Азық-түлік қауіпсіздігі басты назарда
Азық-түлік қауіпсіздігі басты назарда
416
оқылды

Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елі­міздің агроөндіріс кешеніндегі экспорт әлеуетін көтере ал­мағанымызды, сондықтан азық-түлікпен толық қамта­ма­сыз ету мәселесі шешілмей отырғанын атап өтіп, елімізде шикізат өңдеу үшін барлық жағдайды жасап, қайта өңдеу ісі мен экспорттың тиімді бо­луына баса назар аударды.

Елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен халықты табиғи өніммен қам­тудың маңызы зор. Әлемнің жаһандану жағдайында азық-түлік қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайды. Қазір әлем төртінші өндірістік төңкерістің алдында тұр. Жасанды интеллектің қарқынды дамуы халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне әсер ететіні сөзсіз. Заманауи ғылым мен технологияның дамуы жасанды тағам түрлерін шығаруға да мүм­кіндік жасауда. Демек, күннен-күнге Жер шарындағы халық саны­ның артуы жағдайында адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесі күрделене түсуде. БҰҰ-ның азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымының (ФАО) мәліметі бойынша, Жер шарының 1,5 млрд тұрғыны аш­тыққа ұрынған немесе тойып тамақ жеу мүмкіншілігінен айы­рылған жағдайда күн кешуде. Тәуелсіздік жылдары елімізде агроөнеркәсіп саласы түбегейлі қайта құрылды. Меншік форма­лары өзгеріп, мемлекеттік және жеке әріптестік жағдайында орасан жұмыс атқарылды. Қол жеткен табыстар да мол, жіберілген қателіктер де баршылық. Осы орайда Елбасы өз сөзінде агроөнеркәсіп саласы – эконо­ми­каның драйверіне айналатынын және әлемде экологиялық таза өнімге деген сұраныстың арта бе­ретінін, ал еліміздің экологиялық таза өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруға мол мүмкіндігі бар екенін айтқан болатын. Азық-түлік қауіпсіздігі, ұлт ден­саулығы, сондай-ақ отандық өнімді әлемдік нарыққа шығару – күн тәртібіндегі мәселе. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда жеріміз бен табиғи ресурстарымыз маңызды фактор болып отыр. Бұл саланың мемлекет тарапынан үлкен қол­дауға ие болуы, инвестициялардың тартылуы, халықаралық келісім­дерге қол жеткізілуі, мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптес­тік­тің дамуы, шығындардың субси­дияланылуы өз нәтижесін беруде. Бүгінде еліміз астық пен ұн экспорттауда көшбасшы елдер қатарына қосылды. Астық өндіру көлемінің ұлғаюы көлік-логис­тикалық жүйенің, Ақтау портын­дағы терминалдар мүмкіндігінің артуына алып келді. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің мәліметі бойынша, азық-түлік тәуелсіздігі критерийі бо­йынша соңғы жылдары азық-түліктің барлық негізгі түрлерінен ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 80%, ал күріш, бидай ұны, жарма, нан, т.б. өнімдері бойынша 100% құрайды. Ет, оның ішінде құс еті, шұжық, сүт өнімдері, қант, кондитерлік бұйымдар, бау-бақша, жеміс-жидек, жұмыртқа, балық, консервіленген балық өнімдері, тағы басқа азық-түліктік тауар­ларымен қамтамасыздығы төмен болып тұр. Елдің қарқынды дамуы ай­мақ­тардың дамуымен тікелей байла­нысты. Орталық, солтүстік аймақ­тар астық өндіруге, мал шаруашы­лығын дамытуға қолайлы болса, ал оңтүстік, оңтүстік-шығыс аймақтар суармалы егіншілікті дамытуға ыңғайлы. Ал мал шаруашылығын мемлекеттік қолдауларды пайда­лана отырып, барлық аймақта жүргізуге болады. Сапалы мал өнімін алу үшін жемшөп қорының маңызы зор. Өйткені асылтұқымды малды дұ­рыс қоректендірмесе, ол күткен нәтиже бермейді. Малды асылдан­дыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілгені жөн. Климаттық ерек­шеліктерге бейімделген асыл­тұ­қымды малдың сапасын арт­тыру өзекті мәселе болып отыр. 2020 жылдың қорытындысы бо­йынша асылтұқымды малды есепке алудың мемлекеттік тірке­лімінің деректеріне сәйкес, облыс­тар бойынша асылтұқымды ірі қара жалпы мал басының 8,8%-нан 16,3%-на дейін құрайды. Салаға субсидиялау түрінде жеткілікті көп қаражат бөлінгенімен, өсу қар­қынының мұндай төмендігі саланы дамыту тәсілдерін қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Отандық асылтұқымды мал сапасы мен өнімділігі жағынан импорттан кем түспейді. Дегенмен 2020 жылы шетелден 7 777 асыл­тұқымды мал әкелінген. Мысалы, біздің елде шығарылған «Қазақтың ақбас сиырының» тұқымы көрші Ресейден сатып алынады екен. Им­порт­тық мал отандық малға қара­ғанда 2-3 есе қымбат екенін ес­керсек, бюджет қаражатының ше­­тел­дерге кетіп, сол арқылы олар­­дың экономикасына қызмет істеуде. Мәселен, шетелден сатып алын­­ған ірі қара малының бір ба­сына субсидиялар нормативі 300 мың теңгені құрайды, ал өзімізде өсірілген дәл осындай асылтұ­қым­ды ірі қара малының бір басына одан екі есе аз берілетінін айт­сақ, бұл отандық мал өсіру­шілердің еңбегін дұрыс бағалай алмай отыр­ған­ымызды көрсетеді. Мал шаруа­шылығының қаржылай толық қам­та­масыз етілмеуі үлкен пробле­маға алып келеді. Мысалы, Ақмола облысы бойынша осы жылы қамтамасыз етілу қажетті­ліктің тек 34%-ын, Ақтөбе облысы бойынша 67,8%-ын құрайды. Кейбір ба­ғыттар бойынша өнім өндіру есе­леп ұлғайса да, қаржы­ландырудың жоспарлы лимиттері соңғы жеті жыл ішінде өзгерген жоқ. Мал өндірісін жақсарту, асыл­тұқымды малдың отандық селек­циясының гендік қорын ұлғайту, сондай-ақ сүт пен ет өндірісін одан әрі арттыру үшін инвестициялық жобаларды іске асырудың маңызы зор. Осы ретте, шикізат мәселесіне көңіл бөлген жөн. Сондықтан мемлекет пен жекеменшік әріп­тестігі аясында мал шаруашылығын ұйымдастыру және фермерлерге көмекті ұлғайту мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Мал өнімдері тікелей жемшөп қорына байла­нысты болғандықтан, мемлекет азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін өсімдік шаруашылығы – мал ша­руа­шылығы – өңдеуші сала тізбегін біртұтас жүйе ретінде қарауы тиіс. Ал егін шаруашылығын ди­версификациялау азық-түлік на­рығындағы бәсекелестікті қам­тамасыз етіп қана қоймай, экспорт­тық әлеуетті көтеруге мүмкіндік береді. Егіншілікті әртараптандыру нәтижесінде солтүстік және шығыс аймақтарда майлы дақылдардың егіс көлемі артып, сапалы  өсімдік майы секілді өнімдерді Қытай нарығына шығарып, өндіріс қал­дықтарынан қосымша мал азықтық өнімдерді алуға мүмкіншілік тууда. Ең бастысы, шикізат түрінде емес, тұтынуға дайын өнім ретінде на­рыққа шығару баға саясатында оңтайлы жағдай қалыптастыруда. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің іске қосылуы ло­гистикалық қарым-қатынасты және азық-түлік тасымалын арт­тыруда. Бұл ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге кең мүмкіндік туғызып отыр. Түркістан, Қызылорда облыс­тарында өндірілген қауын-қарбыз, қызанақ, қырыққабат, бұрыш, жуа өнімдері еліміздің орталық, сол­түстік, батыс өңірлеріне бір-екі күнде жеткізілетін болса, ал көр­шілес Ресей, Батыс Еуропа елдеріне 5-7 күнде жеткізілуде. Тауардың бұзылмай, сапалы жеткізілуі және сертификатталуы заманауи талап­тарға сай болуы Еуроодақ жағ­дайында Қазақстанға деген сенімді күшейтіп, шаруаларға өз тауар­ларын қымбат бағаға сатуға жол ашты. Сонымен бірге жылыжай ша­руашылықтары да қолдауды қажет етеді. Адам ағзасы дәрумендерді маусымдық қажет өнімдерден алуға бейімделген. Мысалы, қауын-қарбызды өзінің табиғи мезгілінде қажет етсе, күріш, бидай, сүт, ет  өнім­дерін жыл он екі ай бойы тұ­тынады және ағзаның  қажет­тілігін толық өтейді. Енді жылы­жайларда өндірілген қызанақ, қияр секілді көкөніс өнімдерінің сапасын, бағасын бақылау керек. Жер, су ресурстары барлық іс-әрекеттің базисі екені белгілі, сондықтан осы ресурстарды тиімді пайдалану бүгінгінің мәселесі емес, болашақ ұрпақ алдындағы жауап­кершілік. Мемлекет қауіпсіздігі, дамыған елдер қатарына қосылу, мәңгілік ел идеясы, бәсекеге қабілеттілік, тәуелсіздік, ұлт бірлігі, демокра­тиялық қоғам, зайырлы мемлекет секілді ұлы мақсаттар бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігіне ті­келей байланысты, ал ол өз кезе­гінде жер-су ресурстарын тиімді пайдалануға тәуелді. Белгілі француз философы Жан-Жак Руссо: «Мемлекетті әлдебіреуден тәуелсіз жағдайда ұстап түратын жалғыз құрал – ауыл шаруашылығы. Сіз әлемнің барлық байлығының иесі бола тұра, та­мағыңыз болмаса – сіз басқаларға тәуелдісіз... Сауда-саттық байлық­ты жасайды, бірақ ауыл шаруа­шылығы бостандықты қамтамасыз етеді» деген. Ал дана халқымыз «Арпа бидай ас екен, алтын-күміс тас екен» деп азық-түліктің адамзат баласы үшін маңызын білдірген. Сондықтан азық-түлік қауіп­сіздігі – елдегі ішкі тұрақтылықты, дамуды қамтамасыз етіп қана қоймай, халықтың денсаулығын сақтайтын мемлекеттік іс-әре­кеттегі ең бір көкейкесті бағыт. Осы орайда Парламент және Ауыл­ша­руашылық министрлігі, Қауіпсіздік Кеңесі әрдайым осы мәселеге ерекше мән береді. Қашанда азық-түлік қауіпсіздігі дегенде оның сапасына айрықша талап қойылуы керек. Шетелден келген тамақ өнімдеріне бақылауды күшейту мемлекеттің басты функция­ла­рының бірі, ол халықтың ден­сау­лығын қамтамасыз етудің – басты факторы.  

Асқарбек ҮЙСІМБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі