Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің рухани астанасы Түркістан қаласына ат басын тірегені бар. Ал Мағжан ақын екі дүниенің есігіне балаған Түркістан туралы сөз еткенде ойға күллі түркінің ғасырларға созылған арман-аңсары оралатыны бар. Сонау оғыз-селжұқ қолбасшылары оңтүстік пен батысқа, күн түбіне жортуды бастаған сәттен іргесі ажырап, уақыт өткен соң жеке-жеке «отау құрған» түркі халықтары ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырда жұдырықтай жұмыла түскенді қалайтынын байқатып жүр. Ал осынау интеграциялық үрдісте Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанымы мен алға қойған мақсат-мүддесінің орны бөлек.
Әдетте «түркі әлемі» дегенде Моңғолияның солтүстік-шығысынан басталып, Қазақстан, Еділ бойы арқылы батыстағы Дунайға тірелетін ұшы-қиыры жоқ дала, Алтай мен Тарбағатай, Саян мен Хангай, Тәңіртау мен Алатау, Хорасан мен Ферғана, Анадолы мен Балқан түбегі тәрізді орасан зор аймақты қамтитын өлкелер еске түсетіні бар. Осы географиялық аймақта жеке мемлекет құрған алты түркі елі мен Ресей, Иран, Қытайдың қоластындағы туыс халықтар да соңғы ширек ғасырда бір-бірін жақын тартып, туыстық байланыстарға ден қоя бастағаны аян. Алайда ХХІ ғасыр интеграциялық үрдістерді сабырмен, жан-жақты ойластырылған сипатта жүргізу қажет екенін көрсетті. Жаһандану заманында этникалық белгілер арқылы да, наным-сенімнің ортақ болуы арқылы да біріге қою қиын. Содан да болса керек Елбасы сонау 90-жылдары басталған интеграциялық байланыстарды байыппен жүргізіп келеді. Нұрсұлтан Назарбаев «асықпаған арбаға мініп, қоян алады» дейтін тәмсілдегідей түркі бірлігін бірте-бірте бекемдеп келеді. Ал түркі әлемі оны Ақсақал деп құрметтеп, абызға балайды.Интеграциялық үрдістерде эмоцияға жол жоқ
Негізі, түркі халықтарының интеграциялық үрдістерін бақылаған адам бауырлас жұрттарды біріктіруді мұрат тұтқан қайраткерлердің көбі сезімге беріліп, қанға қызғанын байқайды. ХХ ғасырдың басындағы зиялылар арасында да, өткен ғасырдың 90-жылдарында бауырластықты нығайтуға ұмтылған тұлғалардың әрекеттерінен де мұндай «мінез» байқалатыны бар. Айталық, Түркияның бұрынғы президенті, марқұм Тұрғыт Өзал түркі мемлекеттерінің арасындағы байланыстарды нығайтуға зор еңбек сіңіргенімен, ұзақ жылдар бойы бір-бірінен ажырап, туыс екенін ұмытудың аз-ақ алдында тұрған халықтарға одақ құру идеясын ұсыну кезінде КСРО құрамында болған түркі халықтарының «одақ» ұғымынан әбден шаршағанын ескермеді. Елбасы Н.Назарбаевтың Тұрғыт Өзалдың ұсынысын сыпайы түрде қабылдамай қоятыны сол кез. Өйткені Елбасы посткеңестік кеңістіктегі түркі халықтары үшін бірінші кезекте рухани серпіліп, өз-өзіне келуі қажет екенін жақсы білді. Сөйте тұра интеграциялық үрдістерді тежеген жоқ, керісінше өзара байланыстарды одақ құрмай-ақ нығайту керек екенін жақсы білді. Әрі тура сол саясатты ұстанды. Елбасының осы саясатының арқасында түркі бірлігі нығайып келеді. Түркиялық профессор Мехмет Сейфеттир Эрол өзінің бір зерттеуінде «Н.Назарбаевтың түркішілдігі» деген ұғым қолданғаны бар. Ғалым «Түркі еуразияшылдығының басты идеологтарының бірі Н.Назарбаев «түркішіл» сипатымен де көзге түседі. «Нұрсұлтан Назарбаевтың түркішілдігі» деп сипаттауға болатын бұл түркішілдіктің өзгелерден өзгеше қыры да бар. Н.Назарбаевтың саясатында сезімге берілу мен ұлылыққа ұмтылу жоқ. Керісінше әр қадамын нық басып, нақты мақсат көздеген, өзара пайдалы болуды көздейтін, салмақты стратегияны алға шығару бірінші орында тұрады. Оның ең басты мұраты – түркі әлемінің бірігуі», – деп жазады. Шынында да Елбасы – түркі бірлігін нығайту үшін асығыс әрі популистік шешім қабылдамаған жан. Әскери, саяси, экономикалық одақ құру тәрізді идеяларды алдыңғы қатарға шығармауы да содан. Өйткені ХХІ ғасыр шарттарында мұндай одақ құру өте қиын екенін, аймақтық және жаһандық державалар интеграцияның бұл түріне мейлінше кедергі жасап бағатынын ол жақсы білді. Сондықтан интеграция мәдени-гуманитарлық, ағартушылық бағытта дамыды. Дегенмен тәуелсіз түркі мемлекеттерінің өзара ынтымақтастығы саяси, экономикалық, әскери, құқықтық салада да алға жылжыды, ресми одақ құрылмады демегенмен, одақтастардан кем болмайтын деңгейде интеграциялық үрдіс жалғасып жатыр.Түркі интеграциясының кілті мәдениетте
Н.Назарбаевтың түркі әлемінің ынтымақтастығын арттыруға бағытталған саясатын сөз еткенде «ешбір ұйым құрылмады» деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. 1993 жылы Қазақстан, Әзербайжан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Түрікменстан, Түркия мемлекеттері бірлесе құрған TÜ RKSOY, 2008 жылы құрылған Түркітілдес мемлекеттердің парламенттік ассамблеясы (ТүркПА), 2009 жылы Әзербайжанның Нахчыван қаласында дүниеге келген Түркітілдес мемлекет басшыларының кеңесі (Түркі кеңесі), 2010 жылы құрылған Халықаралық Түркі академиясы, Бакудегі Түркі мәдениеті мен мирасы қоры қатарлы ұйымдар Түркі дүниесі Ақсақалының атсалысуымен жасақталған болатын. Елбасы бұл ұйымдардың бірқатарының құрылуына тікелей өзі бас-көз болса, тағы бірқатарын құру жөнінде кеңес берген-ді. Одан бөлек, Кавказ арқылы Еуропаға бағыт түзейтін бірқатар көлік-транзиттік жобалардың жүзеге асуын да ұдайы қолдап, бауырлас мемлекеттердің басшыларына қажет кезінде демеу жасап отырды. Ал ел ішінде бұқараның бауырлас халықтармен жақындаса түсуі үшін тиісті шаралар қабылдады. Түркістан қаласының 1500 жылдығын тойлау, Күлтегін бітіктасының көшірмесін елордаға әкелуге ықпал ету, Алтай атауын қалаға беру, Түркістан атауымен облыс құрып, аудандық деңгейдегі қаланың мәртебесін ресми түрде көтеру интеграциялық үрдістерге өз ықпалын тигізетіні сөзсіз. Бәлкім мұндай шаралардың интеграцияға тікелей қатысы жоқ секілді болып көрінуі мүмкін. Алайда халық арасына бауырластық идеясын сіңіруге бұл қадамдардың тигізер ықпалы зор. Ал бұл саясат өз кезегінде түркі ынтымақтастығын дамыта түседі. Бір сөзбен айтқанда, Елбасы түркі интеграциясының алдағы 50 жылдық, тіпті ғасырлық межесін белгілеп берді. Сонымен бірге ол түркі интеграциясының бір орталыққа негізделгенін де құп көрмейтінін байқатты. Өйткені интеграциялық үрдістер бір орталыққа негізделген жағдайда бауырлас халықтардың ынтымағына сызат түсуі мүмкін еді. Сондықтан интеграцияға ықпал етуі тиіс құрылымдар әр мемлекетте, Түркияда, Қырғыз Республикасында, Әзербайжанда және Қазақстанда орналастырылды. Өзбекстан мен Түрікменстанның интеграциялық үрдістерге қатысуына мүмкіндік қалдырды. Соның нәтижесінде соңғы жылдары осынау қос мемлекет бауырластар арасындағы барыс-келіс, алыс-беріске қайта ден қоя бастады. Күндердің күнінде бұл мемлекеттерде де интеграцияға қызмет ететін институттар құрылуы бек мүмкін. Түркиялық сарапшы Гөкхан Гюлер Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын да түркі ынтымақтастығын тереңдете түседі деген пікір айтады. «Ақсақал» сөзі дана, өзгелер сөзін тыңдайтын, кемел басшыға қарата айтылатын болса керек. Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тек қазақ халқының тарихи танымын жаңғыртып, ұлттық сезімін оятып қана қоймайды, ондағы ойлар күллі түркінің береке-бірлігін нығайтуға қызмет етеді. Мақала өткенді шолу емес, болашаққа бағдар көрсететін. Ақсақалдың даналығы да осында», – деп жазады. Міне, бұл пікір Елбасының түркі интеграциясы турасындағы ұстанымдарына берілген әділ баға болса керек.Ардақ СҰЛТАН