29 мамырда бірінші жартылай орта салмақта өнер көрсететін қазақстандық кәсіпқой боксшы Батыр Жүкембаев (18-0, 14 КО) Лос-Анджелесте Пуэрто-Рико өкілі Сабриэль Матиаспен (16-1, 16 КО) кезекті айқасын өткізеді. Жекпе-жекке дайындық барысы туралы боксшымен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Батыр, сіз бұған дейінгі кездесулеріңіздің барлығын Канадада өткіздіңіз. Көптен күткен Америкадағы алғашқы айқасыңызға дайындығыңыз қалай? Сабриэльдің мықты, осал тұсын зерттей алдыңыз ба? Қарсыласыңыз туралы не айтасыз? – Барлық қарсыласыма үлкен құрметпен қараймын. Аллаға шүкір, дайындық ойдағыдай өтіп жатыр. Бапкерім Мэни Роблес өзінің ақыл-кеңесін айтып, нұсқауын беруде. Сонымен қатар соққы техникасы бойынша жұмысымды жақсарту үшін қазақстандық бапкер Қанат Алтаевты АҚШ-қа шақырдық. Мадияр Әшкеев те маған функционалды дайындықта көмектесуде және өзінің тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Өздеріңіз жақсы білесіздер, мен үшін бұл жекпе-жек АҚШ-тағы дебюттік кездесу болмақ. Жартылай орта салмақта Әлем чемпионы титулына үміткерді анықтау үшін өтетін жекпе-жек IBF-тен «төрттіктің турнирі» деп аталатын кеш аясында ұйымдастырылады. Бұл жекпе-жекті әйгілі әлемге танымал америкалық шоутайм телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Лос-Анджелестегі Dignity Health Sports Park арена 27 мың адамды сыйдыра алады. Сол кездесуді «Хабар» телеарнасы да тікелей эфирден көрсетеді. Қарсыласым қарымды. Бірақ ол да бұған дейін мен секілді боксшымен әлі кездескен жоқ. Сондықтан бокс жанкүйерлері бұл күні тартысқа толы айқас көруге асық. Дебютті кездесуімді жеңіспен аяқтауға барымды саламын.Жылдың аяғына дейін 2-3 жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырмыз. Сабриэль Матиас арасындағы жекпе-жекте жеңіске жетсем үлкен кездесулерге, чемпиондық айқастарға жол ашылады.
– Бір сұхбатыңызда осы жылы үш-төрт жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырғаныңызды айтыпсыз. Ал өткен жылы бір кездесудің куәсі болдық. Алдағы уақытта қай боксшылармен кездескіңіз келеді? 2021 жылы қандай белестерді бағындыруды мақсат тұтып отырсыз? – Өздеріңіз білесіздер, жылдың басында Америкаға виза жасаттық. Командада көптеген өзгеріс болды. Ең бастысы, жаңа бапкермен келісімшартқа отырдық. Қазір жаңа менеджермен жұмыс істеудеміз. Америкаға қоныс аударуға да біраз уақыт кетті. Жылдың аяғына дейін 2-3 жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырмыз. Сабриэль Матиас арасындағы жекпе-жекте жеңіске жетсем үлкен кездесулерге, чемпиондық айқастарға жол ашылады. Басты мақсатым – IBF тұжырымы аясындағы қойылған жоспарды орындау. – Бұған дейін өткізген 18 жекпе-жектің бәрінде жеңіске жетіп, оның 14-ін уақытынан бұрын аяқтадыңыз. Алдағы жауапты айқастарда да сәттілік тілейміз. Ендігі кездесулеріңізді АҚШ-та өткізесіз бе? Канадағы өмір ағыны, жаттығу жұмыстары, жекпе-жектер өміріңізге қаншалықты өзгеріс әкеле алды? – Қазір 18 жекпе-жектің барлығы бүгінге дейін жүріп өткен жолым десе де болады. Біз оған үлкен еңбектің арқасында жеттік. Менің бұл деңгейге көтерілуіме командаластарымның сіңірген еңбегі орасан зор. Ал Сабриэльмен кездесу – бұл менің мансабымдағы екінші бір жаңа кезең. Қазір мен әлемнің қай түкпірінде болса да жекпе-жек өткізуге дайынмын. Негізгі мақсаттың бірі – америкалық бокс нарығын бағындыру, BATYR 777 брендін дүниежүзіне танымал ету. Бұл үшін жаңа менеджер де, бапкер де, бүкіл команда бірлесе жұмыс істеп жатыр. Оның нәтижесін алдағы уақытта көретін боласыздар. – Жекпе-жек алдында жанкүйерлерге айтар тілегіңіз. – Әрқашан жанкүйерлеріме үлкен құрметпен қараймын. Олардың маған қолдау көрсетіп, менің мансабымды жіті қадағалап жүргенін де сеземін. Әрқайсысының қолдауы маған үлкен шабыт сыйлайды. Көптеген қазақстандық кезекті жекпе-жек алдында маған сәттілік тілеп, сенім артып отыр. Бұл мені шабыттандырады. Америкадағы айқасымды асыға күтіп, тақым қысып отырған жанкүйерлерімді қуантуға тырысамын. – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Абылайхан ЖҰМАШ