ойлап тұрған жоқ. Олар өздеріне пайдалы болатын жағын айтып отыр. Тұрғындардың пікірін екіге жарғысы келеді. Бұл туралы біздің «Борьба за жизнь» деген YouTube арнамызда толық бейнематериал жарияланған. Барлығын ашық түрде, ешқандай қоспасыз сол жерге жариялап жатырмыз. 3 мамырда мәдениет үйінің алдында компания басшылығын кездесейік деп шақырдық. Бірі де келмеді. Жиналып, компания қоршауының алдына бардық. Бірақ есік алдына шыққан күзетші ғимаратта ешкім жоқ екенін айтып, ішке кіргізбеді. Біз тосып отырдық. Бір уақытта ғимараттан қала әкімінің орынбасары шықты. Одан кейін қала әкімі Еркебұлан Баяхметов те көлігімен компания ғимаратына келіп жетті. Сөйтіп, тағы талқыға салдық», – дейді Николай Катчиев. Қоғам белсендісінің айтуынша, оған қарсы қуғындау әрекеті басталған. «Мені жау көріп, артымнан шам алып түсушілер көбейді», – дейді ол. «Осыдан бірнеше күн бұрын Полиция басқармасы шақыртты. Одан Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы шақыртып, жауап алды. Айналайындар-ау, мен ешқандай қылмыскер емеспін. Елдің экологиялық жағдайдан ауыр зардап шегетінін айтып отырмыз ғой. Олар тереңдігі 1,5 шақырымға кететін алтын кенін шахта арқылы өндіргісі келмейді. Өйткені оған қыруар қаражат шығындалмақ. Ал ашық әдіспен өндіру үшін 500-ден астам үйді толықтай көшіру керек. Ауылдың асты-үстін үңгіп қазса не болмақ? Әрі бұл экологияға да кері ықпал тигізбей ме? Қысқасы, бұл мәселені тек екі адам - Елбасы Н.Назарбаев және Президент Қ.Тоқаев қана шеше алуы мүмкін! Менің сөзім осы», – дейді Николай Катчиев. Ауыл тұрғынының айтуынша, 30 жыл ішінде де бейберекетсіздік ешқашан тоқтаған жоқ. Тіпті, 300 адам жұмыс істейтін фабрикада бестөбелік 7 адам ғана жұмыс істейтінін айтады. Біз жағдайды одан әрі анықтау мақсатында Степногор қаласының әкімімен тілдеспек болдық. Бірақ аудан әкімімен сөйлесу мүмкін болмаған соң аудан әкімінің осы салаға жетекшілік ететін орынбасары Нұрлан Мұқатовпен тілдесудің сәті түсті. Әкім орынбасары компанияның алтын қорын игеру үшін 500-ге жуық үйді көшіріп, ашық карьер арқылы өндіру әдісіне көшетінін жоққа шығарды. «Біз халықпен жұмыс істеп жатырмыз. Өкілетті органдар арқылы компанияның жасаған заңбұзушылықтарына қарсы айыппұл салынды. Халықтың талабына сәйкес «Қазақ алтын Technology» компаниясының жұмысы тоқтатылды. Әрине, халық экологиялық талаптардың орындалмауына қарсылық білдіріп жатыр. Біз барынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кеңес Одағы кезіндегі зерттеулерге сәйкес, алтын өндіретін кен байыту орнындағы кен қоры 2024 жылға дейін ғана жетеді. Ал бірақ оның әлі зерттелмеген қорлары бар. Сондықтан әлі де болса кешенді кен қорына зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Халықтың бастамашыл топтарымен бірнеше мәрте кездесу өтіп, олардың талабы мен компанияның айтқан уәжі талқыға түсті. Қазір рудникте 1 400 адам жұмыс істеп жатыр. Егер компания жұмысын тоқтатса, олар жұмыссыз қалмақ. Сондай-ақ кен қалдықтарының экологияға кері әсерін тигізбеу үшін оны сұйық түрінде фабрикаға қайта темір құбырмен жеткізу ұсынылды. Фабрика осыдан 86 жыл бұрын салынған. Сондықтан бізде аса күрделі жағдай қалыптасқаны рас. Біз мәселені шешу үшін барлық жағдайды жасаймыз. Ал әзірге халықпен өзара келісімге келмей тұрып, жұмысы уақытша тоқтатылған фабрика қайта жұмысын бастамайды. Жалпы, компания – бюджетке қомақты салық құйып жатқан іргелі кәсіпорын. Тек өткен жылы ғана «Қазақалтын» облыстық бюджетке 715 миллион және қала бюджетіне 207 миллион теңге құйған. Бұдан бөлек, «Қазақалтынның» Бестөбе кентіндегі рудниктен 347 миллион облыс бюджетіне және 424 миллион қала бюджетіне құйылды», – дейді Степногор қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Мұқатов.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы