Қызылордада полиция қызметкерлері өртенген үйден тұрғындарды құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмешіт мөлтекауданындағы №2 үйдің екінші қабатында өрт шыққан.
Қызылорда қалалық ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімінің патрульдік полиция батальонының жаяу бағыттағы қызметкерлері Талғат Шалқарбаев, Ержан Анапияев пен Бектұр Сатенов тұрғындарды құтқаруға шұғыл кірісті.
Талғат Шалқарбаев өртті тез сөндіруге кірісті. Полицейлер жедел шешім қабылдап, көрші пәтер есігін ешкім ашпағандықтан, күш қолданып ашып, 54 жастағы азаматты құтқарды. Олар өртке оранған көпқабатты үйден алдымен балаларды, кейін ересектерді сыртқа алып шықты.
– Жергілікті тұрғын көпқабатты үйлердің бірінен өрт шыққанын айтты. Біз ойланбастан оқиға орнына дереу жеттік. Көршіден балта алып, екінші қабатта орналасқан үйдің есігін бұздық, ес-түссіз жатқан әйелді көтеріп, далаға шығардық. Біз бірден өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем шақырдық, бірнеше секундымыздың барын ғана түсіндік. Көпқабатты үйдегі барлық тұрғынның есігін қағып, оларды қауіпсіз жерге көшірдік. Қандай жағдай болмасын, бірінші кезекте халыққа көмектесу – міндетіміз. Бұл әрекетімізді ерлік деп есеептемейміз. Біздің орнымыздағы әрбір полиция қызметкері солай жасар еді. Бастысы – адамның өмірін арашалап қалдық, – дейді полиция қызметкері Бектұр Сатенов.
Құтқарушылардың келуін күтпей, басын қатерге тіккен полиция қызметкерлеріне үй тұрғындары ризашылықтарын білдірді.
https://www.youtube.com/watch?v=Mt6YodWAeqk