Кәсіпкерлер құқығы қорғалады
Кәсіпкерлер құқығы қорғалады
250
оқылды

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер пала­тасы мен Алматы облысының прокуратурасы арасындағы ынты­мақ­тастықты жүзеге асырудың Жол картасы аясында жүргізілген жұмыс­тар нәтижесінде жыл басынан бері 1 300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Бұл туралы Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының өңірлік сектор меңгерушісі – Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директоры­ның құқықтық мәселелері жөніндегі орынбасары Қанат Қабдиев мәлім­деді.

2021 жылдың басында өңірлік кәсіп­керлер палатасы мен облыстық прокура­тура арасында бірлескен ынтымақтастық туралы Жол картасына қол қойылған болатын. Жол картасы аясында кәсіпкер­лердің құқықтарын қорғау мен оларға қатысты заңсыз деректердің  жолын кесу бойынша бірлескен іс-шараларды жүзеге асыру көзделген. Бизнес өкілі кәсіпкерлер палатасына немесе прокуратура орган­дары­на жүгінген жағдайда, өтінішті қарау қорытындысы бойынша «Атамекен» ӨКП сараптамалық қорытынды дайындайды, прокуратура қорытындыны  зерделеу нә­ти­жесі бойынша прокурорлық қадағалау және ден қою актілерін енгізеді. «Биылғы жылдың бірінші тоқсанында облыс прокуратурасымен бірге кәсіпкер­лерден түскен  жеке білім беру, мемлекеттік сатып алу, мониторинг   мәселелері бойын­ша өтініштерді қарадық. Нәтижесінде, 1 356 кәсіпкердің құқығы қорғалды, соны­мен қатар прокуратура тарапынан бірқатар ұсыныс енгізіліп, төрт лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – дейді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқық­тарын қорғау жөніндегі уәкіл аппаратының өңірлік сектор меңгерушісі – Алматы облысы кәсіпкерлер палатасы директоры­ның құқықтық мәселелері жөніндегі орынбасары Қанат Қабдиев. Еңбекшіқазақ ауданының прокура­турасы жекеменшік балабақшаларға қатысты облыстық мәслихат жанындағы тексеру комиссиясының 72 заңсыз тексе­рісін алып тастады. Тексеру комис­сиясының №6 НК бұйрығын (сыртқы мемлекеттік аудит жүргізу қағидаларын) бұза отырып, тексеру жүргізу туралы тағайындау актілерінде белгісіз кезең көрсетілген, бұл жағдай қағидалардың нормаларына қайшы. Жыл басында 700-ден астам жекеменшік балабақша мем­лекеттік білім беру тапсырысын орналас­тыру бойынша келісімшарт жасасу мәселесімен өтініш білдірген болатын. Алматы облысының Білім басқармасы Білім және ғылым  министрлігі бұйры­ғының жаңа нормаларын ескеріп, барлық балабақшалармен келісімшарт жасады. Талдықорған қалалық прокуратурасы қала әкімі аппаратымен мемлекеттік сатып алуға қатысқан 23 қатысушының кепілдік жарналарын қайтармау дерегін анықтады. Кәсіпкерлік субъектілер шарттар шең­берін­дегі міндеттемелер толық көлемде орындағанына қарамастан, осындай келеңсіздіктерге жол берілген. Ал  Қарасай және Ұйғыр аудандарының учаскелік полиция инспекторлары алты кәсіпкердің қызметіне дербес заңсыз тексеру жүргізіп, кәсіпкерлердің құқық­тарын бұзған. Полиция тарапынан әкім­шілік жауапкершілікке тарту үшін сани­тарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызме­тіне жіберілген материалдар кері қайтарылды. Осылайша, прокурорлардың қадағалау актілері бойынша бизнес субъек­тілерін әкімшілік жауапкершілікке заңсыз тартуға байланысты көптеген деректің  жолы кесілді.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы