Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен палата бюросында алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.
Бюро отырысында депутаттар қарауына азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша заңнамалық түзетулер I оқылымда ұсынылмақ.
Заң жобасының мақсаты – мүгедектігі бар адамдарға қатысты заңнамадағы кемсітушілік терминдерді жою, әлеуметтік қорғау және жұмысқа орналастыруды ынталандыру, мүгедектігі, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшерін арттыру, зейнетақымен қамсыздандыру мәселелерін жетілдіру бойынша шаралар қабылдау.
Сонымен қатар күн тәртібінің жобасында рейдерлікке қарсы күресті күшейту, кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз араласуынан қорғау және бағалы металдардың заңсыз айналымына кедергі келтіретін шараларды күшейту мәселелеріне қатысты заң жобасын I оқылымда қарау ұсынылды.
Алдағы жалпы отырыста бірқатар заң жобалары II оқылымда қаралмақ. Атап айтқанда, Еңбек кодексіне қашықтан жұмыс істеуді құқықтық реттеуді жетілдіру, «Мемлекеттік фельдъегерлік байланыс туралы» және оған ілеспе заң жобалары бар.
Сондай-ақ бюро отырысында палата комитетіне биржалық сауданы дамыту және жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын жұмысқа алу көзделген.