БҚО-да полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу басталды
БҚО-да полиция қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу басталды
133
оқылды
Әлеуметтік желіде БҚО Өзіндік қауіпсіздік басқармасы басшысы орынбасарының ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерімен кездесіп отырған сәті жарияланды. Бұл факті облыстық Полиция департаменті мен Ішкі істер министрлігінің бақылауына алынды. YouTube-тегі Batyr Maratov арнасында жарияланған видео авторының айтуынша, бұл видеода БҚО ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы басшысының орынбасары, сондай-ақ жоғары лауазымды полиция қызметкері мен тергеуші Ақсай қаласындағы мейрамханада ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелерімен кездесіп, алкогольдік ішімдік ішіп отыр. Видео авторы осы полицейлердің кесірінен "департаменттің барлық төменгі бөлімшелері ақшалай сыйақы түрінде ай сайын салық жинап береді" дейді. Видеоның төменгі жағында БҚО ПД басшысы Махсудхан Аблазимовтың түсініктемесі жарияланған.
"Интернет-ресурстарға жүргізілген мониторинг барысында 19 мамырда YouTube арнасында "Батыс Қазақстан облысының өзіндік қауіпсіздік қызметі басшылығы тарапынан негатив" атты видеоматериал жарияланғаны анықталды, онда БҚО ПД өзіндік қауіпсіздік қызметі басшысының орынбасары мен қызметкерлері өкілеттігін асыра пайдаланды деп айыпталуда. Бұл факті бойынша қызметтік тергеу басталды", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, мұнда Ішкі істер министрлігінің  Polisia.kz ресми сайтының да жауабы жарияланған.
"Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаменті Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлеріне қатысты қызметтік тергеу жүргізуде", – делінген мәтінде.
Бұған дейін Қостанай облысында полиция қызметкерлерінің ер адамды қылмыс жасауға мәжбүрлегенін жазған болатынбыз. https://www.youtube.com/watch?v=h08TLchf-qI