Біздегі Үкімет құрамында кей дамыған елдердегідей жалғыздық не йога министрліктері сынды ерекше органдар жоқ. Айрықша назар аудартпаса да, әр елде болуы тиіс саналатын 17 министрлік бар. Негізі, бұл сан қатып қалған қағида деуге келмейді. Өйткені кейде бір министрліктер біріктіріліп, енді бірі өз алдына «егемендік» алып шығып жатады. Сондай сәттерде қызметтерінен босап қалатын министрлер болады. Тағы біреулері зейнеткерлікке шығады, енді біреулері істі болып жататынын көріп жүрміз. Сондықтан бүгін назарды бұрынғы министрлерге қарай бұрғанды жөн көрдік. Экс-министрлер қазір қайда, қандай қызметте жүр?
Материалды әзірлеу барысында бұрынғы сала басшыларын топтастыруға болатынын байқадық. Яғни, бірі зейнет жасына жеткен соң алаңсыз бала-шағаның ортасында отыруға көшсе, енді бірі кәсіп бастап, одақ құрған. Кейбірі саяси қайраткерлікпен айналысып жүр. Ел есінде ерекше қалған министрлердің дені өкінішке қарай ерен еңбегі не мықты реформасы үшін емес, жемқорлыққа қатысты былықпен ұсталған. Тіпті, кәсіби мансабына осындай көлеңке түсіргендердің өзін бөліп қарастырса да артық емес. Себебі олардың ішінде де халық махаббатына қайта бөленгендер де, әлі күнге дейін темір тордың ар жағында жатқандар да, жаңа өмір бастағандар да бар. Бір саланың басы-қасында жүріп қана қоймай, процеске тікелей жауапты министрлерге қатысты келеңсіз оқиға да аз емес.Халыққа қызмет етуден алыстамағандар
Бұрынғы министрлердің ішінде мемлекетке қызмет етуді басқа лауазымда жалғастырып жүргендер көп. Мәселен, кезінде премьер-министр болып, одан кейін ол қызметін Қорғаныс министрі ретінде жалғастырған Даниал Ахметовті алайық. Аталған министрлікті 2007-2009 жылдар аралығында басқарған ол — қазір Шығыс Қазақстан облысының әкімі. Министрлікте жемқорлыққа қатысты шу шығып, соған байланысты Ахметов қызметінен босатылған еді. Сол оқиғадан соң ол экологиялық энергетика саласындағы компанияны басқарды. Бүгінде «аса ауыр салмақты» әкімдердің бірі ретінде белгілі. Одан бөлек, Жеңіл атлетика федерациясының президенті екенін де атап өткен артық болмас. 2014-2017 жылдары Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму деп аталған министрліктің басында Тамара Дүйсенова отырды. Кейін аталған орган Денсаулық сақтау және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері болып екіге бөлінді. Екіншісінің басшысы болып Дүйсенова тағайындалып, бір жыл осы қызметте болды. Былтыр мамырда Президентінің көмекшісі – Президент Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі қызметіне келді. Бір емес, екі министрлікті басқарғандардың мысалын айта берсе, көп. Соның ішінде бір төбе болатын Әділбек Жақсыбековті қалайша қалдырып кете аламыз? Бас қаланың әкімі қызметінде де екі рет отырған ол алдымен Индустрия және сауда министрі болды. Аталған қызметте бір жыл ғана отырған ол Президент әкімшілігіне жетекшілікке тағайындалады. Одан кейін де бірнеше жерде болған Жақсыбеков 2009-2014 жылдар аралығында Қорғаныс министрлігіне келеді. Бүгінде ол «ҚазТрансГаз» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы қызметінде, әрі Қазақстан Футбол федерациясының президенті. Бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазір Ұлттық музейдің басшылығында. Жақында экс-министрдің байлығына қатысты шу шыққан. Мәселенің мән-жайын айқындаған А.Мұхамедиұлы The Family кафесінің жұбайына тиесілі екенін, былтыр «Қазақ энциклопедиясы» баспасын сатып алғанын айтты. Ал ұлдарының атында Alem Education System білім беру орталығы және колледж бар екен. «Дипломат» қонақүйінің 71 пайыз үлесі енесіне тиесілі деседі. Сондай-ақ «Шапағат» базарын қызына алып бергенін, 45 пайыз үлесі Айжанның еншісінде екенін де айтқан еді.Істі болған экс-министрлер өте көп…
Кезінде Көлік және коммуникациялар министрлігі дейтін жеке орган болған. 1994-2014 жылдар аралығында бұл министрліктің басында талай адам орын ауыстырып үлгерді. Біразы былыққа батып, беделіне нұсқан да келтірді. Оның ішінде ел есінде ерекше қалғаны — Серік Ахметовтің істі болуы. Үкімет басында да отырған ол 2015 жылы 10 жылға сотталған еді. Бірақ кейіннен екі рет өтеу мерзімі қысқарып, ақыры Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңындағы рақымшылық жасалғандардың тізіміне енді.Ел есінде ерекше қалған министрлердің дені өкінішке қарай ерен еңбегі не мықты реформасы үшін емес, жемқорлыққа қатысты былықпен ұсталған. Тіпті, кәсіби мансабына осындай көлеңке түсіргендердің өзін бөліп қарастырса да артық емес.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясын басқарған жылдары Жақсыбек Құлекеев пара алды деген күдікпен ұсталған. Бірақ кейін ақталды. Қызметін асыра пайдаланғаны үшін үш жылға сотталғанымен, Құлекеев 2009 жылы мерзімінен бұрын шықты. Араға бір жыл салып, «Қазақ мұнай және газ институтының» корпоративтік даму жөніндегі басқарушы директоры болды. Қазір ол — AERC (Applied Economics Research Centre) орталығында ғылыми жетекші. Бұрын Экономика министрлігін басқарып, Білім және ғылым министрі болған. Біртанов ісіне қатысты пікір берген Құлекеев былтыр бір сұхбатында министрлерді түрмеге отырғызу үрдіске айналып кеткенін тілге тиек еткен. «Бүгін біреуін, ертең біреуін ұстап, шуылдата берсек дейді. Олай болмайды. Егер біз министрді түрмеге отырғызатын болсақ, соның себебін жан-жақты талқылап, бұдан кейін екінші министрдің отырмауына барынша жағдай жасауымыз керек. Олардың мейлінше түрмеге түспеуінің, оларды қорғаудың жолын қарастыруымыз қажет. Олар мемлекет мүддесі үшін кейде әртүрлі шешім қабылдайды. Шешімнің бәрі жеке басына пайда табу үшін қабылданбайды. Мемлекеттің заңы үлкен билікте жүрген азаматтар теріс шешім шығарып, оны түрмеге түсіретін болса, онда ешкім еркін қимылдай алмайды. Яғни, батыл қимылдай алмаса, шешім қабылданбаса, қоғам алға жылжымайды. Бұл — қоғамның дамуына тұсау. Сондықтан басшылық қызмет — мемлекеттің ең үлкен міндеттерінің бірі» деген еді.Бизнеске кеткендер
Кәсіппен айналысатын министрлер қатарында Мемлекеттік кіріс министрлігі мен Қаржы саласының басты органын басқарған Зейнолла Кәкімжанов та бар. Шарап шығаратын Arba Wine компаниясының негізін қалап, бизнесін өркендетіп отыр. Ауыл шаруашылығына үлесін қосуды мықтап қолға алған ол 2015 жылы Британия елшілігімен бірлесіп, Arba Eco Auyl фермерлік жобасының таныстырылымын өткізген еді. 2008 жылдан бері Altay Asset Management компаниясына жетекшілік етеді деген ақпарат бар. Нарыққа кіргеніне 14 жылдан астам уақыт болған компания жайлы мәліметтерге үңілсек, салық төлегені туралы ақпарат мүлдем жоқ, ал жетекші ретінде Олег Сахалтуев есімді азамат көрсетілген. Ауыл шаруашылығы министрі қызметінде бес жылдан астам уақыт отырған Асылжан Мамытбеков қазіргі таңда «Қазақстанның ет одағын» басқарады. Оған дейін «Астана банкі» АҚ тәуелсіз директоры қызметінде де болды. Министрліктен бір кетіп, одан 2018 жылы Шөкеевтің кезінде жауапты хатшы болып қайта келгені де есімізде. Одақ жұмысына қатысты екі жақты пікір қалыптасқан. Газетіміздің сайтына берген сұхбатында салаға жаны ашитынын, дамытуды көздейтінін алға тартқан экс-министрдің жұмысына көңілі толмайтындар да бар. Иманғали Тасмағамбетовтің тыныш өмірді қалап, жасы жеткен соң зейнетке шыққаны 2019 жылы жазылды. Бүгінгі тақырыпқа сай келетін қызметі — Қорғаныс министрі. Одан бұрын, ертеректе Білім және ғылым министрлігін де басқарғаны бар. Соңғы жаңалықтарға сүйенсек, Ресейдегі алпауыт «Камаз» жария акционерлік компаниясының директорлар кеңесіне кандидат болып қалуы ықтимал. Құрамына 109 компания біріктірген корпорацияның директорлар кеңесі кандидаты болуға лайық екі адамның бірі ретінде Тасмағамбетов таңдалыпты. Акционерлер отырысы биыл маусымда өтеді деп жоспарланған. Бәлкім, зейнеттегі экс-шенеунікті сол құрамнан көріп қалармыз. Жалпы алғанда, үлкен корпорациялардың директорлар кеңесіне мүше болу үрдісі бұрынғы министрлердің біразына тән. First Heartland Securities брокерлік компаниясының директор кеңесінде Аслан Сәрінжіпов бар. Үш жылдай Білім және ғылым министрлігін басқарған ол бұдан бөлек «Әлеуметтік даму» корпоративтік қорының басқарма төрағасы. Айтпақшы, қордың қамқоршылық кеңесіне мүшелердің ішінде «Назарбаев Университеті» білім беру дербес ұйымының басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова да бар. Ол 2019 жылы Білім және ғылым министрі қызметін атқарған-ды. Шыны керек, тәжірибелі әрі білікті педагогтің бұл қызметке келгенінде күткеніміз көп болғанымен, бұл орында ол бар болғаны төрт айдай ғана отырып, «таңғалдырған». Көлік және коммуникациялар министрлігін кезінде басқарған Серік Әлігужинов қазір Қазақстанның автокөлік иелері одағының төрағасы. Бұрынғы Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов бүгінде Еуразиялық даму банкі басқарма төрағасының орынбасары. Жалпы алғанда, Дәленов біраз жерде директор кеңесіне мүше болған. Мәселен, «Бәйтерек», «Өркен», «Самұрық-Қазына», «ҚазАгро», «Қазақстан ипотекалық компаниясы» және т.б. Байқағанымыздай, экс-министрлердің ішінде аласы да, құласы да бар. Бәлкім, шенеуніктердің жемқорлық фактілеріне қатысы көп болуы қарамағындағылардың ісі үшін де жауап беретініне қатысты болса керек. Әлде бір терінің пұшпағын илегендіктен, ондай заң бұзу деректері басшылыққа құлағдар етілместен шешілмей ме? Ой-пікір екіге бөлінеді. Жә, қалай десек те, мемлекеттік қызметті абырой-беделмен алып жүргенге не жетсін?!Жадыра АҚҚАЙЫР