Қостанай облысында полиция қызметкерлері ер адамды қылмыс жасауға мәжбүрлеген
Қостанай облысында полиция қызметкерлері ер адамды қылмыс жасауға мәжбүрлеген
200
оқылды
Рудный қалалық Полиция басқармасының екі қызметкері ауыр қылмыс жасағаны үшін жауапқа тартылды. Оларға есірткіні заңсыз дайындады, сақтады, сатты және қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыптар тағылды. Сот қылмыстық іске қатысты үкім шығарды.  Бұл туралы Қостанай облыстық соты хабарлады. Бұрынғы полиция қызметкері қылмыстық кодекстің 28-баптың 4-бөлімі, 297-баптың 3-бөлімі, 1,4-тармақтары, 362-баптың 4-бөлімі, 3-тармағы бойынша сотқа тартылды. Учаскелік инспектор мен кіші жедел уәкіл жәбірленушіні "қылмыстық жауапкершілікке тартамыз және қамауға аламыз" деп қорқытып, есірткі бизнесімен айналысуға көндіргені анықталды. Полицейлер ер адамды қорғап жүргені үшін одан тұрақты түрде ақша алған. Кезекті 25 мың теңгені полицейлерге беріп жатқан кезде оларды Қостанай облыстық ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ұстады. Сотта айыпталушылар өздерінің кінәсін мойындамады, айғақ беруден бас тартты. Прокурор олардың бірін 14 жылға, екіншісін 13 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Нәтижесінде сот екеуін де кінәлі деп танып, бірін 13, екіншісін 12 жылға бас бостандығынан айырды. Олар жазасын қауіпсіздігі жоғары мекемеде өтейді. Сондай-ақ, экс-полицейлер мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан және "полиция лейтенанты", "полиция сержанты" арнайы атақтарынан өмір бойына айырылады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.