Биыл оқушылар арасындағы республикалық олимпиада жылдағыдан өзгеше, онлайн форматта өтті. Білімділер бәйгесінде маңғыстаулық оқушылар командалық есепте үздік үштіктен көрінді.
Олимпиада жүлдегерлерін марапаттауға арналған онлайн жиында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жеңімпаздарды жетістіктерімен құттықтап, ұстаздары мен ата-аналарына алғысын білдірді. «Бұл біздің балаларымызды білім нәрімен сусындататын ұстаз еңбегінің жемісі деп білемін. Сондықтан мұғалімдерге ризашылығымды білдіргім келеді. Баласына үнемі қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беретін ата-ана да маңызды рөл атқарады. Осы ретте дарынды оқушылардың ата-аналарына жас ұрпаққа берген тәрбиесі үшін алғыс айтамын», – деді министр. Кездесуге Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, басқарма басшылары, мектеп директорлары және жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада жеңімпаздары қатысты. Жиын барысында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратова жеңімпаз оқушыларға І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдар мен медальдар табыстады. Білімділер сайысында Маңғыстау облысының командасы 29 медаль иеленді, оның 5 алтын, 6 күміс, 18 қола медаль. Жарысқа қатысушылардың жартысынан көбі жеңімпаздар қатарынан көрінді. Оқушылар жаратылыстану-математикалық бағыт пәндерінің сапасы бойынша 8 орынды, қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 6 орынды иеленді. Сонымен қатар жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінде үздік нәтиже көрсетіп, ІІІ орын иеленген Маңғыстау облысының командасына «Ең үздік олимпиадалық команда – 2021» номинациясы табысталды. Осы жарыста ІІ орын алған «Білім – инновация» лицей-интернаты «Үздік олимпиадалық мектеп – 2021» номинациясы және Мұнайлы ауданының №3 мектебі «Үздік ауыл мектебі – 2021» номинациясы бойынша марапатталды. Жиын соңында олимпиада жеңімпаздарына бейнефильм көрсетіліп, Білім және ғылым министрі қатысушылармен әңгімелесті. Сондай-ақ оқушылар өз идеяларымен бөлісіп, ұсыныстарын білдірді.Мәдина КЕРІМҚҰЛ, Маңғыстау облысы