Айтпаева адам саудасының құрбаны болған ба?
Айтпаева адам саудасының құрбаны болған ба?
273
оқылды

Жер жүзінде құқықтық мемлекеттер саны басым болғанымен, адам саудасы, құлдық тәрізді келеңсіз құбылыстар тоқтаған емес. Жуырда Грузия елінде қайтыс болған отандасымыз Әсел Айтпаева туралы ақ­парат құралдары жарыса жазды. Кейіннен қызды өлімге итермелеген күдіктілер ұсталғанын білеміз. Адам саудасы жайлы әңгіме қозғауымыз­дың өзіндік себебі бар. Оқиғаға қатысты жария болған деректерге үңілсек, «қыз сол қылмыс түрінің құрбаны болмады ма?» деген сауал туындайды.

Қылмысқа күдікті кімдер?    

Әуелі қайғылы оқиғаның қалай өрбі­геніне тоқталсақ. 5 мамыр күні Грузияның Тбилиси қаласында 26 жастағы қазақстан­дық Әсел Айтпаеваның жұмбақ жағдайда көз жұмғаны хабарланды. Ол көпқабатты үйдің 9-қабатынан құлаған. Дегенмен марқұмның әпкесі қыздың қайтыс болар алдында құрбысына аудиохабарлама жібергенін, жазбада белгісіз ер адамның қоқан-лоқы көрсетіп жатқанын естіген. Бұл өлімге күдікті деп танылған бірінші азамат болатын. Оны Грузияның ішкі істер министрлігі қолға түсірді. Алдын ала дерекке сенсек, ол 57 жастағы Бесик Тордуа есімді азамат. Кейін қыздың ата-анасының шағымы бойынша, сәуір соңында марқұмды Грузияда авто­салонда жұмыс істеуге шақырған туысы да табылды. Яғни, екінші күдікті өз елімізде ұсталды. Енді осы екі адамның нендей әрекеттері үшін тергеуге алынғанына жөн­деп зер салсақ. Алдымен ұсталған грузиялық ер адам сол елдің Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша тергеліп жатыр. Бесик Тордуаға адам зорлау және адамның ар-намысын кемсіту арқылы өзін-өзі өлтіруге итермелеу айыбы тағылған. Ал келесі күдікті ретінде танылған қыздың туысы елордада жүрген. Қалалық Полиция департаменті уақытша ұстау абақтысына қамаған азаматтың есімі Мұрат Мейірбеков екен. Ол қыздың ата-анасының шағымы бойынша тергелді. Бір қызығы, осы азамат ұсталғаннан кейін Айтпаеваның әпкесінің айтуынша, бөтен екі қыз хабарласып, бұрын Мұрат Мейір­бековтің Грузияға жұмысқа шақырғанын жеткізген. Абырой болғанда, олар бұл ұсынысты қабыл алмапты. Ендігі күмән осы жерден шығады. Яғни, жаңағы атын атап отырған отандасымыз адам саудасы­мен айналысқанға ұқсайды. Бұған тағы бір қосарымыз бар. Айтпаеваның қазасының алдында құрбысына жіберген аудиожазбада  әлгі ер адам «сені бізге өз жақының, қазақтар сатты» деп айтқаны жайлы қауесет тарады. Мұны жоққа шығаруға болар, әйткенмен күдікті Мейірбековтің үстінен Қылмыстық ко­декс­тің 128-бабы, «Адам саудасы» бойынша іс қозғала бастағанына қарағанда, қауесеттің тектен-тек айтыл­мағанын ұғамыз. Егер екі күдіктінің қылмысы дәлел­денсе, жазадан сытыла қоймасы анық. Грузиялық азаматтың бір емес, қос бап бо­йынша тергеліп жатқанын айттық. Ал Мейірбеков айыпталған Қылмыс­тық кодекстің 128-бабы, «Адам саудасы» қылмысы дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 4 жылдан 7 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Қылмыстың алдын алу тәсілі бар ма?      

Қазақстанда әр жыл сайын адам сау­дасына қатысты 200 ден астам қылмыс тіркеліп отырады. 2000-жылдардың ба­сында ашылған осы санаттағы қылмыс саны 10-ға жетпейтін кездер болған. Кейінірек мұндай қылмыстардың көптеп ашыла бастауы құқық қорғаушылар жұмы­сының сәл де болса ілгері басқанының нышанындай. Әйтсе де, осы қылмысқа қа­тыс­ты АҚШ-тың мемлекеттік департа­менті баяндамасында Қазақстанның адам саудасына қарсы әрекеттері дәрменсіз саналған. Атап айтқанда, жазаның тым жеңіл екенін алға тартады. Ол аз десеңіз, Халықаралық көші-қон ұйымының мәліметінше, Қазақстанда адам саудасы 2012 жылдан бастап қатты белең ала бастаған. Былтыр жүргізілген зерттеулер қорытындысында «осалдық индексі» елімізде 43%-ды құрапты. Бұл әрбір екінші қазақстандық осындай сауданың құрбаны болып кетуі мүмкін дегенді білдірсе керек. Бірақ ескере кетер жайт – әлемде адам сау­да­сын толығымен нәтижелі ауыздық­таған тәсілдер жоқтың қасы. Бұның себе­бін сарапшылар адам саудасындағы ақ­шаның тым көп екенімен түсіндіреді. Оның аранына жеңіл ақшаға қызыққан, мате­риалд­ық жағдайы төмен жандар түседі екен. Яғни, мол ақша жүрген жерде заңды белшеден басатындар міндетті түрде кез­деседі. Сондықтан ауыр жаза да оның шешу жолы бола алмауы мүмкін. Мәселен, заңгер Талант Рамазанов та ауыр жаза қылмыстың алдын алуға септеспейтінін айтады. – Қылмыскерге жаза түзету үшін қол­данылады. Оны қинау мақсатында емес. Түзелуге ниеті бар адамға шындығында 3-4 жыл да жеткілікті. Ал түрмеде неғұрлым көп отырса, «жазасын тартады» деп ойлау дұрыс емес. Мысалы, қамауда 10 жыл отырған адамға мерзімнің ұзақтығы кері әсер етіп, ол қылмыс жасауын доғармауы мүмкін. Себебі босағаннан кейін қоғаммен үйренісе алмайды. Сондықтан Қылмыстық кодекс­тегі адам саудасына байланысты баптарды жеңіл деу – жаңсақтық. Мем­лекет жазалау­шы емес, түзетуші болуы тиіс, – дейді маман. Жалпы, адам саудасына келгенде аса бір тиімді тәсілдердің болмай отырғанына статистиканы да дәлел ретінде алсақ болады. Біріккен Ұлттар Ұйымының адам саудасы жөніндегі санағына үңілсек, әр жыл сайын 10-20 мың адам құрбан болады. 2003-2017 жылдар аралығында жалпы әлемде 236 мыңнан астам адам саудасының құрығына түскен. Бірақ сарапшылар шынында бұл сандар айсбергтің ұшы ғана екенін баяндайды. Олардың есебіне сай, әр жылы адам саудасының түрлі формасын қосқанда 4 миллион адам жапа шегеді. Айтпақшы, адам саудасының көптеген түрі бар. Кең жайылғандары – адам органын саудалау, құлдыққа жегу және жыныстық сипаттағы «қызмет көрсетуге» мәжбүрлеу. Соңғы түрі адам саудасы қылмысының 60 пайызын қамтып тұр. Негізі, адам саудасының құрбаны болатын отандастарымыз көбіне Оңтүстік-шығыс елдеріне асып жатады. Содан болар, көбіне қазақстандықтар адам саудасы белең алған аумақ ретінде шығыс елдерін таниды. Былтыр күз айының басында қазақ қыздарын Бахрейнге саудалаған қылмыстық топ әшкере болды. Дегенмен сол қылмыстық топтың құрамында өз азаматтарымыз да жүрген. Ал Айтпаеваның өлімінен кейін жастардың көбі қызығатын Еуропа мен батыс елдерінде де  адам саудасы өршіп тұрғандай әсер алдық. Күмәніміз жалған болмапты. Мәселен, БҰҰ 14 жылдың ішінде 236 мың қылмыс тіркегенін айттық. Соның 104 мыңы Еуропа елдерінің үлесінде. Әсіресе, Шығыс Еуропа елдерінің қарқыны қатты. Алайда қай елді болсын ақтап алғымыз келмейді. 55 мыңнан аса сауда шығыс елдерінің еншісінде. Америка да қалыспай 44 мың қылмыс тіркеген. Қалған бөлігі Африка мен Аустралияға тиесілі. Қорытар болсақ, жер бетінде бұл келеңсіз құбылыстан ада мекен жоқтай. Мол ақшаға деген қызығушылық кім-кімді де арбап түсіретіндей. Әйтпесе, қай адам бостандығын саудалар дейсіз. Біздің пайымдауымызша, адам өз қауіпсіздігін аз да болса өзі бақыласа керек. Яғни, жеңіл ақша ұсынғанның жетегінде кетпеу басты талаптың бірі.

Мадияр ТӨЛЕУ