Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы жаңа бизнес бастамаларға тың мүмкіндіктер ашып жатыр. Мемлекет тарапынан жасалатын қолдау шараларына Алматы облысының тұрғындары да белсене қатысып келеді. Биылдың өзінде бағдарламаның екінші бағыты бойынша 3,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бағдарлама аясында шағын несие алған және грант ұтып алғандар арасында қапшағайлықтар да бар. Қазір Қапшағайдың 30-дан астам тұрғыны нақты көмекке қол жеткізіп, кәсібін бастапты.
Қапшағай қалалық әкімдігінің мәліметіне қарағанда, жыл басынан бері 30 адам мемлекеттік грант және 3 адам шағын кредит алыпты. Олардың арасында көп балалы және аз қамтылған 5 отбасы, 29 жасқа дейінгі 11 жас, мүмкіндігі шектеулі 2 жан бар. Тағы 12 грант иегері – басқа да санаттағы азаматтар. Кәсібін ашқандар қатарында кондитерлік өнерге бұрыннан бейімі бар, түрлі шеберлік сағаттарына қатысып, машығын жетілдірген қапшағайлық 25 жастағы ана Гүлнұр Задаш та бар. Ол осы «Еңбек» бағдарламасына қатысып, 200 айлық есептік көрсеткіш, яғни 555 600 теңге көлемінде грант ұтып алып, сол қаржыға өз ісіне қажетті құрал-жарақтарын, ас үй комбайнын сатып алған. – Менің кішкентай балам бар. Сондықтан маған үйде отырып жұмыс істеген қолайлы. Мемлекеттің қолдауымен кондитерлік істі бастау арқылы сол мүмкіндікке қол жеткіздім. «Бастау Бизнес» курсында бізді бизнесті бастау, дамыту және нәтижесін көру, айналымдағы ақшаны есептеу сияқты кәсіпкерлік негіздеріне үйретті. Қазір кондитерлер өте көп, бәселестік те үлкен. Сондықтан үнемі өз шеберлігіңді жетілдіріп, дамытып отыруың керек, – дейді Гүлнұр. Жас кәсіпкердің торттары, рулеттері және басқа да кондитерлік өнімдері Қапшағайдағы «Семерка» дүкенінде саудаланады. Сол сияқты «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқасында жаңа бизнес-идеясын іске асырған қапшағайлық Мәдина Құлжабаева да «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алды. Соның негізінде «Халыққа цифрлық қызмет көрсету салонын ұйымдастыру» бағытында өз жобасын қорғап, 555 600 теңге грант иеленді. Мәдина да осы қаражатқа ісін бастауға қажетті ноутбук, принтер, үстел, орындықтар сатып алға жұмсапты. Қазір Қапшағай қаласында «Сандық қызметтер салонын» ашып, халыққа қызмет көрсетуде. – Қазір цифрлық дәуір. Сондықтан заманның сұранысын зерттей келе, мен халыққа цифрлық жағынан қызмет көрсету тиімді деп шештім. Осы қызметке жүгінетін тұрғындар баршылық. Ісім ақырындап алға басып келеді, – дейді су жаңа кәсіпкер. Алматы облысына 2021 жылы «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты бойынша шағын несие және несиелер мен шағын несиелерді кепілдендіруді ұлғайту міндетін жүзеге асыру үшін 3 319,2 млн теңге қарастырылып, соның 239,2 млн теңгесі қалалар мен моноқалаларға, ал 3080,0 млн теңге ауылдық жерлерге шағын несиелерге бөлінді. Өткен жылы бағдарлама аясында 4791,3 млн теңге сомасына 1 104 шағын несие беріліп, 1 525 жұмыс орны құрылған. Биылғы 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Алматы облысында 123 290 шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғанда 1,6% жоғары. Өңірдегі шағын және орта бизнесте 263,6 мың еңбек етеді.Болат АБАҒАН, Алматы облысы