Мыңнан астам жас жұмыспен қамтылады
Мыңнан астам жас жұмыспен қамтылады
197
оқылды

«Nur Otan» партиясы Маң­ғыстау облыстық фи­лиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі қоғамдық кеңесінің отырысы өтті. Күн тәртібі бо­йынша алғашқы мәселе ретін­де Маңғыстау облысы бо­йынша  «Диплом­мен – ауылға!»  және «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін-2050»  мемлекеттік бағдар­лама­ларының орын­далуы қаралды.

Отырыста сөз сөйлеген Маң­ғыстау облыстық Білім басқар­масының балалардың құқықтарын қорғау және арнайы білім беру бөлімінің басшысы Шынар Байдуллаева «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы жастарды ынталандыру мақсатында мемлекет тарапынан көтермеақы мен бас­пана алуға жеңілдетілген несие ұсынатынын айтты. – Бағдарлама шеңберінде 2020-2021 оқу жылында барлығы 263 түлек ауылдық жерге жұмысқа орналасуға жолданды. Сонымен қатар бағдарлама аясында ауылдық жерлерге жұмысқа орналасқан педагогтер біржолғы көтермеақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жеңілдетілген несие алу ұсынылды. Соның ішінде 162 ма­манға біржолғы жәрдемақы, 99 адамға тұрғын үй кредиті ұсыныл­ды, – деп атап өтті ол.  Күн тәртібіндегі кезекті мәселе ретінде NEET санатындағы жас­тардың пайызын төмендету мә­селесі қаралды. – Өңірдегі NEET санатындағы жастардың пайызын төмендету мақсатында Маңғыстау облысының жастар ресурстық орталығы 2021 жылғы 1 маусымға дейін штатты ішкі қайта бөлу есебінен NEET жастарымен жұмыс істеу бөлімдерін ашу және NEET санатындағы жастардың өңірлік дерекқорларын әзірлеу жоспарланған. Маңғыстау облысында түзету мекемесінен шыққан, NEET санатындағы жастарды бейімдеу мақсатында қысқамерзімді оқыту курстарын ұйымдастырып, 50 жасты оқыту (шаштараз, тігін, компьютерлік сауаттылық, аспаз және т.б.) жос­парланып отыр. Сонымен қатар өңірде жастар саясатын іске асыру бағытында жастар орталықтарымен және жастар ұйымдарымен 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, 2 000-ға жуық жас қамтылды. Атал­ған шаралар «Болашаққа сенім­мен», «Кеңес алаңы», Jastar Books, «Кәсіби бағдар» еркін форматтағы жастармен кездесу Lectorium жобалары аясында жүзеге асы­рылуда, – деді Маң­ғыстау облыстық жастар ресурстық орталығы ди­ректорының орынбасары Мұқаш Оралбаев. Кезекті мәселе «Жасыл ел» жазғы еңбек жасақтарын ұйым­дастыру және «тәуекел аймағынан» жастарды тарту жолымен жыл сайын 100-ден астам жасты жұ­мысқа  орналастыру мәселесі қаралды. – 2020 жылы «Жасыл ел» жо­басы бойынша 1 130 жас облыстағы елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына тартылды. Ал 2021 жылы Маңғыстау облысында «Жасыл ел» жобасы аясында 1 000 астам жасты қамту жоспарланған. Еңбек жасағына қабылдауда әлеуметтік жағынан аз қамтылған жасөспірімдер мен жастарға басымдық беріледі, – деді Мұқаш Даниэлұлы өз баяндамасын қорытындылап. Отырыс соңында аталған жұмыс бойынша кеңес мүшелері тарапынан ұсыныс беріліп, жұмыс жоспары талқыланды.  

Әбілмансұр ЖАСАН