Жаз шыға ел-жұрт демалатын жер іздейді. Бірі шетелде демалуды ойласа, енді бірі елде қалуды көздейді. Әдетте соңғылар қалтасындағы қаржыға қарайтыны сөзсіз. Алайда ел ішін аралауға ақша жұмсағаннан айнып қалатындар да көп. Неліктен? Ішкі туризмге тұсау болып отырған бағаның қымбаттығы ғана ма? Әлде экомәдениеттің төмендігі, инфрақұрылымның нашарлығы да әсер ете ме?
Жол мен дәретхана жыры
Ақпарат алу мақсатында бірнеше туристік агенттікпен әңгімелестік. Мәселен, Demal Travel агенттігінің мәліметінше, Көлсай мен Қайыңдыға баруға 17-20 мың теңге, Бозжыраны көруге 90-100 мың теңге ақша жұмсайсыз. Ал Қатонқарағайдың көз тоярлық сұлулығын көремін десеңіз, қалтаңызда 70-80 мың теңге болғаны жөн. Ішкі туризм саласында 5 жыл бойы жемісті еңбек етіп келе жатқан Limon.kz агенттігі биыл туристер таңдауы Түркістанға түскенін айтады. Шамамен сұраныс 10 есеге артқан. Тіпті, туристерге орын жоқ деп айтуға мәжбүр болған екен. Өйткені наурыз-сәуір айында рухани астанадағы қонақ үйлер лық толған. Сол себепті агенттік аптасына 150-200 адамға тур ұсынумен шектелген. Одан кейін ел арасында Көлсай мен Қайыңдыға сұраныс басым. Алматыдан Көлсайға дейінгі 300 шақырым жолды оңай жүріп өткенмен, Саты ауылынан Қайыңды көліне жету қиын. Арадағы 15-20 шақырым жерге асфальт төселмеген. Сол үшін туристік агенттіктер арнайы УАЗ көлігін жалдауға мәжбүр. Байқасаңыз, агенттік көмегіне жүгінбей-ақ, өз бетімен келген турист үшін де айтарлықтай мәселе. Өйткені Саты ауылына дейін келген көлігіңізді қалдырып, ары қарай басқа транспорт іздейсіз. Оған қоса аймақтағы интернет желісі мәселесі де шешімін таппай отыр. Осы тұста «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің қызметкері Бейсенбек Тұқанұлы да бірнеше мәселенің басын қайырды. «Интернет пен жолдан бөлек, дәретхана мәселесі тағы бар. Көл жағасына келетін мың адам болса, 30-40 дәретхана салу керек. Бір жағынан бұлай болмайды. Көл маңайына биодәретхана қойылғанымен, әлі іске қосылған жоқ. Осы мәселе шешімін тапса игі еді. Одан кейін қоқысқа қатысты да сұрақ көп. Адамдарда туристік мәдениет жоқ. Қоқысты көрінген жерге тастайды. Биыл арнайы қоқыс төгетін орын ашылып, бір жасап қалдық. Содан кейін, бірінші көл мен екінші көл арасындағы жолды жүріп өту турист үшін қиынға соғады. Екі арада ирек бар. Сол тұста баспалдақ салынса деген жоспарымыз бар. Екі көлдің арасын атпен жүріп өте алмайтындарға таптырмас көмек. Одан ары қарай үшінші көл бар. Бірінші көл мен үшінші көлдің арасы – 6 шақырым. Менің көптен бері мазалаған мәселе жайын да айта кетсем. Көл маңынан 49, 25 жылға жерді жалға алып, кәсібін дөңгелентіп жатқандар жетерлік. Оларға жерді 5-10 жылға жалға берсе де тиімді деп ойлаймын. Бізге жердің тозбай, сақталғаны керек», – дейді Бейсенбек Тұқанұлы. Елге танымал Алакөл мен Бозжырада да жол мен дәретхана жайы ақсап тұр. Туристік агенттіктер Бозжырадағы шаңды дауылдан жол талғамайтын көлік жалдайтындарын айтады. Бозжыраға баратын жол да жөнделмеген. Кәсібін жеті жыл бұрын бастаған Жібек Шәріпбайқызы Алакөлдің айналасында қашан биодәретхана тұрғызылатынын сарыла күтіп жүр. Көл маңында дәретхана жоқ болғандықтан, адамдар көлді ластайтынын айтады. «Мирас» қонақүйінің иесі табысының 70%-ын гүл мен ағаш отырғызуға жұмсайды. Ал жергілікті әкімдіктен сұрайтыны – қоқыс пен дәретхана мәселесін шешу. Одан бөлек, кәсіп иесі туристерде табиғатқа жанашырлық жоғын атап өтті.Батыс пен Шығыстың арасын жалғар рейс жоқ
Қатонқарағай десе, көз ұшына әсем табиғат елестейтіні сөзсіз. Бірақ бұл өңірде пассив демалыс түрі дамыған екен. Яғни, демалыс өткізудің өзі екі түрге бөлінетінін ескерсек, Қатонқарағайда белсенді демалыс ұйымдастыру жағы дамымаған. Адамдар тау мен тасты аралап, шатыр құрып демалғаннан гөрі, шипажайға барады. Ал шипажайда жату – пассив демалыс түрі. Сондықтан туристік агенттіктерге Қатонқарағайға тур ұйымдастыруға ұсыныс көп түседі. Олардың айтуынша, Қатонқарағайда да ішкі туризм аса дамымаған. Енді-енді қолға алынып жатыр. Қазір Өскемен әуежайы жөндеуге жабылғандықтан, Қатонқарағайға туристер Семей арқылы барады. Аталған әуежайда тамыз айына дейін жөндеу жұмысы жүргізіледі. Байқасаңыз, дәл демалыс маусымы қызған шақта демалыс орындары үшін бұл айтарлықтай мәселе. Limon.kz агенттігінің құрылтайшысы мұны «Қатонқарағайға жеткеннен, Шри-Ланкаға жеткен оңай» деп түсіндірді. «Халыққа демалысын ойдағыдай өткізуге жағдай жасалса деймін. Ел көп біле бермейтін орындарды ашып, түсіндіру жұмысын жүргізсе, ішкі туризм дамитын еді. Қазақстанның жер көлемі үлкен. Мысалы, Ақтау тұрғындары шығысқа, Қатонқарағайға барғысы келетінін айтады. Бірақ олар үшін батыс пен шығысты жалғар рейс жоқ. Ақтаудан Нұр-Сұлтанға ұшып келіп, ары қарай Өскеменге пойызбен барады. Онсыз да жолдан шаршаған жолаушы үшін бұл ыңғайсыз. Оған қоса, саяхат ұшақ бортынан басталатынын ескерсек, ел ішіндегі жолаушылар ұшақ қонған бетте кезекке тұрып, сыртқа шығуға асығады. Былай айтқанда, өздеріне өздері проблема тауып алады. Бірін-бірі күтіп, сыйласа дейсің. Қоқыс тастамай, таза ұстаса игі», – дейді Demal travel туристік агенттігінің иесі Мұхтархан Мәденұлы.Марал мүйізі және интернет
Мұндай мәселенің барын Қатонқарағайдағы «Жанат» шипажайының иесі Дамир Қалихан растады. Алты ай қыс бойы керегін қамдайтын кәсіпкер үшін үш ай жаздың берекелі болғаны маңызды. Келушілерді марал қанымен емдейтін шипажай шағын шаруашылық дерсіз. Шипажай мамыр айының соңынан басталатын кезеңге қыс бойы дайындалады. 20 жыл осы кәсіпті жанына серік еткен ол Өскемен әуежайының дәл демалыс маусымында жабылып қалғанына қынжылады. Ал марал қанымен емдеу тек тамыз айының соңына дейін жалғасады.Монополия мен лицензия жайы
Limon.kz туристік агенттігінің құрылтайшысы Алмас Маратұлы да ішкі туризм жайында еркін көсілді. Оның айтуынша, халық Францияға, Түркияға баруды армандайды да, 14 облыстағы әдемі жерлерден бейхабар. Ел арасында Эйфель мұнарасын біліп, бірақ Түркістандағы Ясауи кесенесін білмейтіндер бар. Сол үшін ол оқулықтарға қосымша пән немесе сынып сағаты ретінде «Туған жерді тануды» енгізуді ұсынып отыр. Өйткені үлкен адамдардың бойына туризм мәдениетін сіңіруге кеш қалдық. Ал балаларды үйретуге болады. Өйткені адамдар туған жерін танығанда ғана, ішкі туризмге үлес қосады. «Мәселен, пойызбен Атырау мен Семейдің арасын 3 күн жүрген 15 бала Қазақстанның жері қандай үлкен екенін біледі», – дейді ол. «Ел ішінде рейстер қымбат, шағын лоукостерлер аз. Мысалы, Limon.kz ішкі туристік агенттік ретінде тіркелген тұста бәсекелестеріміз саусақпен санарлық еді. Көпшілік шетелге саяхаттауды таңдайтын. Қазір ішкі туризм саласында агенттіктер көбейгесін, баға да тиісінше төмендеді. Адамдарда таңдау пайда болды. Ал бізде бір ғана лоукостер бар. Сондықтан бағаны өзі белгілейді. Ал осындай компанияның бесеуі болса, баға төмендері анық. Мысалы, Шарын ұлттық паркінде бір ғана монополист компания отыр. Қаншама шақырымды алып жатқан ұлттық паркте бір ғана дәмхана бар. Ол жердегі палаудың бағасы Алматыдағы бағадан қымбат. Неге? Себебі – ол жалғыз. Шарынға 3,5 сағат жүріп барған адам амал жоқ сол жерден тамақтанады. Сондықтан барлық жерде монополистер бар. Ол ұшақ мәселесіне де, ұлттық парктер жайына да қатысты», – дейді Алмас Маратұлы. Ол туристік агенттіктер арасындағы лицензия алу мәселесін де қозғады. Мәселен, туристік агенттікпен демалыс орнына барып келген адам екі аптадан соң туристерді жинап, апаруға бейім екен. Байқасаңыз, өзі бір-ақ рет көрген жерді толығымен таныстыра алмайтыны анық. Осылайша, онымен бірге барған туристерде «Қазақстанның ішкі туризмі осындай екен» деген пікір қалыптасады. Сондықтан Алмас Маратұлының айтуынша, лицензия берумен жұмыс істеу керек. «Шыны керек, лицензия алу оңай. Меніңше, туристік автобустар жиналатын орында туристік полицей жүруі керек. Мәселен, Алматыдағы Абай және Байтұрсынов көшелерінің қиылысында туристік полиция автобустың жанына барып, тур оператордан лицензиясы бар-жоғын сұрасын. Лицензиясы жоқ операторлардан мән-жайды сұрап, заң жүзінде мәселені шешсе болады», – дейді ол.Бізге беймәлім Қазақстан
Осы елде мекен етсек те, ұшы-қиырын толық білмейміз. Қазақстанның бізге беймәлім тұсын ашатын тетік болса, ол – туризм. Сол үшін ішкі туризмді дамыту жайын қозғадық. Мысалы, туристік агенттіктер ашылмай жатқан маршруттардың көп екенін айтады. Соның бірі – Қарағанды маңайындағы Имантау. Бұл жердің табиғаты айтарлықтай әдемі екен. Алматы облысындағы Бұрқанбұлақ сарқырамасы да турист үшін таптырмас орын. Бірақ оған жету өте қиын деседі. Жол жоқтың қасы. Бұрқанбұлақ – еліміздегі ең биік сарқырама. Мәселен, Африкада орналасқан әлемдегі ең биік сарқырамаға адамдар таласа-тармаса барады. Ал елімізде мұндай сарқырама барын білмейтіндер бар. Шалқар аймағы да туристік агенттіктер үшін жұмбақ сияқты. Айналып келгенде, мәселе инфрақұрылымға келіп тіреледі. Қорыта келгенде, Қазақстанның ішкі туризмінде шешілмей тұрған түйін – жол мен дәретхана жайы. Монополистердің тамырын тереңге жайып, бәсеке есігін құлыптап қойғаны тағы бар. Осыдан 5-10 жыл бұрын журналистер Көлсай мен Қайыңдыға баратын жолдың ойлы-шұңқыр екенін жарыса жазатын. Қазір жол реңі өзгерген. Бұл тәжірибеге сүйенсек, Қатонқарағайдың туристерге құшағын айқара ашуы үшін тағы 10 жыл күтеміз бе?