Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің агроөндіріс кешеніндегі экспорт әлеуетін көтере алмағанымызды, сондықтан азық-түлікпен толық қамтамасыз ету мәселесі шешілмей отырғанын атап өтіп, елімізде шикізат өңдеу үшін барлық жағдайды жасап, қайта өңдеу ісі мен экспорттың тиімді болуына баса назар аударды.
Елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халықты табиғи өніммен қамтудың маңызы зор. Әлемнің жаһандану жағдайында азық-түлік қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайды. Қазір әлем төртінші өндірістік төңкерістің алдында тұр. Жасанды интеллектің қарқынды дамуы халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне әсер ететіні сөзсіз. Заманауи ғылым мен технологияның дамуы жасанды тағам түрлерін шығаруға да мүмкіндік жасауда. Демек, күннен-күнге Жер шарындағы халық санының артуы жағдайында адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі күрделене түсуде. БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) мәліметі бойынша, Жер шарының 1,5 млрд тұрғыны аштыққа ұрынған немесе тойып тамақ жеу мүмкіншілігінен айырылған жағдайда күн кешуде. Тәуелсіздік жылдары елімізде агроөнеркәсіп саласы түбегейлі қайта құрылды. Меншік формалары өзгеріп, мемлекеттік және жеке әріптестік жағдайында орасан жұмыс атқарылды. Қол жеткен табыстар да мол, жіберілген қателіктер де баршылық. Осы орайда Елбасы өз сөзінде агроөнеркәсіп саласы – экономиканың драйверіне айналатынын және әлемде экологиялық таза өнімге деген сұраныстың арта беретінін, ал еліміздің экологиялық таза өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруға мол мүмкіндігі бар екенін айтқан болатын. Азық-түлік қауіпсіздігі, ұлт денсаулығы, сондай-ақ отандық өнімді әлемдік нарыққа шығару – күн тәртібіндегі мәселе. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда жеріміз бен табиғи ресурстарымыз маңызды фактор болып отыр. Бұл саланың мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болуы, инвестициялардың тартылуы, халықаралық келісімдерге қол жеткізілуі, мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестіктің дамуы, шығындардың субсидияланылуы өз нәтижесін беруде. Бүгінде еліміз астық пен ұн экспорттауда көшбасшы елдер қатарына қосылды. Астық өндіру көлемінің ұлғаюы көлік-логистикалық жүйенің, Ақтау портындағы терминалдар мүмкіндігінің артуына алып келді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, азық-түлік тәуелсіздігі критерийі бойынша соңғы жылдары азық-түліктің барлық негізгі түрлерінен ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 80%, ал күріш, бидай ұны, жарма, нан, т.б. өнімдері бойынша 100% құрайды. Ет, оның ішінде құс еті, шұжық, сүт өнімдері, қант, кондитерлік бұйымдар, бау-бақша, жеміс-жидек, жұмыртқа, балық, консервіленген балық өнімдері, тағы басқа азық-түліктік тауарларымен қамтамасыздығы төмен болып тұр. Елдің қарқынды дамуы аймақтардың дамуымен тікелей байланысты. Орталық, солтүстік аймақтар астық өндіруге, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы болса, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтар суармалы егіншілікті дамытуға ыңғайлы. Ал мал шаруашылығын мемлекеттік қолдауларды пайдалана отырып, барлық аймақта жүргізуге болады. Сапалы мал өнімін алу үшін жемшөп қорының маңызы зор. Өйткені асылтұқымды малды дұрыс қоректендірмесе, ол күткен нәтиже бермейді. Малды асылдандыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілгені жөн. Климаттық ерекшеліктерге бейімделген асылтұқымды малдың сапасын арттыру өзекті мәселе болып отыр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша асылтұқымды малды есепке алудың мемлекеттік тіркелімінің деректеріне сәйкес, облыстар бойынша асылтұқымды ірі қара жалпы мал басының 8,8%-нан 16,3%-на дейін құрайды. Салаға субсидиялау түрінде жеткілікті көп қаражат бөлінгенімен, өсу қарқынының мұндай төмендігі саланы дамыту тәсілдерін қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Отандық асылтұқымды мал сапасы мен өнімділігі жағынан импорттан кем түспейді. Дегенмен 2020 жылы шетелден 7 777 асылтұқымды мал әкелінген. Мысалы, біздің елде шығарылған «Қазақтың ақбас сиырының» тұқымы көрші Ресейден сатып алынады екен. Импорттық мал отандық малға қарағанда 2-3 есе қымбат екенін ескерсек, бюджет қаражатының шетелдерге кетіп, сол арқылы олардың экономикасына қызмет істеуде. Мәселен, шетелден сатып алынған ірі қара малының бір басына субсидиялар нормативі 300 мың теңгені құрайды, ал өзімізде өсірілген дәл осындай асылтұқымды ірі қара малының бір басына одан екі есе аз берілетінін айтсақ, бұл отандық мал өсірушілердің еңбегін дұрыс бағалай алмай отырғанымызды көрсетеді. Мал шаруашылығының қаржылай толық қамтамасыз етілмеуі үлкен проблемаға алып келеді. Мысалы, Ақмола облысы бойынша осы жылы қамтамасыз етілу қажеттіліктің тек 34%-ын, Ақтөбе облысы бойынша 67,8%-ын құрайды. Кейбір бағыттар бойынша өнім өндіру еселеп ұлғайса да, қаржыландырудың жоспарлы лимиттері соңғы жеті жыл ішінде өзгерген жоқ. Мал өндірісін жақсарту, асылтұқымды малдың отандық селекциясының гендік қорын ұлғайту, сондай-ақ сүт пен ет өндірісін одан әрі арттыру үшін инвестициялық жобаларды іске асырудың маңызы зор. Осы ретте, шикізат мәселесіне көңіл бөлген жөн. Сондықтан мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында мал шаруашылығын ұйымдастыру және фермерлерге көмекті ұлғайту мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Мал өнімдері тікелей жемшөп қорына байланысты болғандықтан, мемлекет азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін өсімдік шаруашылығы – мал шаруашылығы – өңдеуші сала тізбегін біртұтас жүйе ретінде қарауы тиіс. Ал егін шаруашылығын диверсификациялау азық-түлік нарығындағы бәсекелестікті қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті көтеруге мүмкіндік береді. Егіншілікті әртараптандыру нәтижесінде солтүстік және шығыс аймақтарда майлы дақылдардың егіс көлемі артып, сапалы өсімдік майы секілді өнімдерді Қытай нарығына шығарып, өндіріс қалдықтарынан қосымша мал азықтық өнімдерді алуға мүмкіншілік тууда. Ең бастысы, шикізат түрінде емес, тұтынуға дайын өнім ретінде нарыққа шығару баға саясатында оңтайлы жағдай қалыптастыруда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің іске қосылуы логистикалық қарым-қатынасты және азық-түлік тасымалын арттыруда. Бұл ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге кең мүмкіндік туғызып отыр. Түркістан, Қызылорда облыстарында өндірілген қауын-қарбыз, қызанақ, қырыққабат, бұрыш, жуа өнімдері еліміздің орталық, солтүстік, батыс өңірлеріне бір-екі күнде жеткізілетін болса, ал көршілес Ресей, Батыс Еуропа елдеріне 5-7 күнде жеткізілуде. Тауардың бұзылмай, сапалы жеткізілуі және сертификатталуы заманауи талаптарға сай болуы Еуроодақ жағдайында Қазақстанға деген сенімді күшейтіп, шаруаларға өз тауарларын қымбат бағаға сатуға жол ашты. Сонымен бірге жылыжай шаруашылықтары да қолдауды қажет етеді. Адам ағзасы дәрумендерді маусымдық қажет өнімдерден алуға бейімделген. Мысалы, қауын-қарбызды өзінің табиғи мезгілінде қажет етсе, күріш, бидай, сүт, ет өнімдерін жыл он екі ай бойы тұтынады және ағзаның қажеттілігін толық өтейді. Енді жылыжайларда өндірілген қызанақ, қияр секілді көкөніс өнімдерінің сапасын, бағасын бақылау керек. Жер, су ресурстары барлық іс-әрекеттің базисі екені белгілі, сондықтан осы ресурстарды тиімді пайдалану бүгінгінің мәселесі емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Мемлекет қауіпсіздігі, дамыған елдер қатарына қосылу, мәңгілік ел идеясы, бәсекеге қабілеттілік, тәуелсіздік, ұлт бірлігі, демократиялық қоғам, зайырлы мемлекет секілді ұлы мақсаттар бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей байланысты, ал ол өз кезегінде жер-су ресурстарын тиімді пайдалануға тәуелді. Белгілі француз философы Жан-Жак Руссо: «Мемлекетті әлдебіреуден тәуелсіз жағдайда ұстап түратын жалғыз құрал – ауыл шаруашылығы. Сіз әлемнің барлық байлығының иесі бола тұра, тамағыңыз болмаса – сіз басқаларға тәуелдісіз... Сауда-саттық байлықты жасайды, бірақ ауыл шаруашылығы бостандықты қамтамасыз етеді» деген. Ал дана халқымыз «Арпа бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деп азық-түліктің адамзат баласы үшін маңызын білдірген. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігі – елдегі ішкі тұрақтылықты, дамуды қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың денсаулығын сақтайтын мемлекеттік іс-әрекеттегі ең бір көкейкесті бағыт. Осы орайда Парламент және Ауылшаруашылық министрлігі, Қауіпсіздік Кеңесі әрдайым осы мәселеге ерекше мән береді. Қашанда азық-түлік қауіпсіздігі дегенде оның сапасына айрықша талап қойылуы керек. Шетелден келген тамақ өнімдеріне бақылауды күшейту мемлекеттің басты функцияларының бірі, ол халықтың денсаулығын қамтамасыз етудің – басты факторы.Асқарбек ҮЙСІМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі