Kantai baspasy Президенттің «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің қауымдастығымен бірлесіп, қазақ тіліне аударылған «Бақытты қала» кітабының тұсаукесерін өткізді, деп хабарлайды Елорда Инфо.
Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында шетелдік жазушылардың үздік шығармаларын қазақ тіліне аудару, басып шығару және тарату қажеттігін атап өткен болатын.
«Бақытты қала» кітабында деректер күнделікті психология мен қалалық жоспарлаудан жинақталған. Автордың жеке қалалық тәжірибелері дұрыс ұйымдастырылған өмір сүру кеңістігі біздің жеке адам ретінде де, қоғам ретінде де өзімізді қалай сезінетінімізді, ойлайтынымызды және әрекет ететінімізді өзгертетінін көрсетеді. Автор әртүрлі қалалардың орналасу процесстерін талдай отырып, әлеуметтік мәселелерді шешудің жолдарын іздейді. Кітапта Копенгаген, Богота және басқа қалалардағы қоғамдық кеңістіктер мен қоғамдық көліктердегі өзгерістер азаматтардың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсартып, қаладағы қауіпсіздікті қалай арттырғанының мысалдары келтірілген», – деді өз сөзінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов.
Ерлан Әукенов қала құрылысында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстанның басқа қалалары үшін үлгі болып саналатынын атап өтті.
«Астана» Халықаралық университетінің президенті Серік Ырсалиев «Бақытты қала» кітабының тұсаукесері, соның ішінде білім беру жүйесі үшін де жарқын әрі айтулы оқиға екенін атап өтті. Ол сондай-ақ университетте урбанистика саласындағы мамандарды даярлау басталатынын мәлімдеді.
Кітап дүкендер сөрелерінде де, ел кітапханаларында да ұсынылады. Сонымен қатар Қазақстанның салалық оқу орындарының жас урбанистері қала құрылысы бойынша осы жүздеген практикалық оқулықтарды тегін алады.